«Коррупция» термині латын тілінің «corrutpere» деген сөзінен шығып, мағынасы жағынан «мемлекет организмін, қоғамдық қарым-қатынастарды бұзу» дегенді білдіреді, «параға сатып алу» терминімен сәйкес, яғни лауазымды тұлғаның өз билігі өкілеттігі мен сеніп тапсырылған құқығын заңға және моральдық нормаларға қайшы келетін өтірік айту, бопсалаушылық, сөзбұйда жасау жолдарымен жеке бас пайдасы үшін пайдалануы. Көбіне бұл термин бюрократиялық аппаратқа және саяси элитаға қатысты жиі қолданылады. Осыған сай термин әдетте бастапқы латын сөзінің бірінші мағынасынан шығатын кең мағынаға ие, әдепсіздік тәртіпті білдіреді.
Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген: бұл – «...жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы». Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану.
Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы 01 ақпандағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесінде» халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның қауіпті дерті. Осы заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, халықтың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дерттің алдын алудың, оны жоюдың тетігі халықтың өзінде. Сондықтан, әрбір саналы азамат осы дертке қарсы шығуы қажет. Ел мүддесі – әр азаматтың өз қолында.
Р. Жиенбаева,
Саран қалалық қазынашылық басқармасының басшысы