ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ 2 ҚЫРКҮЙЕГІНДЕ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ҚАЗАСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ТІЛДЕРІ КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАРСАҢЫНДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ БІР МЕЗЕТТЕ ЖАЛПЫОБЛЫСТЫҚ ДИКТАНТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.
Шара жалпыоблыстық болғандықтан Қарағанды өңірінің барлық қалаларында, аудандарында қазақ тілінде этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары өкілдерінің, студенттер, оқушылар, қоғам белсенділерінің қатысуымен өтті.
Ашық диктанттың мақсаты - мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Осылайша диктантқа қатысушылар өз білім деңгейлерін және қаншалықты сауатты жазатындықтарын тексеруге мүмкіндік алды, қоғамның жаңа талабына сай сауатты болудың маңыздылығына баса назар аударылды.
Шараға Саран қаласы бойынша 905 адам қатысты. Диктанттың тақырыбы – «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы». Қатысушылар арнайы белгіленген аудиторияларда мәтінді тыңдау арқылы жазды.
«Дүниенің бәйгесінен қалмау үшін, біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін қастерлеуде, ұлттық тілін ұлықтауда, Қазақстанды бір ғана Отаным деп білетін олар ұлы халықтың ұлы құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіріп өсіруі тиіс. Қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын кезеңін реформалар негізінде жақындатуымыз керек. Ал бүгінгі өткізіліп отырған жалпыоблыстық диктант – осы реформа жолындағы игі қадамдардың бірі десек те болады», - дейді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің тіл маманы Динара Жупенова.
Иә, тіл қандай ұлтта болмасын әрқашанда қасиетті де құдіретті. Ол әрбір адамға ананың ақ сүтімен дарып, мәңгілік қалыптасады. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмасы көрінген келбеті ретінде де тіл арқылы жасалған. Тіл арқылы өмір сүреді, ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп, ұлттық тұтастықты сақтайды. Сондықтан да тіл адастырмас темірқазық іспеттес.
Қазақстан әр тілде сөйлейтін халықтардың басын біріктіріп отырған мемлекет. Сондықтан да ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін қазақ тіліне құрметі шексіз болып, қазақ тілін меңгеруде ықыласы бөлек болуы тиіс.
Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА