Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ПАРАНЫ АЛҒАН ДА, БЕРГЕН ДЕ АДАМҒА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАҢДАРЫНА АЛЛАНЫҢ ЛАҒЫНЕТІ БОЛСЫН», ДЕГЕН ХАДИСТЕ. ИӘ, ҚҰДАЙДАН ҮМІТІ БАР АДАМҒА ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (С.Ғ.С) ОСЫ СӨЗІНІҢ ӨЗІ ЖЕТКІЛІКТІ БОЛАР ЕДІ. БІРАҚ, ӨКІНІШКЕ ОРАЙ ШАРИҒАТТЫҢ БҰЛ ЕСКЕРТПЕСІ ПЕНДЕНІҢ ЖҮРЕГІНДЕ ЕМЕС, ТІЛІНІҢ ҰШЫНА ІЛІНІП, ТЕК СҰЛУ СӨЗДІҢ СӘНІНЕ АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ. ЖЕГІ ҚҰРТТЫҢ ЖЕР БЕТІНДЕ ЖЕТПЕГЕН ЖЕРІ ҚАЛМАДЫ БҮГІНДЕ. ОСЫНАУ ДҮНИЕЖҮЗІ ХАЛҚЫНА ОРТАҚ ІНДЕТКЕ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАНША ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРІП, ПАРАҚОРЛАРҒА ҚАТЫСТЫ НЕШЕЛЕГЕН АУЫР ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАП ЖАТСА ДА, ҚОҒАМДА ӘЛІ КҮНГЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРТІН ЖОЮ МҮМКІН БОЛМАЙ ОТЫР.

Тұтас елдің дамуына кері әсерін тигізіп, бүтіндей жұрттың тамырына балта шабатын сыбайлас жемқорлық індетін жою мақсатында өткен аптадағы 8 қыркүйекте қалалық мәдениет үйінде кең көлемдегі дөңгелек үстел болып өтті. «Сыбайлас жеқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру» тақырыбында өткен алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ағартушылық штабының мүшелері, қаланың құрметті азаматтары, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңестер, этномәдени бірлестіктер, шығармашылық интеллигенция мүшелері қатысты.

               Игі шараның шымылдығын түрген Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Төртбаева Ғалия Әнуарбекқызы жер бетінде жауламаған жері қалмаған қоғамдық жегіқұрт жемқорлықпен күресудің маңыздылығына баса назар аударды.

Одан кейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ағартушылық штабының мүшелері Камали Жібек Камалиқызы, Әбишев Жомарт Сүлейменұлы, Мұстафин Серік Хамзеұлы сөз сөйлеп, өз сөздерінде өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген нөлдік төзімділіті қалыптастыру мен отбасылар мен мектептердегі адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастырудағы тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.

Мәселен, жиын барысында Мустафин Серік Хамзеұлы өз сөзінде Абайдың сөздерін сыбайлас жемқорлық төндіретін қауіп-қатер туралы айтылған Хәкім Абайдың даналық сөзедірене тоқталып өтіп, жемқорлықтың қоғам, мемлекет және өскелең ұрпақтың дамып жетілуіне әкеп соғатын рухани кедергі деген қорытынды келтірді.

               Ал  Әбішев Жомарт Сүлейменұлы болса, өз сөзінде тәрбиенің жарқын мысалдарынан қисынды пікір келтірді.  сонымен қатар, ол таза ар-ұжданның қашан да басымдыққа ие болатындығын және сыбайлас жемқорлықтың соңы  орны толмас жазаға әкеп соғатынын атап өтті.

«Сарыарқа - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Күсенбаева Малика Манатқызы өз кезегінде келесі практикалық ұсыныстарды атап өтті:

  1. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының облыста сапалы орындалуын қамтамасыз ету.
  2. Мүдделі тұлғалармен, соның ішінде «Адалдық алаңы» мекемесінің кеңселерімен бірлесіп, өңірдегі күнделікті сыбайлас жемқорлықты жою бойынша тұрақты ауқымды жұмыстарды жүргізу.
  3. Облыстағы көрсетілетін қызметті берушілермен мемлекеттік қызметтерді көрсету регламенттерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стандарттарына келтіру.
  4. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жалпыға бірдей терең түсінуге және облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлық пен тұтастық идеологиясын қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру.
  5. Облыстың жергілікті атқарушы органдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органның реакциясымен азаматтық қоғам институттарының тақырыптық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг-секциялар өткізуін ынталандыру.
  6. Сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім деп аталған салалар мен мемлекеттік органдар немқұрайлы қызметкерлер мен элементтерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзіндік құралдары бар қылмыстық схемаларды анықтау бойынша күш-жігерін арттыру.
  7. Арнайы интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарында бюджеттерді орналастыру және бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпаратты жариялау бойынша жұмыстың қарқындылығын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, Саран қаласының Құрметті азаматы және Саран қаласының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Аброев Болат Айтмағамбетұлы, Саран қаласының Құрметті азаматы, Ақтас кентінің Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сейтқазина Рымтай Отарқызы, Саран қаласының Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы Жүсіпбекова, Саран қаласының қоғамдық кеңесінің өкілі Савчин Ярослав Николаевич те өз пікірлерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелдің басқа да қатысушылары шара барысында өз белсенділіктерін танытты, неге десеңіз, аталған іс-шарада көтерілген мәселелер тек біздің шаһар үшін ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғам үшін де өзекті екені мәлім. Себебі мұқым қазақ елі сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол берілмейтін жаңа қоғам құру жолына бел шеше кіріссе керек-ті.

Іс-шара барысында қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары талқыланды. Дөңгелек үстел қорытындылай келе, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Ал ең соңында барлық туындаған сұрақтар бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА