Бүгін: 09.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл – алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, әдебиеттанушы ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы – ахмет байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Саналы ғұмырын ағарту саласына сарп еткен ұлы тұлғаның қазіргі білім беру жүйесінің қалыптасып дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Мұны білім беру саласының мамандары ғана емес, еңкейген қарттан мектеп табалдырығын енді аттаған оқушы балаға дейін біледі.

Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің алғашқы авторы және ұлт мақтанышы. Оның қазақ халқына арнап «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектер мен түрлі хрестоматияларды жазған. Әдістемелік құралдары әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдардың қолданысына ие.

Қазақ сөзінің қисынын (теориясын) қиыстырып, көркем сөйлеу тілін ғылым тіліне айналдырып, тіл-құрал етіп әдіптеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінде де көшбасшы болып, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің негізін қалады. Әлем қаншалықты дамыса, Қазақстан республикасы көштен қалмай іргелесіп соншалықты дамып келеді. Еліміздің алға қояр мәселелерінің бірден–бірі ол тіл. Осы орайда айтар болса, барлығымызға мәлімі қазақ әліпбиін латын қәрпіне көшіру мәселесі еді.

Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Қарусыз-ақ сөзбен адам өлтіретін Ахмет қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген халықтың рухани жетекшісі. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен.

Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады. Ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ балалары көзі ашық, сауатты азамат болып шығуға септігін тигізген. Қазақ тіліндегі әліпби осы сөздердің бәріне дәлел. Тек қана кітап жазумен тоқтамаған Ахмет, орыстың белгілі жазушыларының еңбектерін ана тілімізге аударып, өзінің халыққа, шамшырақ екенін дәлелдеп өткен. Халықтың білімді болуына, сауатын ашуға көп көмек көрсеткен. Бұрынғы қарапайым қара сөздерді жаңғыртып, халық санасына қалыптастыру басты мақсаттарының бірі. Көкейіндегі түйілген ойды ана тіліндегі асыл, ұтқыр сөздермен жеткізе білген. Өлеңдеріндегі сөздердің өзі адам көңіліне талпыныс, алға қарай жол бастап, көш артында қалып қоймауға себепші болған. Қазақ тілін болашақ ұрпақтарға дамыта түскен қалпында, басқа тілдерден биігірек ұстап, тазалығын сақтауға демеу болды. Қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танудағы қызметі қазіргі мектептерде қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған әдеби-теориялық терминдер осы күнге дейін өмірін жалғастыруда. Бұның бәрін әдебиетші Ахметтің қымбат, алтын, гауһардай асыл сөздері мен тәлім-тәрбиеге толы, адамдық қасиеттерді сипаттап жазған өлеңдері бәрі-бәрі болашақ ұрпаққа келешегіне керек, нұсқау болатын түзу жол емес пе?! Қазақ тілін әсем сөздермен әшекейлей білген Ахмет өз еңбектерімен басқа да елдерге танымал бола білді. Өзі де басқа халық ақындары мен жазушыларының жақсы деген өлеңдері мен мысалдарын өз ана тілімізге аударып кетті. Артына өшпес із қалдырды.

Ахмет қазақ әліпбиінің атасы, түркі тілтану ғылымының ағартушысы. Ахметтің мұрағаты жаңа уақыт, жаңа заманға, халқына қызмет етуде. Ахметтің ілімдері – әлі зерттелетін үлкен ғылым. Ахмет Байтұрсыновтың ұлтым деп соққан жүрегі, үлгі-өнегесі – қазіргі жаңа заманға өте керек. Ол білім-ғылымнан кенже қалған, мал бағып, марғау жатқан қазақ халқын сол қаранғылықтан маса болып ызыңдап оятып, алып шығуды күрес жолының мақсаты етіп қоя білді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терминдерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты.

ХХ-шы ғасыр басындағы қазақ елінің ұлттық ғылымында жүргізілген жұмыстардың бір саласы – оқулықтар жасау болғаны белгілі. Сол тұста елімізде жаңадан ашылып жатқан жоғары оқу орындарын есептемегенде, мектеп оқулықтарының өзі де жоқтың қасы болатын. Қазақ тіл білімі мен әдебиетте сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, түрлі оқулықтар жасаудың да қажеттілігі сезіліп, маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста – А. Байтұрсынұлы оқулықтар жазу мәселесіне өте жауапкершілікпен ұлт мүддесі тұрғысынан қараған. Ол патша заманында қазақ жұртының қажетін өтеген кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған, төтеден жол іздеген. Қазақ жұртының төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны «әліпби» етіп алу керектігіне зор мән берген. Әрі осы жолда тыңнан түрен салды.

А. Байтұрсынұлы ұлт жазуының таңбасын алуда аса сақтықпен «қазақ ұлтының болмысын жоғалтпайтын, дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын, әрі ислам дінінің уағызы арқылы келген араб графикасын таңдады. Сонымен қатар, ежелден келе жатқан қадим жазуындағы дала ғұламаларының зерттемелерін де негізге алды.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов ана тіліне әлеуметтік лингвистикалық тұрғыда ерекше мән берген. Ол: «…һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу – сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз», - деген еді.

Сондықтан «Атаның аздырмай берген  мүлкін, қолымызға алып быт – шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас»,- деп білеміз. Осы орайда, А.Байтұрсынұлындай дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс.

Б. Жұмаділова,

№ 7 мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі