Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫН ТҮСІНДІРУ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТТАУ ТОПТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАП ТА КЕТТІ.

Өткен аптадағы бейсенбіде Саран қалысының «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығында облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Саран шаһарының жұртшылығымен кездесті. Аталған кездесуге қоғамдық пікір көшбасшылары, білім саласының, шығармашылық интеллигенция, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қала жастары қатысты.

Ал облыстық ақпараттық-насихаттау тобының құрамында Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша Саран қалалық филиалының төрағасы Гүлзият Ханафина болды. Президенттің Жолдауы талқыланған басқосуда Саран қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина модератор болып, алқалы жиынды жүргізіп отырды.

Ақпараттық топ мүшелері өз баяндамаларында мемлекет басшысының Жолдауында айтылған экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталды.

Мәселен, Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Науқанбайқызы отырыстың басты мақсаты елімізде қолға алған реформалардың мән-мағынасын, Жолдаудың басым бағыттарын қоғамға жеткізіп, халықты ұйыстыру, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қоғаммен бірлесіп ықпал ету екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының ауқымы кең, мазмұны ерекше. Жолдауда көтерілген байыпты бастамалар қордаланған мәселелердің шешу жолдарын айқындап, мемлекетті одан әрі жаңғырту ісіне жаңа міндеттер қойып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға леп береді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – аманатқа адал, еңселі ел болу жолындағы айқын мақсат», – деді Бақтыгүл Әдекенова.

Сонымен қатар, Бақтыгүл Науқанбайқызы Жолдаудағы білім саласына қатысты қозғалған мәселелерге тоқталып, осы бағытта атқарылған ауқымды істер мен межелі міндеттер туралы да тілге тиек ете кетті.

«Білім беру жүйесінің басты міндеті – балалардың барлық деңгейлерде лайықты және қолжетімді білім алу құқықтарын іске асыру. Бірінші кезекте – бұл сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету. Бұл міндетті шешу үшін биыл біздің облыста 2 мыңға жуық орын ашуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін тағы 9 мыңға жуық орын ашу көзделген.

Сонымен қатар, білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Тәрбиешілердің 60% - дан астамының біліктілік санаты бар. 2021 жылдан бастап 894 тәрбиеші жаңа нысан бойынша аттестаттаудан өтті, осыған байланысты 30-дан 50% - ға дейінгі жалақыға тиісті қосымша төлем алады. Соңғы 3 жылда педагогтардың жалақысы 75% - ға  ұлғайғанын және облыс бойынша орташа жалақы 88 мыңнан 155 мың теңгеге дейін өскенін атап өту қажет», - деп атап өтті Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Бұдан бөлек, бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны 88 мыңнан астам баланы құрайды екен, оның ішінде 73 мыңға жуығы бастауыш сыныптардағы балалар дейді облыстық ақпараттық топ мүшесі Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Барлық балаларды жалпы білім беру кеңістігіне қосуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда Бақтыгүл Науқанбайқызы келесідей мәлімдеді:

«Осы жылы арнайы ұйымдар желісі тағы 6-ға ұлғаяды, оның ішінде облыста алғашқы аутизмі бар балаларды қолдау орталығы және Шахтинск қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия, Саран қаласында Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Қарағанды қаласында инклюзияны қолдау 3 кабинеті ашылады

Ал балаларды тәрбиелеудегі отбасының рөлін арттыру мақсатында 398 мектепте мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» сынды нысандары енгізілді», -дейді ол.

Сөз соңында Бақтыгүл Науқанбайқызы білім беру жүйесін дамыту бойынша осы тектес жұмыстар әрі қарай да  жалғаса беретінін жеткізді.

Өз кезегінде, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша Саран қалалық филиалының төрағасы Гүлзият Ханафина Президент Жолдауында айтылған мәселелерді халыққа жеткізу – басты мақсат екенін жеткізді. Маңызды құжаттағы ойларды ортаға салып, оны жүзеге асыру мәселесіне мән беру қажет екенін атап өтті.

«2022 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы оның бұрынғы Жолдаулары мен Қазақстан экономикасының бағдарын белгілеген басқа да тұжырымдамалық сөздерінің жалғасы іспеттес. Біріншіден, мемлекет басшысы экономикалық саясаттың негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін бірден айтты. Бұл, негізінен, оның сөйлеген сөздерінің дәстүрлі хабары және бұл мақсат Үкіметтің жұмысы мен жалпы экономикалық саясаттың басымдығы ретінде бірнеше рет айтылды», - деді өз баяндамасында Гүлзият Келдібекқызы.

Сонымен қатар ол Жолдауда айтылған тілге қатысты ойлардың маңыздылығына мән берді.

«Президент қозғаған тіршілік әрекеті салаларының барлық аспектілері өте маңызды. Негізгі басымдықтардың бірі - тіл саясаты.

Өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейетіні анық. Жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың, Абай айтқандай, ғылымды толық игеруіне, өз тілін құрметтей отырып, шын мәнінде полиглот болуына жағдай жасасақ, ел дамуына қосқан батпандай үлесіміз болары сөзсіз», - деп атап өтті «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша Саран қалалық филиалының төрағасы Гүлзият Ханафина.

Сөз соңында, жиынды қорытындылаған жастар орталығының басшысы Сәнді Далабайқызы жұртшылықты мемлекет басшысы межелеп берген бағытты нық ұстап, экономикамызды жақсарту жолында жұмылған жұдырықтай жинақы жұмыс істеуге, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Казыбек ЕГЕМБЕРГЕНОВ