Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

үстіміздегі жылдың 14 қыркүйегінде САРАН ШАҺАРЫНДАҒЫ № 17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҒИМАРАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІНЕ ЖӘНЕ ҰЛТ ҰСТАЗЫ, ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, АЛАШТЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АХМЕТ ТАҒЫЛЫМЫ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ.

Тіл білімінің атасы Ахаңның мерейтойына арналған тағылымда шараны Қарағанды облысы білім басқармасының мұрындық болуымен Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Саран қаласының білім бөлімі ұйымдастырды.

Форумға Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистірі Абдикерова Бақытгүл Химальдиновна, Орталық Қазақстан академиясының академиялық проректоры, филология ғалымдарының кандидаты Тлеубекова Ботакөз Тұрғанбайқызы, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология  ғалымдарының кандидаты Қалиев Бектұрсын Аманқұлұлы, «Саран қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақтыбаев Арман Болатұлы шаһардағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, жалпы білім беретін мектеп директорлары, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының және қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, білім бөлімінің бас мамандары, әдіскерлері, Саран, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, қалалары мен Абай ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық форум мектеп-гимназиясының акт залында өткен «Ахметтің аманаты» тақырыбындағы форумның ашылу салтанатымен түрілді. Игі шара барысында Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев пен Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Абдикерова құттықтау сөздерімен форумның шымылдығын түрді.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл елімізз «Алаш» қозғалысының қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтуде. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне, болашағының баянды болуына адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері. Жазықсыз «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген қайраткердің артында қалдырған мол мұрасы – сарқылып бітпес қазына. Ал бүгінгі мына 17 мектеп-гимназиясының базасында біз ұйымдастырып отырған форум облысымыз үшін абыройлы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шаралардың бастауы болмақ, – деді өз құттықтау сөзінде қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы, елді біліммен сусындатқан ағартушы, ана тілімізді түрлеуші, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін әлемдік деңгейде насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу керек.

– Біз Алаш қайраткерлерінің дара жолынан өнеге алып қана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз. Өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі. Біз – сол Ахаң дәл жеткізіп айтқан ертеңде өмір сүріп жатқан және оны болашаққа жалғайтын ұрпақпыз. Ендеше ұлт ұстазының есімін ұлықтау – қашанда ізгілікті іс екені сөзсіз. Мұны жас ұрпақ та жақсы түсінетіні қуантпай қоймайды. Ахмет Байтұрсынұлын ұлықтаудың жақсы үлгісін Саран жұртшылығы көрсетуде, – деп атап өтті өз құттықтау сөзінде Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Абдикерова.

Осыдан кейін шараның пленарлық отырысы бастау алады. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы ғылыми көзқарастармен, тың деректермен көпшілік қауымды хабардар ету мақсатында Жоғары оқу орындарының ғалымдары: Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды универитетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бектұрсын Қалиев «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілінің дыбыс жүйесі» тақырыбында, Орталық Қазақстан академиясының проректоры, ф.ғ.к. Ботакөз Тлеубекова «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тұңғыш профессоры» тақырыптарында баяндама оқыды. Ал Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының басшысы Береке Жарылғапова қатысушыларға «Ахмет Байтұрсынұлы және латын әліпбиі» тақырыбында тренинг жүргізді.

Форумның екінші бөлімінде Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын ашу, жас ұрпаққа дәріптеу, озық іс-тәжірибені тарату мақсатында үш тілде кіріктірілген ашық сабақтар, шеберлік сыныптары өткізілді.

Сондай-ақ білім ошағының 2 қабатындағы оң жақ қанатта орналасқан залда «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың рухани көсемі» тақырыбында көрме ұйымдастырылады.

Халқымыз өзінің тарихында ерекше орыны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдығын атап өткенін баршаңыз жақсы білесіздер. Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, облысымыздың зиялы жандары мен шаһар жұртын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Сол себепті де Ахаң аңсаған тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойына арналған форумда бас қосты.

Ахмет Байтұрсынұлы ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым. Сонымен қатар, ол - қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.

Форум акт залында «Ахмет тағылымы» тақырыбындағы әдеби-сазды кешпен қорытындыланады.

Айта кетсек, аталған форум Саран қаласы білім бөлімінің облыстық деңгейде ұйымдастырып отырған ең алғаш шарасы емес. Осыған дейін де бөлімнің ұйымдастыруымен талай облыстық деңгейдегі форум-конференциялар ұйымдастырылып, өткізілген болатын. Солардың ішінде осындан екі жыл бұрын өткен Шығыстың Аристотелі атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әбу Насыр Әл-Фараби және өркениет» атты облыстық форумын ерекше атап өткіміз келеді.

Осы тұста білім бөлімінің араға екі жыл салып, Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейына арналған форумды жоғары деңгейде өткізуі  біздің қаламыз үшін үлкен жетістік десек артық айтпаған боламыз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ