Бүгін: 29.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТАЗАЛЫҚ – ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ», ДЕМЕКШІ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ.

Сол себепті де тазалықты жанына серік еткен сарандықтар 17 кыркүйекте шаһар бойынша санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың күзгі айлығына сәйкес сенбілік шарасына белсене араласты.

Қала көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде, қаланың кіре беріс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Атап өту қажет, сенбілік аясында қала бойынша тазалық жұмыстарына 5000 астам адам, 8 техника, әр түрлі меншік нысанындағы 50-ге жуық кәсіпорындар мен ұйымдар, оның ішінде оқушылар мен студенттер және қала тұрғындары жұмылдырылды. Тазартылған аумақтар бойынша 3 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына 180 м3 қоқыс пен күл-қоқыс шығарылды, 8 саябақта гүлзарлардағы қураған ағаштарды жинау, көгалдарды тазалау, қоқысты шығару, ағаштарды кесу сынды т. б. санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Бұл шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА