Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ХАЛҚЫМЫЗ ӨЗІНІҢ ТАРИХЫНДА ЕРЕКШЕ ОРЫНЫ БАР ЕКІ ТҰЛҒАНЫ «ҰЛТ ҰСТАЗЫ» ДЕП АРДАҚТАҒАН. АЛДЫМЕН, ӘРИНЕ, ҰЛЫ АБАЙДЫ АЙТАМЫЗ. ОДАН КЕЙІН АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЕСІМІ АТАЛАДЫ.

Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының Хәкім Абай туралы «Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қата шығарып ешкім жарыта алмайды», - деген сөздері бар емес пе?!

Міне, қыркүйек айының 15 жұлдызында ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында шаһардағы № 6 жалпы білім беретін мектебінде Абайтану кабинеті мен коворкинг орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салатанатты шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева, Мәдениет үйінің директоры Екатерина Шлома, Саран қаласының ардагерлер ұйымының басшысы Жұмабике Токушева қатысып, кабинеттің лентасын кесті.

Көркі көз тартарлық етіп безендірілген, әрқилы заманауи қондырғылармен жабдықталған кабинетке ұлы ойшылдың шығармалары қойылыпты. Енді аталмыш білім ордасының оқушылары осы жерде Хәкім Абайдың даналық хикметтерінен рухани нәр алмақ.

Абайтану кабинетін ашудағы мақсат – жас ұрпақтың бойына елін сүюдің рухани дәнін сіңіру. Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Абайтану кабинеті» – жастардың бойына ұлттық бірегейліктің саналы түрде қалыптасуына ықпал етеді. Ең алдымен халқыңды сүю, ана тіліңді білу, ұлттық дәстүрлерді бар сана-сезіміңмен қабылдау, ұлттық сана жайлы түсінік қалыптастыру, әрине, Отаныңды, өз отбасыңды қадірлей білу. Осындай асыл қасиеттерді ақын өзінің өлеңдері мен шығармаларында, қара сөздерінде тынбай насихаттады.

Шара барысында құрметті қонақтарды ұлы ақын Абай Құнанбайұлының балалық шағы мен жастық шағы және өскен ортасымен таныстыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып, Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, қадірлеуге, асыл мұрасындай есте сақтауға баулу мақсатында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Жалпы аталған мектепте пәндік саланың іргелі бөлімдерін, сондай-ақ робототехника, заманауи ақпараттық технологияларды зерттеу бойынша тереңдетілген бағдарлама қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша білім беру саласы 31 үйірме мен 10 спорт секциясымен ұсынылған.

Кабинетте Абайдың дүниетанымы туралы баяндайтын кітаптар жинақталған, олардың көмегімен мектеп ұжымы өскелең ұрпақты оның рухында тәрбиелеуді көздеп отыр.

«Бүгін Президент жариялаған балалар жылының іс-шаралар жоспарына сәйкес мектебімізде Ахмет Байтұрсынов күнін өткізу аясында Абайтану кабинеті мен коворкинг орталығының салтанатты ашылуы өтуде. Абай - өмір беретін, кең өзен. Сондықтан да Абайтану кабинетін ашу - оқушылар үшін үлкен мүмкіндік, білім өнімділігіне оң қадам. Ал коворкинг - бұл үй жағдайында немесе партада оқығаннан тыс, жұмыс жасауға жағымды және тиімді орта, сонымен қатар бұл жер өнімділік пен шығармашылықты ынталандыратын атмосфераға толы алаң. Бұл жерде оқушылардың өз армандары мен жобаларын жүзеге асырулары үшін барлық еркіндік пен мүмкіндіктер берілген. бұдан бөлек, бүгінгі таңда коворкинг-орталықтың оқу–тәрбие үрдісінің барлық бағыттарын қамтитын ауқымды жұмыс жоспары да әзірленіп қойған. Ендігі тек сол жоспарды іскер асыру қажет», - мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Антон Чагин.

Ал коворкинг орталықтың ашылуы аясында дөңгелек үстел өткізілді, оның барысында мүдделі құрылымдармен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Мектеп парламентінің мүшелері шолу экскурсиясын өткізіп, онда шығармашылық, ойын, зияткерлік алаңдар ұсынылды.

Коворкинг орталығының негізгі мақсаты - әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін оқушыларға қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру. Орталықта мектеп оқушылары мен мұғалімдері өз жобаларын, идеяларын талқылай алады, пікірталастар, семинар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастыруға болады.

«Коворкинг орталығының ашылуы аясында біз оқушыларымызға интерактивті коворкинг орталығын ұсынамыз. Бұл курстар емес, мектеп емес, достық пен жақсылық атмосферасындағы зияткерлік шығармашылықтың ерекше виртуалды кеңістігі. Интерактивтік коворкинг орталығы балалардың іс-шараларға неғұрлым мобильді және икемді қатысуына және олардың зияткерлік дамуына ықпал ететін болады. Интерактивті коворкинг орталығы мұғалімдердің қолдауымен біздің оқушылардың күшімен құрылды. Біздің оқушылар интерактивтік коворкинг орталықты белсенді пайдалана отыра, қосымша сабақтар мен үйірмелерге жазыла алады, пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға тиісті ақпарат алады деп үміттенеміз», - дейді № 6 жалпы білім беретін мектептің информатика пәнінің мұғалімі Ирина Конзаева.

Мектептің коворкинг орталығында жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет бар. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға, шығармашылық, креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мектеп ұжымы аталмыш орталық оқушылардың өз идеялары мен жобаларын іске асыра алатын заманауи алаңға айналатынына кәміл сенеді, сонымен қатар олар коворкинг орталығында жаңа білім алып, бос уақыттарын тиімді өткізетін болады деп жоспарлауда.

«Бүгін қуанышты оқиға - біздің мектепте бірден екі жаңа кабинет ашылды. Мұнда біз секілді шығармашылықпен айналысатын ұл-қыздар, тіпті біздің ата-аналарымыз да жылы  әрі қолайлы атмосферада бас қоса алады.

Коворкинг орталығының ашылуы – болашаққа жасалған үлкен қадам деп есептеймін. Жайлы атмосфера, ноутбуктер, планшеттер. Қосымша білім беру және жұмыс істеу аймағы өте жақсы. Жалпы біздің мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалып жатыр деп айтқым келеді», - деп өз қуанышымен бөлісті аталған білім ошағындағы Мектеп Парламентінің Президенті Никита.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА