«БАСҚАДАН КЕМ БОЛМАС ҮШІН БІЛІМДІ, БАЙ ҺӘМ КҮШТІ БОЛУ КЕРЕК. БАЙ БОЛУҒА КӘСІП, БІЛІМДІ БОЛУҒА ОҚУ, КҮШТІ БОЛУҒА БІРЛІК КЕРЕК. СОЛ КЕРЕКТІҢ ЖОЛЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК»
Ахмет Байтұрсынұлы
Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, «қазағым» деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған жас ұрпаққа ұлт ұстазын жан-жақты таныту мақсатында мектепшілік, қалалық, облыстық деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспары мен ережелері әзірленіп бекітілген болатын.
Осы жолға апарар алғашқы қадам ретінде, № 16 жалпы білім беретін мектепте «Тіл білімінің атасы» Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл мерейтойына арналған апталық іс-шаралар жоспары жасалған болатын.
Аталмыш апталық аясында бекітілген жоспар бойынша мектептің тіл мамандары Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралардың өтуіне белсене атсалысты.
Мәселен, қыркүйек айының 5 жұлдызында мектептің сынып жетекшілері мен қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынов» тақырыбында сынып сағаттары өтті. Тағылымды шараға мектептің 5-11 сынып оқушылары қатысты. Сынып сағаттарының алға қойған мақсаты – оқушылардың тіл туралы білімдерін жетілдіру, өз тіліне, туған жеріне құрмет көрсетуге баулу және оқушылардың азаматтық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерін, ұлттық рухани санасын, эстетикалық биік талғамын, өмірлік тәжірибесін байытып, тілімізді құрметтеп, аялай білуге тәрбиелеу болды.
Ал 6 қыркүйекте қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен мектептің 5-11 сынып оқушылары арасында «Ахмет – ұлт ұстазы» атты эссе жарысы өтті. Ондағы мақсат – оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, жазба тіл байлықтарын дамыту, білім өрістерін кеңейту болды.
Одан кейін, 7 қыркүйекте қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен мектептің 5-11 сынып оқушылары арасында «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты әдеби кеш, ал 8 қыркүйекте «Ахмет баланың көзімен» атты суреттер сайысы өтті.
Алаш арысының 150 жылдық мерейтойына арналған апталық 9 қыркүйекте мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен «Ахмет Байтұрсынұлының даналық тағылымдары» тақырыбындағы конференциямен жалғасын тапты. Игі шараға 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Ал 12 қыркүйекте қазақ,ағылшын, орыс тілдері мұғалімдерінің мұрындық болуымен мектептің 5-11 сынып оқушылары арасында «А.Байтұрсынұлы және қазақ жазуы» атты дөңгелек үстел өтсе, қыркүйек айының 13 жұлдызында «Тілің –сенің тірегің» атты әдеби жәрмеңке, 14 қыркүйекте «Тілге құрмет-елге құрмет!» атты өзге ұлт өкілдері арасында челлендж, 15 қыркүйекте «Ұлттың ұлы ұстазы» көрме,экскурсиялар ұйымдастырылды. Барлық өткізілген іс-шаралардың мақсаты – қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің бастауында тұрған рухани көсем, Алаш қозғалысы рухани көшбасшысының сан қырлы бейнесінің рөлі мен маңызын таныстыру және талқылау болды.
Тіл – қай халықтың болмасын рухани қазынасы. Тілді ұлт болып жасаған. Тілі жоқтың – ұлты жоқ. Ұлты жоқтың бойында ұлттық қасиет жоқ. Иә, тіл – адамдар арасындағы аса маңызды қарым-қатынас құралы, тілсіз қоғам, қоғамнан тыс тілдің болмайтынын ескерсек, аумағында 100-ден аса ұлт өкілдері тұратын Қазақстанда шын мәнінде бұл мерекенің қаншалықты маңызды екенін айтпасақ та болады.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» № 689 қаулысының негізінде, айтулы мерекелердің арасында Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болып бекітілген. Айта кету керек, тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Елімізде ұлтымыздың ұлы тілімен қатар әлемдік тілдердің де құндылығы жоғары. Қазақ балаларының өзге тілді меңгергеніне қуанып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеп, білім алып жатқанын көргенде бір жасап қаламыз. Ұстаздар қауымының басты міндеті – шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру.
Т. Жазыкбекова,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі N16ЖББМ