БИЫЛ ДӘУІРДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ, ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ САНАЛАТЫН АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 150 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫНЫ, ӘДЕБИЕТШІ, ТҮРКІТАНУШЫ, ПУБЛИЦИСТ, ПЕДАГОГ, АУДАРМАШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ. ОЛ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ МЕН ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ ҒАЛЫМ, ҰЛТТЫҚ ЖАЗУДЫҢ РЕФОРМАТОРЫ БОЛЫП САНАЛАДЫ.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.» - деп жазған Сәкен Сейфуллин.
Ұлт жанашырының тағы бір зор еңбегі – терминдер жасауы. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынған. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасын – ғалым атамыз Ахмет Байтұрсынұлы жазып қалдырған болатын.
Қазақ үшін, қазақ тілі үшін аянбай еңбек еткен ғалымның 150 жылдық мерейтойын елеусіз қалдыру қателік болар. Осыған орай қалалық білім бөлімімен Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған жас ұрпаққа ұлт ұстазын жан-жақты таныту мақсатында мектепшілік, қалалық, деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспары мен ережелері әзірленіп бекітілген болатын.
Аталған іс-шаралар жоспарының аясында мен – яғни, Саран қаласы №16 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Охан аталған оқу орнында «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы» тақырыбында әдеби сағат өткізген болатынмын.
Өзімнің ұстаздық жолымда ұлт ұстазының «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» деген нақыл сөзін бағдар етіп ұстанғандықтан, аталмыш іс-шараны өткізудегі басты мақсат - қазақ тарихында орны айрықша зор тұлға - Ахмет Байтұрсынұлының тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуді болды.
Әдеби кеште оқушылар ұлы ғалымның ғылыми еңбектерімен және әдеби мұрасымен, сондай-ақ өмір жолы туралы ақпаратпен танысты. Сонымен қатар, олар Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдерін шырқады. Бұдан бөлек, іс-шара барысында ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен қиын-қыстау тағдыры баяндала отырып, ұлт мұраты жолында жасаған дамылсыз әрекеті насихатталады.
Мақаламды «Халықты оянсын деп сөзбен шаққан» атты Ахмет Байтұрсынұлына арнаған өлеңіммен қорытындылауды жөн көріп отырмын:
Ұлт ұстазы- жүз елу жыл толыпты туғаныңа,
Қарашы саған қылған шуға мына.
Білім деп кетіп едің көз жұмғалы,
Ұрпағың сені қосты бүгін жырға.
Бас тартып өзіңдегі бақыт тақтан,
Еліңе қызмет қылдың қумай мақтан.
Бүгінде бар зейнетін халқың көріп ,
Әліпбимен сен қылған жазып жатқан.
Қазақтың тілі қандай, сөзі майда ,
Мысалмен ұғындырдың істі пайда.
«Халық жауы» - дейді ме, Голощекин ?
Халқыңның хәлін ойлар қулар қайда...
Тұлға ойлаған армандар орындалды,
Санасы ояу ұрпақтың - білім алды.
Мектепте оқып жатыр - балапандар,
Ілімге сусаған ел шөлі қанды.
...Алаш әлі орнында жоғалмады,
Отыз бір жыл болыпты ел болғалы.
Жұртыңның көзі ашылып, білім қуды,
Еңбегің елге қылған еш болмады.
Көңілі ақын, жүрегі ел деп соққан,
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Тағы сені сағынып, Сарыарқаның
Сары самал желі ме сарнап жатқан?...
Маржан Охан,
«Саран қаласы №16 жалпы білім беретін мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі