ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМДА ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ ДЕГЕН ҰҒЫМ БАР. ОЛ ҰҒЫМ – АСА ҰЛЫ, АСА ҚАСТЕРЛІ ҺӘМ ҚАДІРЛІ. СЕБЕБІ ОЛ - АЗАМАТТАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ БӨЛІГІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ.
Қазақтың аты әлемге мәшһүр даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген даналы сөзі бар.
Яғни, ол дүниеге шыр етіп келгеннен пенденің пешенесіне бірден ұялай қалмайтыны ақиқат. Ол санаға біртіндеп қалыптасып, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Сол секілді патриотизм, отаншылдық сезімі ананың құрсағынан даритын биологиялық құбылыс емес, бұл психологиялық құбылыс.
Ал әскери-патриоттық тәрбие балғын балалық шақтан қалыптасады. Бұл тұрғыда білім ошақтарының алатын орны ерекше. Себебі ел ертеңі жастардың дүние танымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруда оқу орындары шешуші рөл атқарады. Ал жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру міндеті, олардың Отанды қорғауға ұдайы әзір болуы, моральдық-психологиялық жағынан даярлау – ол әрбір ұстаз, әрбір жетекші-басшы, әрбір әскер басылар тапсырмасында жаңғырып тұруы тиіс.
Жуырда дубовка кентіндегі № 2 жалпы білім беретін мектебінің Coworking орталығында «Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі. Әскери қызметтің беделін арттыру» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылған болатын. Ондағы мақсат - әскери қызметтің беделін арттыру, азаматтардың отансүйгіштік қабілетін ояту, елімізді қорғауға қызығушылығын ояту, Қазақстан халқының достығын сақтау.
Тағылымды шараның құрметті қонағы Саран қаласы қорғаныс істері бөлімінің басшысы, майор Кривоносов Юрий Михайлович болды.
Қорғаныс істері демекші, елімізде аракідік болса да әскери сала мен қорғаныс жүйесіне қатысты түрлі сын пікір, арыз шағымдар қарапайым халық тарапынан айтылып қалатын тұстары да бар. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, бұл турасында да ара-кідік тілге тиек етіп тұрмасақ, тілшілік қызметтің абыройына сын болар. Тұтас бір мемлекеттік жүйеге болмаса да, республикадағы белгілі бір аймақтарда орналасқан әскери бөлімдерге қатысты көңіл толмаушылықтар байқалып жатады. БАҚ беттерінде ол ақпараттар жұрт назарына ұсынылып жүр. Соңғы кездегі теріс репутация мен әртүрлі келеңсіз жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілігіп, Президент тарапынан нақты тапсырмалар да берілді. Қазіргі таңда елдің күштік құрылымдары қайта жасақталып, кадрлық резервтері білікті мамандармен толықтырыла бастады. Техникалық мүмкіндіктері мен әлеуметтік статустары да жоғарылады. Қазақстан Қарулы күштерінің беделін қайта көтеріп, тәуелсіз жас мемлекеттің тірегіне айналдыру әрбір белсенді қазақстандық азаматтың Отан алдындағы міндеті. Сондықтан да, әскери сала бүкілхалықтық бақылауда болып, артық кемі мен жетістік жақсылығы сараланып отыруға тиіс.
Оның үстіне, бүгінде әскерге барушылар қатары сиреді. Жастардың көпшілігі «Әскерге барудың қажеті жоқ» деп нақты кесіп айтпаса да олардың сөз төркінінен көкейінде осы пікірдің тұрғанын түсінуге болады. Жастар неге әскерден қашады? Олардың бойында қандай қорқыныш бар? Ата-ана неге баласын әскерге жіберуге қарсы?
Аталған іс-шараның да мақсаты сол, жоғарыда тілге тиек еткен түйткілді мәселелердің түйінін тарқату, жас ұрпақтың әскери өмірден өту жолындағы қорқыныш сезімдерін сейілту, әскери қызметтің беделін арттыру һәм мектеп оқушыларының әскери-патриоттық сезімдерін ояту. Кездесу барысында оқушылардың Саран қаласы қорғаныс істері бөлімінің басшысы, майор Юрий Михайловичпен болған сүбелі сұхбаты да осы тақырыптар төңірегінде өрбіді.
Мәселен, іс-шара барысында мектеп оқушылары Юрий Михайловичпен әскери өмір туралы ашық сұхбат жүргізді.
Оқушылардың әскери өмір туралы қойған сұрақтарына ол: «Иә, әскери өмірдің өз қызығы мен шыжығы болады. Десекте, нағыз нар жігіттер шыдамды әрі төзімді болып келеді емес пе! Сондықтан ер болсаң әскердегі қиындықтарға шыдап, өзінді өзің алып шыға алуың қажет. Әр жігіттің шымыр әрі ширақ, есілген жіптей болуы үшін, ішкі мәдениетін қалыптастыру үшін әскердің көмегі зор. Әскер - жігіттерді шыңдайды, ширықтырды, өмірілік тәжірибе береді», - деп жауап берді.
Нәтижесінде олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарындағы қызметке қатысты оң көзқарастарын білдірді, ал Юрий Михайлович өз кезегінде оқушыларға әскери білім алу үшін қайда түсуге болатыны және келісімшарттық қызметтің артықшылықтары туралы да айтып берді.
«№2 жалпы білім беретін мектепте әскери-патриоттық тәрбие жоғары деңгейде қойылған. Бұл мәселеге мектеп басшылығы тарапынан да үлкен көңіл бөлініп отырғанына көз жеткіздім. Ал мектептегі «Жас сарбаз» сыныбы оқушыларының жеңістері мақтауға тұрарлық және оқушылармен жоспарлы және тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатқандығының куәсі болып қайттым» - дейді Юрий Михайлович іс-шара туралы жазған өз пікірінде.
Ал кездесуден оң әсер алған оқушылар «Әскерге барғымыз келеді. Себебі, ол әр азаматтың өз Отанының алдындағы борышы деп білеміз. Екіншіден, әскерге барғанда өзімізге көбірек мүмкіндіктер болатындығын ұмытпаған жөн, әскерге барып келген жастарға мүмкіндік мол» деген сынды пікірлерімен бөлісіп жатты іс-шара соңында.
Әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы жастардың саналы сезімін, көзқарасын қалыптастыруға болады. Білім беру ошағында патриоттық тәрбие беру - Отанымыздың саналы да белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызуға бағыттайды. Сол себпьі де патриоттық тәрбиенің танымы – жастарды Отанды қорғауға даярлау, жас азаматтардың үлгі боларлық мінездерін қалыптастыру болып табылады. Сол себппті де, аталған іс-шараның жастардың дүние танымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруға тигізген септігі мол десек артық айтпаған боламыз.
Егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан күннен бастап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу ісі күн тәртібіне қойылды. Жас ұрпақтың бойында Қазақстандық патриотизмді дарыту өте маңызды дүние.
Кеудесіне «бұл менің елім, менің жерім» дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін «баланы жастан» дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны.
Жас ұрпақтың көкейіне жоғарыда айтқандай іс-әрекеттермен ой сала білсек, үлгі көрсетсек, заманға сай, қоғамға қажет отансүйгіш патриот, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелей аламыз.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ