Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

СОҒЫС АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ АУЫР ЗҰЛМАТТАРДЫҢ БІРІ. ОЛ АДАМ БАЛАСЫ ПАЙДА БОЛҒАННАН БЕРІ БІРГЕ ЖАСАП, МЫҢДАҒАН, МИЛЛИОНДАҒАН ӨМІРЛЕРДІ ЖАЛМАП КЕЛЕ ЖАТЫР. АТАМ ЗАМАННАН КҮШТІ ХАЛЫҚ ӘЛСІЗ ХАЛЫҚҚА СОҒЫС АШЫП, АЙДАРЛЫСЫН ҚҰЛ ҚЫЛЫП, ТҰЛЫМДЫСЫН КҮҢ ҚЫЛАДЫ. СОҒЫСТАН ЗАРБАП ШЕККЕН ӘЛСІЗ ХАЛЫҚ НЕ ТОЗ-ТОЗ БОЛЫП ҚҰРЫП КЕТЕДІ, НЕМЕСЕ ЖАУЫНДА КЕТКЕН КЕГІН ЖОҚТАП, КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ. ОСЫЛАЙША СҰМ СОҒЫС АДАМЗАТ БАЛАСЫН АЙНАЛСОҚТАП, ЗАМАНАҚЫРҒА ДЕЙІН ОҚТЫН-ОҚТЫН АРАНЫН АША БЕРЕДІ.

Ұлы Отан соғысы да қазақ халқы үшін осындай орасан зор зұлматтың бірі болды. Миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Ал аман жеткендері сұм соғыстың нағыз бет-бейнесін көріп, зұлымдықты әбден танып-біліп, басқа адам боп келді. Солардың ішінде көзімен көргені мен көкірегіне түйгендері кеудеге симай, қару ұстап қатып қалған қолдарына қалам алып, болашақ ұрпаққа ізгілік дәнегін себуге құлшына кіріскен ақын-жазушылар да аз болмады.

Солардың бірі һәм бірегейі Сырбай Мәуленов. Биыл қазақ әдебиетіндегі классик ақындардардың өкілі, қазақ лирикасының шебері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» ордендері мен медальдарының иегері Сырағаңның туғанына 100 толып отыр.

Қыркүйктің 17 жұлдызында ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында Дубовка кентіндегі № 2 жалпы білім беретін мектепте Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығына арналған «Поэт, солдат, гражданин. Казахский поэт Сырбай Мауленов» атты танымдық сағаты өтті.

№ 2 жалпы білім беретін мектебінің аға тәлімгері Карпов Илья Борисович ұйымдастырған танымдық тағылымды шараға аталған білім ошағының оқушылары қатысты. Айта кетерлігі, Сырағаңның 100 жылдығына арналған шараның ақынның туған күнімен тұспа-тұс өткізілуінде.

Іс-шара барысында оқу орнының аға тәлімгері Илья Борисович Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы хақында тілге тиек етіп, сұңғыла шайырдың еңбектерінен әзірленген слайд-шоуға шолу жасады. Біртуар ақынның сан қыры жөнінде тың деректер айтылып, аға тәлімгер Илья Борисович пен жасөспірім оқушылар арасында әрлі әңгіме өрбіді. Илья Карпов ақынның табиғи таланты мен қаламының қуаты жайлы кеңінен тарқатты:

«Сырбай Мәуленов атап айтқанда, Евгений Винокуров, Кайсын Қулиев, Қасым Аманжолов, Борис Слуцкий сынды майдангер ақындар бауырластығының атақты өкілі. Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда атап өткен ақындардың барлығы да майдан жолын Сырбай Мәуленов секілді саяси басшы лауазымында жүріп өткен тұлғалар. Сырбай Мәуленовтің кемелденген таланты туралы: «Жас ақынның адамгершілік мұраты окоптарда артиллериялық зеңбірек үні астында, қаруластарымен бірге өз халқының тағдырын, бүкіл адамзат тағдырын қорғаған кезде қалыптасты», - Ади Шарипов өте дұрыс айтқан болатын.

Заманауи әдебиеттің осы үлкен өкілінің шығармашылық жолы 30-шы жылдардың 2-жартысында басталған-ды. Дәл сол кезде оқырмандар Сырбай Мәуленовтің алғашқы ақындық туындыларымен таныса бастады. Оның алғашқы шығармалары қазақ әдебиетін қаншалықты дарынды һәм жарқын тұлғамен толыққанының айқын көрсеткіші болды.

Иә, қазақ жері тұнып тұрған музыка десек артық айтпаған боламыз. Себебі қазақ халқының әуендерінде сол елдің тарихы, бұқара халықтың ой-армандары, қайғысы мен қуаныштары бейнеленіп жатты. сол себепті де қазақта жақсы әрі есті ән қашанда өте жақсы бағаланды. Халық ақындары, әнді жазушылар мен оны орындаушылар халық арасында үлкен құрметке ие болып жататын.

Қазақ әдебиетінің классик ақыны атанған Сырбай Мәуленов те  Торғай өзенінің жағасында орналасқан ауылдан шыққан қарапайым қарадомалақ қазақ баласы болатын. Бұл өлке қашанда батырлардың Отаны және дарынды әншілері менақындардың Отаны ретінде танымал болған. Сол себепті де Сырбай Мәуленов өзін халықтың әншісі, ақыны ретінде таныды», - деп атап өтті Илья Карпов іс-шара барысында.

Ал мектеп оқушылары ақынның сөзіне жазылған әндерін әуелетті, Ұлы Отан соғысы, туған жер, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерін оқыды.

Осылайша, Қостанайдың киелі топырағында туып, Сырда ер жеткен Сырбай ақынға арналған әдеби кеш жасөспірімдердің зейінін ашып, қызығушылығын оятты.

Иә, сырда ер жеткен деп бекер айтып отырған жоқпыз. Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Торғай ауылында туған. Алайда ата-анасының жұмыс бабына байланысты бала күнінде туған жерінен жырақтап, Қызылорда облысына қоныс аударған. Сыр елі Сырбайды жатсынбады, керісінше ақындық шабытына шабыт қосты.

Ол 1973 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев Сырбай Мәуленовтің ақындық талантының шарықтауы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келгенін айтады:

«Сырағаң соғыстың алдында Қызылордада өлең жаза бастады. Шын ақындыққа келуі, төселуі Ұлы Отан майданында өтті. Майдан өмірі көп адамды шындықтың не екенін, өмір мен өлім үшін күрестің не екенін ұқтырды. Сырағаң солай ойшыл ақынның қалпына келді», - дейді Серік Қирабаев.

Осылайша төрт жыл кескілескен ұрыс Сырбайды ақын ретінде де, адам ретінде де шыңдады. Сырбай Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтың авторы. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жырланады. Сонымен қатар, ол журналист ретінде де мерзімді баспасөзге белсене қатысты, көптеген публицистикалық мақалалар мен очерктер жазды.

Публицист, очеркист, журналист, сыншы, сатирик, редактор һәм классик ақын болумен қатар, журналистиканың барлық жанрында қалам тербеген Сырбай Мәуленов 1993 жылы 71 жасында дүниеден өтті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ