Президентіміз биылғы Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтерді. Ең бастысы, халықтың денсаулығы. Екінші кезекте - халықтың әлеуеті. Үшінші кезекте - халықтың білімі.
Мәселен, жерді пайдалану, кезінде заңсыз өтіп кеткен жерлерді қайтару мәселесін күн тәртібіне қойды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтін біздер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Сонымен қатар, Ел Президенті өз Жолдауында ең төменгі айлықтың 70 мың теңгеге өсетінін айтты, бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын. Сонымен қатар, кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі.
Алдағы уақытта көліктерді жеткізудің барлық заңсыз арнасына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдауы, оларды заңдастыру үшін 200–250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде утилизация және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынуы өте қуантарлық жағдай.
Сондай-ақ, Президент Қ.К.Тоқаев ұлттық табыстың игілігін халықтың барлығы бірдей көріп отырмағанын да айтты. Осыған орай, 2024 жылдан бастап, «Ұлттық қор балаларға» жобасы жұмыс істейтін болды. Бұл норма күшіне енген кезде, яғни 2024 жылы 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Шоттағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл жинақталған қаражат жеткіншектің білім алуы мен үй сатып алуына жұмсалады. Егер бұл бастама шынымен іске асырылатын болса, көптеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үшін үлкен көмек болатыны анық.
Жаңа Қазақстанның болашағы жастар болғандықтан, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайызбен несие беру құптарлық.
Дені сау ұлт - сау мемлекет дегендей, емханалар мен ауруханалардың қазіргі жағдайы мәз емес екендігі баршаға мәлім. Сондай-ақ кейбір ақылы немесе ақылы емес емдеу орталықтарында отырған жас дәрігер мамандардың кәсіби деңгейлерінің төмендігі де белгілі. Бұл орайда резидентура үшін гранттарды 70 пайызға көбейту оң шешім.
Балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтіп, жұмыс жүктемесін азайту, ең бастысы, балабақшаны емес, сонда қызмет ететін тәрбиешіні аттестациядан өткізу жұмыс берушінің білікті маманды жұмысқа алуына кепілдік береді. Өйткені соңғы кездері әлеуметтік желілерден балабақша тәрбиешісінің немесе күтушісінің балаға жасаған психологиялық, физикалық қысым көрсетулерінің куәсі болудамыз. Оның себебі – мемлекеттік немесе мемлекеттік емес балабақшаға педагогикалық білім бар немесе универиситетті енді бітірген жұмыс таппай жүрген кез келген адамды жұмысқа қабылдай береді. Өйткені тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің жалақысы аз болғандықтан, оған арнайы мектепке дейінгі білім бар маман өздігімен келмейді. Сондықтан, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің біліктілігін тексеру үшін аттестациядан өткізу маңызды.
Президент уәкілеттігін 7 жылға ұзарту мәселесі айтылды. Президентіміз аласапыран уақытта сақтыққа бара жатыр деп ойлаймыз. Жан-жақтан қауіп бар екенін де жасырмаймыз. Сондықтан осы қауіпті сейілту үшін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Жаңа Қазақстан құру мақсатында да бұл қажет дүние болды.
Ұлт мүддесі мен жарқын болашаққа нық қадам басу жолында еліміздің әрбір азаматы «жұмылған жұдырықтай» берік ынтымақтастықта биік белестерді бірлесіп атқаруды ұмытпағанымыз абзал. Жаңа Қазақстанның жаңаруы мен жаңғыру жолында жасалынып жатқан жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі болады деп үміт артамыз.
«Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ