ҚАРАҒАНДЫНЫҢ КЕНШІЛЕР МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНДА АҒА ҰРПАҚҚА АРНАЛҒАН «ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТТІ. ОҒАН ШЕТ, АҚТОҒАЙ, ҚАРҚАРАЛЫ, ОСАКАРОВ, АБАЙ АУДАНДАРЫ МЕН ТЕМІРТАУ, АБАЙ, САРАН, ШАХТИНСК, БАЛҚАШ ЖӘНЕ ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛАРЫНЫҢ 170-КЕ ЖУЫҚ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСЫП, БАҚ СЫНАСТЫ.
Іс-шараның басты мақсаты – облысымыздағы өнерлі ата-әжелерге рухани қолдау көрсетіп, ән салу, музыкалық аспапта ойнау сынды өнерлерін халыққа жеткізу. Қарияларымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата-әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан ұлтымыздың мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, ұмыт болған қолөнер бұйымдары мен әндерді қайта жандандыру.
Тартысты өткен байқауда қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Ақтас кентіндегі «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жанынан құрылған «Ақ әжелер» хоры иеленді.
Қатысушылар үш номинация бойынша жарысты: «Хор ұжымдары мен ансамбльдері», «Жеке орындау» және «Музыкалық аспапта жеке орындау».
«Хор ұжымдары мен ансамбльдері» номинациясында бірінші орынды Қарағанды қаласының «Русские самоцветы» халықтық орыс әнінің хоры жеңіп алса, екінші орынды «Алая гвоздика» шығармашылық ұжымының атынан Шахтинск қаласынан еңбек ардагерлері; үшінші орынды Қарқаралы ауданының «Айқаракөз» вокалдық тобы иеленді.
«Жеке орындау» номинациясында балқаштықтар үздік атанды. Бірінші орынды Таңат Іргебай, екінші орынды Алмагүл Сатенова, үшінші орынды Күлән Сәдуақасова иеленді.
«Музыкалық аспапта шығарманы жеке орындау» санатында Қанапия Қалкен (Қарағанды) үздік атанды, екінші орынды Әнет Сепбосынов (Қарағанды) және үшінші орынды Әлия Батырбекова (Шет ауданы) иеленді.
– Біз осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан қарттарға арналған «Өнерім – өмірім» байқауына биыл ерекше дайындықпен келген едік. Нәтижесінде еңбегіміз ақталып, бас жүлдені алқаладық. Бұл байқау дәстүрге айналды. Оның негізгі мақсаты біздің аймақтың талантты ата-әжелерін рухани қолдау, олардың өнерін, соның ішінде ән мен қолөнерді насихаттау, ұмытылған қолөнер мен әндерді жандандыру. Қарттарымыз кезінде әртүрлі салада еңбек еткен бүгінде зейнеткерлер. Соған қарамастан, өте жақсы деңгейде өнер көрсетіп шықты. Осындай қарттарымызға қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді бізбен тілдескен «Ақ әжелер» хорының мүшесі, Саран қаласының құрметті тұрғыны Рымтай Сейітқазина.
Жеңімпаздар дипломдар және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Иә, тартымды әрі жинақы өткен байқау өнер жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әл біз өз кезегімізде «Әқ әжелер» хорының ұжымын жеңістерінен құттықтап, толағай табыс тілейміз! Осындай ата – әжелеріміз көп болсын, келешек ұрпаққа берер үлгі өнегелері таусылмасын дегіміз келеді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ