Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЖАСТАРЫ БАЯНДЫ БОЛАШАҚТЫҢ БАЙРАҒЫН КӨТЕРІП, ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕКТІҢ ЖЕЛКЕНІН КЕРІП КЕЛЕДІ. «МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМIН!» ДЕП ҮКІЛІ ҮМІТ, САЛҚАР СЕНІМ АРТҚАН МАҒЖАННЫҢ ЖАУҺАР ЖЫРЫНА АРҚАУ БОЛҒАН ЕЛ ЕРТЕҢІ ЖАСТАР ШАҺАРДАҒЫ ТЕҢБІЛ ДОП АЛАҢЫНДА БАС ҚОСТЫ. БІРАҚ АЯҚДОП ТЕУІП, ЖАРЫСУ ҮШІН ЕМЕС, СПОРТ ҺӘМ БІЛІММЕН САЙЫСУ ҮШІН ЖИНАЛЫПТЫ ЖАСТАР.

Жуырда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары Седова Анастасия Викторовна мен Чернышева Анастасия Алексеевнаның ұйымдастыруымен «Сұңқар» стадионының футбол алаңында «Үлкен жарыс» атты дәстүрлі спорттық-лингвистикалық ойыны өтті.

Аталмыш шара үш тілде білім беру апталығы мен шет тілдері апталығы аясында колледждің 1 курс студенттері мен қала мектептерінің 9-10 сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылды.

Ондағы мақсат – тұлғаның коммуникативтік және физикалық қабілеттерін жан-жанты дамыту һәм тіл үйренуге деген ынтасын арттыру. Сондықтан да спорттық-лингвистикалық бағытқа ие іс-шара барысында студенттер мен оқушылар спорттық дағдыларын паш етумен қатар, үш тілді, яғни қазақ – орыс – ағылшын тілдерін қаншалықты деңгейде меңгергендіктерін көрсете алды.

– Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – кемел келешекке бастайтын алтын сүрлеу десе де болады. Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға, жастардың көптілді меңгере алуларына жете көңіл бөлу қажеттігіне басымдық беріліп келеді. Бүгінде бұл бағытта жүйелі жұмыстары жүргізіліп, арнайы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Біздің оқу орнында жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бұл тұрғыда осы іспеттес іс-шаралардың маңызы зор деп ойлаймыз, – дейді шет тілдер ПЦК басшысы Анастасия Базылевская.

Ойын бірнеше сайыстардардан тұрды. Біріншісі – үй тапсырмасы, екіншісі – үш хатқалта, үшіншісі – сөз құрау, төртіншісі – мақал-мәтел, бесіншісі – капитандар сайысы.

Натижесінде 1 орынды А. Құнанбаев атындағы СЖГТК технологиялық бөлімнің «T.E.M.P.» командасы қанжығаласа, 2 орынды № 1 мектеп-лицейінің «Dream Team» командасы иеленді, ал 3 орын қазақ бөлімінің А. Құнанбаев атындағы СЖГТК «Birlik» командасына бұйырды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА