БҮГІНДЕ АНАЛАР КЕҢЕСІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМДІ, ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТЫ ЖӘНЕ ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДІ, ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН, ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР МЕН ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ САҚТАУҒА ӨЗІНДІК ҮЛЕСІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ. ШЫНЫМЕН ДЕ, ҮЙ МЕН ТҮЗДІҢ ТІЗГІНІН ТЕҢ ҰСТАП, ҚАЗАНЫН ҚАЙНАТЫП, БАЛАСЫН ОЙНАТА ЖҮРІП, ЕҢБЕКТІҢ БЕЛ ОРТАСЫНАН ТАБЫЛАТЫН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ТЫНДЫРЫМДЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛЫП ОТЫР. ЖУЫРДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ АЛАР ОРНЫ ЖАЙЛЫ САРАН ҚАЛАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, «БЕРЕЗКА» БӨБЕКЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ АКИЖАНОВА РАЙХАН НҰРҒАЛИҚЫЗЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БІР ТОП ҚЫЗДАРЫМЕН ПІКІР АЛМАСЫП, ОЙ ТОЛҒАҒАН ЕДІ.
Студент қыздармен болған кездесу барысында Саран қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Гүлзия Халилқызы әйелдердің отбасындағы рөлі жайында, ата-ананы қадірлеу, адамдар арасындағы сыйластық, отбасы құндылықтары мен қыз тәрбиесі хақында қаузады. Десекте, іс-шараның негізгі желісі – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің психологиялық, педагогикалалық және рухани, адамгершілік көріністері.
Еркін форматта өткен басқосуда жастар да тақырып аясында ой-пікірлерін ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.
«Қазіргі қыз – ертеңгі ұлттың анасы. Сондықтан бүгін болашақ аналардың алдында арнайы келіп, қыздарымызға ақыл-кеңесімізді айтып, ақжарқын көңілмен берекелі әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Бүгінгі кездесу біздің де, құлақ қойып тыңдаған қыздардың да есінде қалатын ерекше шара болды деген үміттемін. Осындай игілікті іске мүмкіндік берген колледж басшылығана риясыз ризашылығымды білдіремін», – деді кездесу шымылдығын түрген Аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Гүлжан Жүсіпбекова.
Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында қоғамдағы отбасы құндылығын нығайту мақсатында Аналар кеңесі құрылған болатын. Сол Аналар кеңесін құру елдігімізге тəн, тарихи дəстүрімізбен тамырлас бастама болып табылды. Бүгінде біздің қоғамдағы аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, əлеуметтік мəдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келе жатқан жайы бар.
Гүлжан Жүсіпбекқызы: «Әйелдің құдіреттілігі оның барлық саланы игере білуінде. Әйелсіз ештеңенің мәні де, сәні де келіспейді. Өзім талай жыл осы сіздер оқып отырған білім ордасының қасиетті қара шаңырағында ұстаздық қызметте болдым. Мен де сіздер сияқты бір кезде жас, жігерлі келіншек болған едім. Қазір әжелікке жетсем деп, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келемін. Біздің мықтылығымыз осында. Сіздерге де қажымас қайрат тілеймін»,– дей келе сөз тізгінін Саран қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Райхан Акижановаға ұстатты.
Ал өз кезегінде Райхан Нұрғалиқызы отбасындағы ананың рөлі жайында тілге тиек етіп, әңгіме ауанын осы тақырып төңірегінде тарқатты.
«Мен қазіргі жастарға, әсіресе қыз балаларға білімді болуға ұмтылыңдар дер едім. Оқыған қыздың, білімді адамның қашан да бәсі биік болады. Сонымен бірге ұлттық тәрбиені, халқымыздың салт-дәстүрін де ұмытпау қажет», – деді Аналар кеңесінің мүшесі Райхан Нұрғалиқызы. Өз өмірінен нақты мысалдар келтіріп, әңгімесін әзілмен әрлеп сөйлеген аналар кеңесі мүшесінің лебізі студент жастарға қатты ұнады.
Райхан ханымның айтуынша, қазіргі қоғамда жанұяның балаларды адамгершілікке тәрбиелеу мәселелерінен алшақтау үрдістері сақталып келеді. Осы ретте ата-аналардың әлеуметке қарсы, адамгершілігі жоқ мінез-құлқы болашақ ана болатын қыздардың санасын бүлдіріп жатқан сияқты.
Жасөспірімдердің ерте есеюі, кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыстың өсуі, қыздардың дәстүрлі емес дінге кетуі атап өтілді.
«Дөңгелек үстелдің» қатысушылары отбасылық құндылықтардың мәртебесін, отбасы қалыптастыруда әке мен ананың, қыздарды өнегелі тәрбиелеуде әйелдерге арналған қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыру аса маңызды деген ортақ ой-пікірге келді.
«Отбасын берік қылуда әйел баласына маңызды орын берілуінің себебі: ол рухани құндылықтарды, қоғамның адамгершілік мұраттарын тәрбиелеуде, сақтау мен нығайтуда негізгі рөлге ие», – дейді Райхан Акижанова.
Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі тақырыбында келелі ой, тұшымды пікір алмасқан екі буын өкілдері кездесу соңында естелік суретке түсті.
Ал Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Жүсіпбекқызы: «Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі бүгінгі қоғамда еш өзегін жойған емес. Өйткені, отбасы – еліміздің іргетасы. Сондықтан мемлекеттің өсуі мен тұрақтылығы отбасына байланысты. Шаңырақ берекелі болсын десек, бала тәрбиесіне ерекше көңіл аударып, рухани құндылықтарды сіңіре білуіміз керек. Сонда ғана біз бүтін, кемел ел болатынымыз анық. Бүгінгідей шараны ұйымдастырған, аналар кеңесіне алғысым шексіз», – деп іс-шараны қорытындылап, қозғалған тақырыптың нүктесін қойды.
Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын əйелдердің тындырымды іс-əрекеттері көпке үлгі болып отыр. Нəзік жандылардың еңбекқорлығы, қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тəрбиесіндегі алар орны ерекше екенін осыдан байқауға болады. Ұлағат мектебі болып отырған Аналар кеңесінің алда да атқарар істері ауқымды. Елбасы саясатын жүзеге асыруға, ондағы айтылған тапсырманы тындырымды атқаруға, мемлекет тағдырына тың серпін беруде осындай ұйымдардың қоғам өміріне қосар үлесі зор.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН Камила ОСПАНОВА