Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАЗАҚ ӘУЕЛДЕН «КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН» ДЕП БОСАҒАДАН АТТАҒАН ЖАС ЖАННЫҢ ТӘРБИЕСІ МЕН КӨРГЕН-ТҮЙГЕНІНЕ МӘН БЕРГЕН. ҒАСЫРЛАРДАН КЕЛЕ ЖАТҚАН ОСЫ ҮРДІС БҮГІНДЕ ӨЗ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ЖОЙҒАН ЖОҚ.

Өткен аптадағы сенбіде Ақтас кентінің мәдени сауық орталығында «Пай-пай қазақтың келіндері –ай» атты келіндер сайысы өтті.

Шараның басты мақсаты қазіргі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата -дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу болды.

Байқау шымылдығын Ақтас кентіндегі Аналар кеңесінің төрайымы Кулькаева Гүлнұр Хасанқызы ашып, келіндерге сәттілік тіледі.

Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Алдымен өздерін таныстырған қатысушылар, кейін өнерлерін ортаға салды. Онда бірі ән айтса, келесісі ісмерлік пен қолөнер шеберліктері бойынша бақтарын сынады. Салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға да жауап беріп, театр әртістерінің дайындаған жағдаяттарынан тапқырлық танытып шыға білді.

Қазылар алқасының мүшесі, Саран қаласының құрметті тұрғыны, «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестігінің мүшесі Сейітқазина Рымтай Отарқызы сайыс барысында үміткерлер тарапынан кеткен кемшіліктерді жасырмай ортаға салып, олардың өзгелерді тәнті еткен жақсы жақтарын да атап өтті.

Иә, қазақ халқында «Жақсы қыз болу – бақыт, жақсы ұл болу – одан да үлкен бақыт, ал жақсы келін болу – нағыз бақыт» деген мақал бар. Сайыс өткен күні Ақтас кентіндегі мәдени-сауық орталығының залы кішігірім ауылға айналып, жас келіндер жарыстың көркін қыздырды.

Айта кетейік, бұрымдылар арасындағы мұндай сайыс өңірде бірінші рет өткізіліп отыр. Сайысты ұйымдастырушыларыдң бірі, «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Светлана Супьянова ханым қатысушыларға қойылғанн талаптар өте жоғары болғанын, десе де жас келіндердің өздерін жақсы қырларынан таныта алғандарын жеткізді.

 «Келіндер сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Ақтас кентінің ибалы да инабатты келіндері сайысқа қатысуға ниет білдіріп, өздеріңіз байқағандай ерекше дайындалып келгендерін паш етті. Бұл шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы аналардың мәртеебсінің артуына сеп болады деп ойлаймын», - дейді «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Светлана Жолдыбайқызы.

Сымбатына сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы сұлулықты танытатын бірден-бір нышан қазіргі заманға лайықталған ұлттық киімдерден сән үлгісін көрсетті.

Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Соның нәтижесінде «Инабатты келін» номинациясы бойынша Апакова Рима Айдарханқызы, «Сымбатты келін» номинациясында Бексеитова Гулсім Жалғасқызы, «Көрермен көзайымы» номинациясында Мирзахметова Гауһар Әмірбекқызы, «Өнерлі келін» номинациясы бойынша Ахметова Дария Біржанқызы жеңімпаз атанды.

Байқауға қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Светлана Жолдыбайқызы осы сайысқа демеушілік жасаған Кулькаева Гүлнұр Хасанқызына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ