САРАН ШАҺАРЫНДА ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫНЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТІЛДІ. ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУ ІСІНДЕ ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН КӨЗГЕ ТҮСІП, КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛҒАН МҰҒАЛІМДЕРДІ САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ОСПАНОВ ЕРАЛЫ СЕРІКҰЛЫ, САРАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ БАЙМАҒАНБЕТОВ ӨМІРЖАН ЗЕЙНЕШҰЛЫ, САРАН ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ БАҚТЫБАЕВ АРМАН БОЛАТҰЛЫ МАРАПАТТАДЫ.
Мұғалімдер үшін ең құнды сыйлық – шәкірт ықыласы. Үздік ұстаздарды Мәдениет үйінің 1 қабаттағы холында үздік оқушылар мен ұлттық киімдегі қыздар зор салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Ал, үлкен залда талантты оқушылар мен қала өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама көрсетіліп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ұстаздар ұлықталды.
Иә, ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз.
Бұл күні құрметке бөленген ұстаздар қауымы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің грамоталарымен, Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, облыстық білім басқармасының, қала әкімінің және Саран қаласы білім бөлімі басшысының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Саран қаласы әкімінің орынбасары Оспанов Ералы Серікұлы мен қалалық мәслихаттың хатшысы Баймағанбетов Өміржан Зейнешұлы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің грамоталарын табыстаса, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамоталарын, облыстық білім басқармасының, қала әкімінің және Саран қаласы білім бөлімі басшысының грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.
«Құрметті ұстаздар, білім беру саласының ардагерлері! Адам бойындағы ең асыл қасиет - «ізгілік» пен «білімділік» дейтін ең асыл сөз бар. Ал адам жанына осы асылды дарытушы ұстаз. Ендеше мұғалім күні – өмірдегі орны бөлек, айрықша мерекелердің бірі. Мен қаламыздың барлық ұлағатты ұстаздарын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаларыңызға мол бақыт, зор денсаулық, ал еңбекте жаңа табыстарға жет берулеріңізге телктес екендігімді жеткіземін», - деді қала әкімінің орынбасары Ералы Серікұлы грамоталарды табыстау сәтіндегі құттықтау сөзінде.
Ұстаздар қауымының құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кештің құрметті қонақтарының бірі қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов қадірлі мамандық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтай отыра, сарандық мұғалімдер білім деңгейінің жоғарылығымен және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуымен ерекшеленетінін атап өтті.
«Баршаңызды мерейлі мереке ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз болу – адам бойындағы үлкен қасиеттердің бірі. Ендеше осы үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстардар қауымына қандай да мақтау мен мадақ айтсақ та артық болмас.отанымыздың миллиондаған балаларына білім беріп, тәрбие танытып келе жатқан мыңдаған ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын. Өз ісімен һәм өз сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлап, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгерлері сіздерсіздер. Жаңа Қазақстанды құру жолында сіздердің, яғни ұстаздардың еңбектері мол болмақ. Осы бір айтулы мереке күнінде өз атымнан және де депутаттық корпус атынан сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға береке-бақыт, ал еңбектеріңізге жеміс тілейтінімізді айтқым келеді», - деді өз құттықтау сөзінде Өміржан Зейнешұлы.
Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Сондықтан, өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз.
Ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген ұстаздар қауымын марапаттау рәсімінде қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев та ақтарыла сөйлеп, ағынан жарылды.
«Бұл – біз үшін, халық үшін маңызды күн. Адам балабақшаға барған сәттен бастап ұстаздан ғылым нәрін алады. Балаға бүкіл білімнің нәрін сіңіретін – ұстаздар. Сондықтан да, қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Мұғалімдер қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында барша ұстаздар қауымына жемісті еңбек, отбасылық бақыт тілегім келеді», - деп ұстаздар қауымына ақжарма тілегін жеткізді білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы.
Салтанатты шарада сонымен қатар ұстаздар қауымына арналып шағын концерт ұйымдастырылды, әсем әндер шырқалып, Мәдениет үйі мен қала өнерпаздары, мың бұралған биші қыздардың орындауындағы ырғақты билер салтанатты жиынға қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Ұстаз болу - жүректің батырлығы» дейді халқымыз. Мұғалімдер күнінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кеште өзгенің бақытын аялай, өзінің уақытын аямай еңбек еткен батыл мамандық иелері түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Саран қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, марапатқа ұсыну барысында ұстаздардың еңбек өтілі, тәжірибесі және шәкірттердің білім деңгейі назарға алынған. Қаладағы әр мектеп марапатқа лайық деп танылған оқытушыларды ұсынған. Ал, арнайы комиссия мүшелері өтініштерді сараптап, үздіктерін таңдап алған.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА