ҚАРТТАР МЕРЕКЕСI 1991 ЖЫЛДАН БЕРI КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП КЕЛЕДI. ҚАЗАН АЙЫНЫҢ БIРIНШI ЖҰЛДЫЗЫНА ТАП КЕЛГЕН МЕЙРАМ ЖЫЛ САЙЫН ЕСКIНIҢ КӨЗIНДЕЙ БОЛҒАН ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗДЫҢ БIР СӘТКЕ БОЛСА ДА КӨҢIЛIН КӨТЕРIП, ӨМIРIНЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАУДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕЛIК МӘН АТҚАРАТЫНЫ БЕЛГIЛI.
Өмiр алма-кезек. Елiмiздiң кешегi басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдерiне куә болған өрiмдей қыз-жiгiттер бүгiнде жетпiс пен сексеннiң сеңгiрiне шықса, бергiсi алпысты алқымдаған қариялар. Мiне, сол көптi көрген, елiмiздiң тәуелсiздiк жолына қадам басқан күндерiн мақтана, тебiрене жеткiзетiн қарттарымыз күн санап азайып бара жатыр. Бiз оларды құрметтеуiмiз керек! Олар қазақ елiнiң кешегiсi мен бүгiнгiсiн сабақтастыра отырып, келешек ұрпақты тәрбиелейтiн шежiрешiлер. Мәндi де мағыналы әңгiмесiн «Бiз де жас болғанбыз» деп бастап сонау жастық шақтан күнi бүгiнге дейiн басынан өткерген өмiр баспалдақтарынан сыр шертетiн қариялардың әрбiр ұлағатты сөзi өскелең ұрпаққа мол тәрбие. Өйткенi, бүгiнгi жастар да ертеңгi қария, ұрпақ тәрбиелейтiн ата-әже. Сондықтан да Қарттар мерекесiн ұрпақ сабақтастығынан туып отырған салиқалы мейрам деуге негiз бар.
Қарттар мерекесi елiмiздiң барлық өңiрiнде дәстүрлi түрде аталып өтедi. Бұл күндерi еңсесi түсiп, өн бойын қарттық жеңе бастаған сарандық қариялар мәз-мейрам болысты.
Айтулы датаны жерлестеріміз де ескерусіз қалдырмады. Арқа-жарқа атап өтті. Мәдениет үйінің төрінде ақ тілек-құттықтаулар мен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұндай құрмет-ықыластың барлығы да – бұл күні қазыналы қарттарымыздың құрметіне арналды.
Бұл мерекеге мәдениет үйінің ұжымы да тыңғылықты әзірленіпті. Мектеп оқушылары ардагерлерді 1 қабаттағы холда сап түзеп тұрып, салтанатпен қарсы алды. Ал екінші қабаттағы фойеде шебер қолдан жасалған қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі орналасқан. Онда әр-түрлі материалдардан тоқылып, түрлітүсті өрнектермен безендірілген бұйымдар, оқушылардың ой-арманынан туындаған картиналар қойылған. Қариялар көрмені тамашалады.
Рухани танымдық шаралар легі мәдениет үйінің концерттік залындағы мерекелік шараға ұласты.
Қала әкімі Ержан Темирханов шаһарымыздағы әр салаға еселі еңбегі сіңген қарияларды осылай құрметпен құттықтап, ақ алғысын жаудырды. Ал төрге жайғасқан мереке иелері риясыз марапатқа марқайды.
«Баршаңызды бүгінгі Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келесіздер! Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария,теңіз іспеттес. Қариялар - халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деген аталы сөз осыдан қалса керек. Сондықтан, біз қай кезде болсын ардагерлерімізді ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз. Сіздерді осы маңызды күнмен құттықтай отыра, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке-бақыт, өздеріңізге саналы да сапалы ұзақ ғұмыр тілеймін», – деп мерекеге орай ізгі лебізін жолдады қала басшысы Ержан Оралұлы.
Мерекелік кешті қала әкімі Ержан Оралұлы өз құттықтау сөзімен ашқаннан кейін қала ардагерлері сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді. Ардагерлерге арналған ауқымды концертте Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жезтаңдай әншілері мен шаһарымыздың бір топ өнерпаздары бірге өнер көрсетті. Күмбірлі күй, әсем әуез төгіліп, қарияларды ардақтаған өлең жолдары оқылды.
Қарияларға арналған мерекелік шара жиналған қауымға, ардагерлерге рухани күш, көтеріңкі көңілкүй сыйлады. Кеш соңында өнерпаз жастар «Осы өмірді жасағандарыңыз үшін басымызды иеміз. Рақмет, сіздерге, қариялар!» деп, аталар мен әжелерге тағзым жасады.
Сөйтіп, басқосудың мазмұнын әрлеген өнерпаздардың ән-шашуы қарт көңілдерді серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, бұл күнгі көрген-білгеніміз үлкендерге құрмет көрсетіліп, мадақталды. Қарттарға қызмет көрсету оларға деген ізет бір күннің ғана аясына сыймайтындығын көрсеткендей.
Негізінен бұл күн – ағаұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы күн. Болашақ жастар мен орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол. Шаһардағы зейнеткерлерге, жалғызбасты жандарға, мүгедектерге, қамқорлық пен күтiмдi қажет ететiн азаматтарға жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөліп келеді. Осы ретте, үлкенге құрмет көрсетуде сарандықтар салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді мәдениет үйінде өткен салтанатты шара дәлелдей түсті.
Тәуелсіздік пен береке–бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Олай болса, аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол - ұрпақтың көрегендігі емес пе?! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата – апаларымызға ыстық ықыласымыз шексіз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді. Даралық пен даналықты бойларына жинаған Саран шаһарының перзенттері әр түрлі салада қызмет етсе де, туған жері мен елі үшін еңбек еткен зейнеткерлер, қаланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері де бар. Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА