КҮН САНАП АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДА ҮЕҰ ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ. ОЛ КОММЕРЦИЯЛЫҚ БИЗНЕС ЕМЕС. БҰЛ БІРНЕШЕ АДАМ БІРЛЕСІП, ҚОҒАМДАСЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ТОП. ОЛАР ПАЙДА ТАБУМЕН ЕМЕС, ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ ӘРТҮРЛІ ҚЫЗМЕТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ – БЕЛСЕНДІЛЕР. ОЛАР ҚОҒАМДА АЗАМАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІН ОЯТЫП, ТҮРЛІ ПАЙДАЛЫ ЖҰМЫСПЕН АЙНАЛЫСАДЫ.
Үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегінде Қарағанды облысы бойынша Азаматтық альянстың үйлестіруші кеңесінің мүшесі Панасиди Оксана Юрьевна шаһардағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.
Кездесуге Саран қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Жүсіпбекова Гүлжан Жүсіпбекқызы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының жетекшісі Токушева Жұмабике Мұхамеджарқызы, «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Кернебаева Нұржамал Алданғорқызы, «Жомарт жүрек» волонтерлер орталығының басшысы Хисметов Евгений Елманович, ішкі саясат және басқа да мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың мамандары қатысты.
Алқалы жиынның шымылдығын түрген Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Евгения Гусева шаһардағы үкіметтік емес ұйымдардың Саран қаласының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отыра, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс атқарып жатқандындығын айтты.
Одан кейін Қарағанды облысы бойынша Азаматтық альянстың үйлестіруші кеңесінің мүшесі Оксана Панасиди сөз алып, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды дамытуда маңызы жоғары екендігін айтып, үкіметтік емес ұйымдармен Азаматтық Альянс бірлесе отырып жұмыс жасайтындығын жеткізді.
«Елімізде азаматтық қоғам құруға сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді атсалып жүр. Елдің дамуын нығайтуда мемлекет пен қоғам арасында алтын көпір болған үкіметтік емес ұйымдардың саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің орны айрықша. Бұл – жергілікті қоғамдық ұйымдардың беделі артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенінің айқын дәлелі. Облысымызда Азаматтық қоғам институттарымен жұмысты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде», – дей келе, Оксана Юрьевна жұртшылық назарын күн тәртібіндегі мәселелерге қарай бұрды.
Ал күн тәртібінде екі мәселе тілге тиек етілді. Біріншісі - ҮЕҰ 2022 жылғы облыстық фестиваліне дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары, ал екіншісі кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық мәселелері.
Қарағанды облысында жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың фестивалі өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат - өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуына жағдай жасау, тұрғындар арасында Азаматтық бастамаларды жандандыру және сектор жұмысын бағалау үшін жағдай жасау.
«ҮЕҰ биылғы жылы өткізілетін фестивалінің тақырыбы – «Қарағанды облысының азаматтық секторы - жаңа Қазақстанды табысты құрудың кепілі» атты жоба. ҮЕҰ конкурсына қатысу үшін өтінімдерді фестивальдің ұйымдастыру комитетіне белгілі бір нысан бойынша береді, ал аталған өтінімдерді конкурстың қазылар алқасы одан әрі қарайды. Өтінімді қағаз және электрондық форматта беруге болады. Үкіметтік емес ұйымдар конкурсқа қатысу туралы өтінімді 2022 жылғы 1 қазанға дейін беруі тиіс. Егер өтінімдер бойынша қандай да бір көмек қажет болатын болса, біз сіздерге көмек қолын созуға дайынбыз», - деді Оксана Юрьевна жиын барысында.
Оксана Юрьевнаның мәлімдеуінше, конкурс екі номинациядан тұрады. Атап айтқанда, «Тұрақтылық және нәтижелілік» номинациясы, «Азаматтық бастамаларды қолдау» номинациясы.
«Тұрақтылық және тиімділік» номинациясы 5 жылдан астам уақыт ұзақ мерзімде жұмыс жасап келе жатқан, қаржылық, ұйымдастырушылық және кадрлық қызметі тұрақты, халық, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам тарапынан мойындалған үкіметтік емес ұйымдарға табысталады.
Ал «Азаматтық бастамаларды қолдау» номинациясы – халық арасында азаматтық бастамаларды ілгерілетуге, өңірдегі түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді (экономика, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) шешуге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды іске асырудың тиімді нысандарын пайдалануға қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.
Бұл туралы Саран қаласының үкіметтік емес ұйымдарының басшыларына Қарағанды облысы бойынша Азаматтық альянстың үйлестіруші кеңесінің мүшесі Оксана Панасиди жиын барысында мәлімдеді.
Одан кейін Оксана Юрьевна кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық мәселелері жайында да тілге тиек ете кетті.
«Иә, алдымызда Президент сайлауы тұр. Өздеріңіз де білетіндей мемлекет басшысы Президент мандатына шектеулерді қайта сайлау құқығынсыз 7 жылға созылатын бір мерзімде белгілеуді ұсынған болатын. Бір жағынан, 7 жыл деген кез келген өршіл бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Ал екінші жағынан, президенттік мандатты бір мерзімге шектеу мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша бағытталуын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Қазақстанның болашағы бүгіннен басталады - яғни, біздің сөзіміз бен ісімізден, ниетіміз бен іс-әрекетімізден десек артық айтпаған боламыз. Күн сайын біз ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасында таңдау жасаймыз. Солай емес пе?! Сондықтан да біз үшін жалпыұлттық мүдделер төңірегінде топтасу, бірлікті нығайту және әділеттілік қағидаттарын берік ұстану өте маңызды», - деді сөз соңында Оксана Юрьевна.
Кездесу соңында Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Евгения Анатольевна қатысушыларға алғыс білдіріп, кездесуді қорытындылады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ