Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бөліп төлеу кредит деп санала ма? Олардың арасында қандай айырмашылықтар бар және ерекшеліктері қандай? Ол жөнінде Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Бөліп төлеу бір қарағанда ыңғайлы құрал сияқты болып көрінеді: сатып алушы тауарға немесе көрсетілетін  қызмет үшін артық төлемсіз бөліктермен төлей отырып, қалаған затын бірден алады.

Бөліп төлеу талаптары сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта ұсынылады, онда төлемдердің мерзімі, мөлшері және кестесі көрсетіледі. Сатып алушы тауардың барлық құнын төлеп болғаннан кейін ғана оны меншігіне алады. Ол мерзімін өткізіп алғаны үшін пайыздар мен айыппұлдар төлемейді. Сатып алушы мен сатушының арасында делдал - банк болатын бөліп төлеу түрі бар.

Бөліп төлеудің кредиттен басты айырмашылығы бөліп төлеуді қолма-қол ақшамен алмайды, оны нақты бір зат (тұрмыстық техника, киім-кешек, телефон және т.б.) сатып алу үшін береді. Ал егер де сіз мысалға, банктен кредитті қолма-қол ақшамен алған болсаңыз, онда алған қаражатты бірден жұмсауға міндетті емессіз.

Бұл жерде бөліп төлеу ресімдеу үшін талаптардың әртүрлі болатынын ескеріңіз. Мәселен, банк талап ететін құжаттардың тізімі стандартты болып келеді – байланыс деректері, электрондық мекенжай, ЖСН. Ал дүкен, егер ол әріптес-банкпен  кредиттік шарт ресімдемеген болса, қосымша деректер ұсынуды талап етуі мүмкін, ол тұрғылықты жері бойынша тіркелуді растау, кепілгерлік шарты және т.б.

 

 

Неліктен бөліп төлеу сатушылар үшін тиімді?

 

Бөліп төлеу мен тұтынушылық кредиттердің арқасында адамдар әлдеқайда көп сауда жасайды, нәтижесінде сатушылардың пайдасы арта түседі, яғни осылайша тауар көп сатылады. Әсіресе бөліп төлеу арқылы тұтынушылық тауарлар: тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, киім, аяқ киім, кейде үлкен сомаға азық-түлік те жақсы сатылады. Мұнда «қазір тауар, ақша кейін» психологиясы сәтті жұмыс істеуде.

Кейбір жағдайларда дүкендер бөліп төлеуді ресімдеген кезде соманың 20-50% мөлшерінде бастапқы жарнаны, ал қалғанын белгілі бір мерзім ішінде, 2-3 айдан бір жылға дейін төлеуді талап етеді. Әдетте ай сайынғы төлемдер соншалықты көп болмайды, сондықтан сатып алушының қалтасына қатты салмақ түспейді. Ал адам бірнеше бөліп төлеу ресімдеп, өзіне шамадан тыс  жүктеме алса, онда ол басқа әңгіме. Жоспарсыз,  кенеттен жасалған  сатып алулар тұтынушыны ұзақ уақыт бойы кредиттік кіріптарлыққа  әкелуі мүмкін.

 

Бөліп төлеудің «артықшылықтары»:

 

- қолыңызда қажетті сома болмаса да  қымбат тауар сатып алу мүмкіндігі;

- бөліп төлеу кезеңінде сатып алынатын тауарды «осы жерде және қазір» пайдалануға болады;

- бөліп төлеуде кредиттік пайыздар болмайды;

- рәсімдеу ыңғайлылығы – сатып алушыға құжаттар жинап, банкке хабарласудың қажеті жоқ. Бүгін барлық қажетті құжаттарды бірден дүкенде, оның ішінде онлайн ресімдеуге болады.

 

Бөліп төлеудің «кемшіліктері»:

 

- бөліп төлеудің қысқа мерзімі. Кредит, әдетте, ұзақ мерзімге, бөліп төлеу – бірнеше айға беріледі;

- ай сайынғы жарна сомасының үлкен мөлшері. Сондықтан, тұрақты төлем мөлшерінің қомақты болуына байланысты бөліп төлеу барлығына қол жетімді болмауы мүмкін;

- бастапқы жарна енгізу қажеттілігі;

- дүкен өтпей, жатып қалған тауарлардан құтылу үшін, сондай-ақ маусымдық тауарларды (мысалы тондарды) сату кезінде бөліп төлеуді ұсынуы мүмкін;

- «бөліп төлеу оңай» деген сезім негізсіз шығындарға, қажетсіз сауда жасауға әкеледі.

 

Бөліп төлеу – кредит пе?

 

Есіңізде болсын, бөліп төлеуді ұсынатын дүкен кейбір жағдайларда тауарлардың бағасын алдын-ала 10-20%-ға көтеріп, содан кейін банкке сол мөлшерде пайызсыз бөліп төлеу жеңілдігін береді. Сондықтан өзіңізді қызықтырған тауардың нарықтағы құнын әртүрлі дүкендерден тексеріп алыңыз.  

Мұндай сатып алу тауар үшін артық төлемсіз, бөліп төлеу сияқты көрінгенімен, негізінде сатып алушы банк алдында өзіне кредиттік міндеттеме алады. Яғни, бөліп төлеу бұл жерде кәдімгі маркетингтік амал.

Мысалы, сіз кір жуатын машина сатып аласыз. Тұрмыстық техника дүкенінде сізге оны пайызсыз 10 айға бөліп төлеуді ұсынады. Іс жүзінде банк сізбен кредиттік шарт ресімдеп, онда пайыздық мөлшерлеме көрсетіледі. Пайыздар бойынша төлемдердің жалпы сомасын дүкен тоңазытқышқа берілетін жеңілдік түрінде ресімдейді, бұл жеңілдік аталған пайыздардың сомасын өтейтін болады. Сонымен, сізге кір машинасын 200 мың теңгеге сатады – бұл соманы әріптес банк сізге кредитке береді және 10 айдың ішінде ол бойынша 40 мың теңге пайыз жиналады. Дүкен оларды жеңілдік түрінде ресімдейді.

Осылайша, бөліп төлеуді кредиттен ажыратуға көмектесетін – шарт. Сондықтан әрқашан шартты мұқият оқыңыз, оның әрбір тармағын зерттеп шығыңыз. Қаржылық және заңды жауапкершілік түбінде тек сізге ғана жүктеледі!

 

Бөліп төлеу мен  кредит – бұл үлкен жауапкершілік!

 

Сіздің бөліп төлеу ресімдедіңіз бе әлде кредит ресімдедіңіз бе бұл  маңызды емес, алайда оларды төлемесеңіз, қиындықтарға тап болуыңыз әбден мүмкін. Мысалы, сізді бөліп төлеу туралы шарт бойынша төлемегеніңіз үшін сотқа беруі мүмкін. Кредиттік шарт бойынша төлемеген жағдайда, кредитор міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жолдауға міндетті және бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі. Кредитор сондай-ақ төлем талабын (егер бұл шара шартта ескертілген болса) қоюы мүмкін және борышкердің қосымша келісімінсіз банк шотынан белгілі бір сома есептен шығарылады. Кредитор берешекті коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге беруі мүмкін. Сондықтан да, борыштарыңызды уақтылы өтеуді кейінге қалдырмаңыз!

Егер сіздің қаржылық жағдайыңыз қиындап, кредитіңіздің мерзімін өткізіп алсаңыз, онда сіз өз қарызыңызды қайта құрылымдау жөніндегі мәселелерді тікелей кредиторлармен шеше алатыныңызды ұмытпаңыз.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілді. Тәртіп кредитордың тарапынан қарыз алушының ағымдағы төлем қабілеттілігіне сәйкес қарызды қайта құрылымдауға өтінішін қарау жөніндегі жұмыстың жүргізілуін көздейді.

 

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz сайтымен бірге арттырыңыз!