ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ СТУДЕНТТІК ӨМІРГЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҚИЫН ӘРІ КӨПЖАҚТЫ ҮРДІС. СОНДЫҚТАН ДА, БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТІНІҢ КОЛЛЕДЖ ЖАҒДАЙЫНА БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕСІ БІЛІКТІ ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ. КЕШЕГІ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНЫҢ СТУДЕНТТІК ӨМІРГЕ «ЕНУІ» ӘП-СӘТТЕ БОЛА ҚОЯТЫН ҚҰБЫЛЫС ЕМЕС. ОЛ ҮШІН ТОП ЖЕТЕКШІЛЕРІ ӘРТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ БЕЙІМДЕУ ІС-ШАРАЛАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫП ЖАТАТЫНЫ БАР.
Театр - адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі танып, білуіне, жаңа бір ортаға бейімделуі үшін алғашқы қадам жасауына сепьігін тигізетін ерекше орын емес пе. Содан болар, биылғы оқу жылында ҚТӘ-9-21 тобына жаңадан қосылған студенттер өздерінің студенттік өмірге бейімделуінің алғашқы сатысын «Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрынан» бастады. Игі іс-шараны топ жетекшіміз Қасымова Бақытжамал Сағындыққызы ұйымдастырған болатын.
Қыркүйек айының соңында Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ муызкалық драма театры «Алғашқы махаббат» қойылымымен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына алғашқы гастрөлдік сапарымен ат басын тіреген болатын.
«Алғашқы махаббат» қойылымына жан-жақтан студенттер мен ұстаздар, қадірлі қонақтар көрермен болып барған екен. Біздің Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері де аталмыш мәдени іс-шараны тамашалап қайтқан болатын. Олардың қатарында ҚТӘ-9-21, ҚТӘ-9-22, БМ-9-21, БМ-9-20, БМ-9-22, ОТӘ-9-18, ИЕТ-9-20, БҚ-11-21, БҚТӘ-11-21 студенттері де бар.
Белгілі әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясы бәріміздің езуімізге күлкі сыйлады. Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім.
Сірә, махаббат «машақатын» көрмеген жан кемде-кем болар. Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Қойылым 11-сынып оқушыларының мектеп өміріндегі алаңсыз сәттері мен балауса сезімін бейнеледі. Бозбала жаңадан келген сынып жетекшісіне ғашық болып қалып, сезімнің сергелдеңіне түседі.
Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Езуге күлкі үйірер осындай шытырман оқиғаға құрылған бұл комедия көрермен назарын бей жай қалдырмайды.
Сондай-ақ қойылым ұтымды әзілімен езуіңізге күлкі ұялатып әп сәтте жаныңызды баурап алады. Аға буын партада отырған аяулы шақтарына сапар шексе, ал бұл кезеңді басынан өткеріп жатқан студенттерге тіптен қызықты болды деп толық сеніммен айта аламын.
Мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттелетін қойылым қызықты ситуация, ұтымды әзілімен ә дегеннен жанымызды бірден баурап алды. Себебі, үлкен өмірге қадам басып, үлкен әлемнің дәмін татқан адамның жүрек түкпірінде партадағы сол бір аяулы шақтарына деген сарқылмайтын сағынышы сайрап жатары анық.
Аталмыш қойылымның сәтті өткенін демін ішіне тартып отырып, 1 сағат 10 минут бойы қыбыр етпестен тамашалаған көрерменнің қойылым аяқталғанда тікесінен тік тұрып, толассыз жаудырған шапалағынан да аңғаруға болады.
Мектеп өмірінің мөлдір сәттері мен бейкүнә сезімдер суреттелген қойылым көрерменді қуанышқа бөледі. Театрдың әртістеріне үздіксіз шапалақ соғылып, жұртшылық жылы лебіздерін ерекше білдіріп жатты соңында.
Алтынай Марат,
Абай Құнанбаев атындағы СЖГТК ҚТӘ-9-21 тобының студенті