Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МАМАНДЫҚТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ. ӘРКІМ ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ БОЛА БІЛСЕ, АБАЙ АЙТҚАНДАЙ, ӨМІРГЕ КЕТІГІН ТАУЫП ҚАЛАНАТЫНЫ КӘМІЛ.

Өткен аптада Саран қаласының Мәдениетүйінде қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шебердің қолы ортақ» атты дәстүрлі аймақтық жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті. Атамыш фестиваль биыл осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат аспаз, дәнекерлеуші сынды қарапайым жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің қоғамымыз еңбек құндылықтарын қабылдауды өзгертуі, жас ұрпақты еңбекті бағалауға үйретуі, оны беделді және беделді емес деп бөлмеуі тиіс», - деп атап өткен болатын. Жыл сайын республикада кәсіптік техникалық білім берудің беделі де артып келеді.

Себебі, кәсіптік білім – жастарға сапалы білім, іскерлік және дағды ғана беріп қоймай, жеке тұлғаны қалыптастыруға да септігін тигізеді. Қуанарлығы, қазіргі жастар бұрынғыдай қоғамда жетіп артылатын экономист немесе заңгердің дипломын алып, жұмыссыз жүргеннен гөрі, кәсіптік және техникалық білімді саналы түрде таңдап, еңбек нарығына қажетті маман атануды жөн көреді.

Бұған біз іс-шара барысында көз жеткіздік. Сесебі фестиваль өткен күні Саран қаласының мәдениет үйінде ине шаншар орын болған жоқ. Мәдениет үйінің екінші қабаттағы фойесінде әр колледж студенттері өздерінің еңбек-жұмыстарын қойып, көрме ұйымдастырыпты.

Аймақтық фестивальге Қарағанды өңіріне қарасты қала аудандардың 11 колледждерінің студенттері ат терлетіп келген екен. Атап айтатын болса, олар - Абай көпсалалы колледжі, Балқаш қаласы Қазақмыс корпорациясының политехникалық колледжі, Қарағанды агротехникалық колледжі, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжі, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжі, Қарағанды теміржол колледжі, Қарағанды технология және сервис колледжі, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі, Саран техникалық колледжі, Теміртау техникалық колледжі, Шахтинск технологиялық колледжі бар.