12 ҚАЗАНДА «ДОСТЫҚ ҮЙІ» БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАСТАРДЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ КЕРУЕНІ ӨТТІ. РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРАНЫ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ.
Ондағы мақсат - білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту атмосферасын қалыптастыру, өскелең ұрпақтың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар саласында белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру, өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алатын сезімдерін тәрбиелеу.
Ақпараттық керуенге ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің ресми өкілі, құқықтық комиссия мүшесі, сыбайлас қарсы ұйымдар органы төрағасының орынбасары Тілеубердиев Аркадий Нәбиұлы, Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Төртбаева Ғалия Әнуарбекқызы, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық ағартушылық топ спикерлері Мұстафин Серік Хамзеұлы мен Әбішев Жомарт Сүлейменұлы, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы сыртқы талдау мен бағалау жөніндегі арнайы мониторинг тобының өкілі Камалиева Жібек Камалиқызы, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Күсенбаева Малика Манатқызы, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің эксперті Аукенов Нұртай Алпысұлы, Қарағанды КВН филиалының директоры Абутаев Ернат, «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің шығармашылық бөлімінің жетекшісі Амангелді Кәмилә Ерсінқызы мен Бегім Қантөре Нұрланұлы, шаһардағы мемлекеттік органдар мен білім ошақтарының өкілдері, оқушылар мен БАҚ қатысты.
Іс-шара бірнеше блоктан тұрды. Ақпараттық керуеннің шымылдығы Достық үйінің акт залында екі буын өкілдері бас қосқан форуммен түрілді.
Форумның шымылдығын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Әнуарбекқызы ашып, әрі қарай жүргізіп отырды.
Адамзатқа ертеден белгілі сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.
Өкінішке орай, барлық әлем елдері сияқты «сыбайлас жемқорлық» біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Осыдан екі жыл бұрын мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес тәуелсіз құқық қорғау органы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Агенттік жұмысының басым бағыттары ретінде – сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын жүзеге асыру мәселелері айқындалды. Осы орайда, Агенттік алдында тұрған ауқымды мәселелердің бірі – «жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші» осы келеңсіз құбылыспен күресте тек мемлекеттік қызметшілердің емес, барлық қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіру.
Шарада сөз сөйлеген ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Әнуарбекқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
«Қазір біз сіздермен бірге Жаңа Қазақстанды құру жолындамыз. Еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру жолындағы басты бағыттардың бірі жемқорлықпен күрес екендігі мәлім. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Оның пікірінше, заңның үстемдігін орнату және осы құқықтық мемлекетті құру үшін, ең алдымен, сыбайлас жемқорлықты жою қажет», - деп атап өтті Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева форум барысында.
Бұдан бөлек, халық арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық ағартушылық топ спикерлері Мұстафин Серік Хамзеұлының, Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Коробова Елена Александровнаның баяндамалары тыңдалды.
Одан әрмен ақпараттық керуен мүшелері шаһардағы білім ошақтарына ат басын тірек, әр мектепте мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар кеңесі бас қосқан диалог алаңын өткізді. Дәл осы сәтте Достық үйінде қала мектептерінің оқушылары арасында сыбайлас жемқорлық тақырыбы аясында КВН ойыны мен суреттер конкурсы өткізіп жатты.
Ақпараттық керуен Достық үйіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау тақырыбында өткен дөңгелек үстелмен қорытындыланды. Оған ақпараттық керуеннің мүшелері, қала мектептері мен Ардагерлер ұйымының Саран қалалық филиалының өкілдері және ата-аналар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында ақпараттақы керуеннің мүшелері жастар арасында адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелеу ісіндегі заманауи білім берудің басым міндеттерін атап өтті. Ал білім ошақтарының өкілдері мектеп ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы моральдық-этикалық және азаматтық-патриоттық тәрбиенің рөлі мен орнын ерекше толқталып өтті.
Ең соңында КВН мен сурет конкурстары қорытындыланып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау тақырыбында үздік өнер көрсету арқылы ерекшеленген оқушылар марапатталды. Ал тағылымды іс-шара қала мектептерінің оқушылары ұйымдастырған флеш-мобпен түйінделді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор