СТУДЕНТТІК ӨМІР! ӨМІРДІҢ ЕҢ КЕРЕМЕТ, ЕҢ ШУАҚТЫ СӘТІ ЕМЕС ПЕ?! ӘР АДАМНЫҢ ЖАДЫНДА ЕРЕКШЕ ЕСТЕЛІКТЕРМЕН ЖАТТАЛЫП ҚАЛҒАН СТУДЕНТТІК ӨМІР ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ. НЕГЕ ЕКЕНІН МАҚАЛАНЫ ОҚУ БАРЫСЫНДА БІЛЕ ЖАТАРСЫЗДАР, БРАҚ ДӘЛ СОЛ КҮНІ СТУДЕНТ КЕЗІМДЕ БІРГЕ ОҚЫП, ӨМІРДІҢ ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫ СӘТТЕРІН БІРГЕ БӨЛІСКЕН ГРУППАЛАС ДОСТАРЫМДЫ ОЙЛАУМЕН БОЛДЫМ. БӘЛКІМ, СОЛ ҚЫЗЫҚТЫ ЖЫЛДАРЫМДЫ САҒЫНҒАН БОЛАРМЫН…
Иә, студенттік өмір - өмірдің ең керемет, ең шуақты сәттері. Қызығы мол студенттік өмірді әркім әрқалай түсінеді, әрқалай бағалайды. Біреулер жанталас күндердің көрінісі деп бағалап жатса, енді бірі қайталанбас ғажап сәтке балап жатады. Меніңше, студенттік өмір - қызығы мен шыжығы, базары мен ажары, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін өмірдің аса бағалы сәттері.
Бірінші курс - «балмұздақ» атанып, үлкен оқу орнын қызықтап, мұғалімді көріп арыстанды көрген қояндай қорқып, жан жаққа жалтақтап жүретін, қулық-сұмдықпен әлі танысып үлгермеген кезің. Ең алғашқы стипендия ыстық көрінетін, ал, ең алғашқы сессия үлкен қорқыныш тудыратын күндер, сол қызықты шақ емес пе? Әрдайым белсенді болуға тырысып, күнде сабаққа дайындалатын кезің. Емтихан жақындағанда шпордың түр-түрін жасап, кейін шпор жасаудың «№1 шебері» болатын кезің.
Екінші курс - «балмұздақ» кезеңінен өтіп, жұрттың назарына ілікпей, есеюге бет бұратын жыл. Сабақтан себепсіз қалу жиілеп, қыздарымыздың сәнге көзқарасы өзгеріп, ұзын қолаң шаштары қысқарып, түрлі түске боялады. Жүректерінде махаббат сезімдері оянып, жастық шақтың буына масаятын кезі.
Үшінші курс - қыдырудың кезі. Группаластарыңмен таныстығың нығайып, бір-біріңді жақыннан біле бастайтын, жыйын-кештердің біреуінде жібермейтін кезің. Білім алудан ұйқыны артық көретін, мұғаліммен құрбы-құрдасша сөйлесіп, жақсы балды қоржынға салып жүретін шағың.
Балалықтың ауылынан алыстап, өмірге деген көзқарасың өзгеріп, есейгендіктің белгілерін сезінесің. Сөйтіп жүргенде, топтың алды тұрмыс құра бастайды. Өмірлік серіктерін кездестіріп, «әке және ана» деген атқа да ие болады. Бұл өмірдің шындығы.
Әне-міне дегенше, студенттік өмірдің соңғы жылы да келіп жетеді. Әр қадамыңды нық басатын, өз-өзіне сенімді студентке айналасың.
Төртінші курс - қимастықтың курсы. Практика, диплом деген екі сөзді көп қайталай беретін, төрт жыл төрт секундтай өткенін еске түсіріп, сағынышпен, үлкен өмірге аяқ басатын кезең. Төрт жыл бойы өзің жүрген ортадан, ұстаздарыңнан, сүйікті достарыңнан бір-ақ сәтте алыстайтыныңды ойлау – қиынның-қиыны.
Маған және менің группаластарыма студенттік өмірдің қызықты сәттерін сыйлаған – Қарағанды облысындағы жоғары оқу орындарының ішіндегі ең белді колледждердің бірі һәм бірегейі, білім деңгейі өте жоғары оқу ошағы болып табылатын Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі болатын. Қазір де осы жоғары оқу орнында білім алып, белді бір маман иесі болсам – деп, біздің кенді шаһар Сораңдыға (Саран) арман қуып келіп жатқан жастарымыз аз емес.
Облысымыздағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірі әрі бірегейі, Саран шаһарындағы білім мен ғылым ордасының қара шаңырағы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі күні кеше табалдырық аттаған бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдады. Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жас ұландар сол күннен бастап өмір кітабының «СТУДЕНТТІК КЕЗЕҢ» атты ақ парақтарын безендіретін болады.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі – ертең тәуелсіз еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек ететін білікті де білімді кадрлар даярлайтын Саран шаһарындағы негізгі орталық, талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қасиетті мекен.
Иә, қазақстанымыздың болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал Абай Құнанбаев атындағы СЖГТК болашағы – бүгінгі студенттің қолында. Осы орайда аталған білім ошағының Мектептегі орыс тілі мен шетел тілдері бөлімінің аға мен әпке рөлдеріндегі студенттері, «Білім кілтін» аталмыш бөлімнің 1-курс студентіре табыстады.
Студенттік кезең атты ақ парақты алғаш ашып отырғандардың қатарында Мектептегі орыс тілі мен шетел тілдері бөлімінің КИ-9-22, ШР-9-22, БР-11-22, ШИ-9-22, ДВ-9-22 топтарының студенттері бар. Ал енді ғана студенттік өмірдің табалдырығын аттағалы отырған «балмұздақтардың» тұсауын БР-11-20, ДВ-9-20, ШР-9-20, ШИ-9-19 топтарының студенттері кесті.
Салтанатты кеште Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің директоры Закамолкин Владимир Анатольевич пен колледжің Мектептегі орыс тілі мен шетел тілдері бөлімінің меңгерушісі Рудневская Наталья Борисовна сөз сөйлеп, биыл оқуға түскен жастарды студент атануларымен құттықтады.
Владимир Анатольевич: «Құрметті студенттер! Бүгінгі мереке сіздердікі. Сіздер бүгін тарлан тарихы сонау 1922 жылдары қасиетті Қарқаралы топырағынан бастау алатын Һәкім Абайдың атын арқалаған Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері атанып отырсыздар. Өздеріңіз де білетіндей, биыл колледжіміздің құрылғанына 100 толып отыр. Бір ғасыр уақыт ішінде біздің қасиетті қара шаңырақ өз қабырғасынан талай білікті де білімді мамандарды түлеп ұшырып, қанаттандырды. Міне, енді сіздер де біздің сол болашақ түлектеріміздің қатарына қабылданып жатырсыздар! Баршаларыңызды студент атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! «Білім» атты тұңғиық терең теңізде «талап» атты қайықтарыңыздың кез келген дауыл мен сынақтардан сүрінбей өтуіне тілектеспін», - деп ақ батасын берді.
Мектеп қабырғасынан енді шығып, армандаған мамандығына оқу түскен жастар үшін студенттер қатарына қабылдау шарасы есте қаларлықтай маңызды сәт. Дәстүр, сапа және жетістікті ұштастырып келе жатырған Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі биыл жүздеген жасты студенттер қатарына қабылдады. Енді арман қуып келген талапкерлер Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті атанып отырған жайы бар.
Осы салтанатты сәтте Мектептегі орыс тілі мен шетел тілдері бөлімінің меңгерушісі Рудневская Наталья Борисовна: «Білімді адам ғана болашаққа батыл қадам баспақ. Біздің жастарымыз алған білімін ақылмен, өнегемен, тән мен жанның сұлулығымен, парасаттылықпен ұштастырса, нұр үстіне нұр жауар. Оқу-білім үздіксіз еңбектің арқасында ғана жақсы нәтижеге, жоғары жетістіктерге жеткізеді. Студент жастарымыздың жан-жақты, саналы, терең білімді, бәсекеге қабілетті болуы – қоғам сұранысы. Ал қоғамның жүрек дүрсілі, өзегі бүгінгі жастар екені белгілі. Ендеше сол жастар, мына сіздер, Қазақстанның болашағын бұлыңғырлатпай, сенімдерін селдіретпей, көк байрақты тік ұстап, еліміздің абыройын асқақтата беріңіздер!», - деп жаңа толқыннан үкілі үміт күтетіндігін айтып, ақ жол тіледі.
Сонымен қатар, Наталья Борисовна бірінші топ кураторларын сахнаға шақырып, оларға топтың туу туралы куәліктерін табыстады.
Студенттер үшін ұйымдастырылған салтанатты шарада оларды құттықтап, жылы лебіздерін білдірген жандар көп еді. Басым көпшілігі - іргелі білім ордасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басып, өз орнын тапқан жандар.
Өз кезегінде студенттер білім алуға, оқуға, университеттің тәртібін сақтауға салтанатты түрде ант берді. Кеш соңында жиналған көпшілік студент жастар ұйымдастырған әуезді кештің куәгері болды.
Пы-сы: Студенттік өмір — МАХАББАТ ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР. Куратор – «МЕН СЕНДЕРГЕ ЖАМАН БОЛСЫН ДЕМЕЙМІН...». Староста – ДЕКАНАТ ПЕН ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ «БАЙЛАНЫС СЫМЫ». Жатақхана – АШТЫҚПЕН ӨТКЕН ТАЛАЙ КҮНДЕРДІҢ КУӘСІ. Ролтон – АШ ҚАРЫННЫҢ «АУЫЗ БАСТЫРЫҒЫ». Степендия — ҰЗАҚҚА БАРМАЙТЫН ҚУАНЫШ немесе «БЫЛАЙ ТАРТСАМ АРБА СЫНАДЫ, БЫЛАЙ ТАРТСАМ ӨГІЗ ӨЛЕДІ». Бухгалтерия – КВИТАНЦИЯНЫҢ ЖАУЫ. Кітапхана немесе Оқу залы – «АДАМ БОЛАТЫН БАЛА АЛЫСҚА ҚАРАЙДЫ». Оқырман билеті – «БИЛЕТ ЖОҚ БОЛСА, КІТАП ЖОҚ». Пропуск – «ТЕКСЕРІС БЕКЕТІ». Далаға шыққан студент — ЖАЯУ МҰСА. Свидание — КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ. Лекция — ҚАЛҒЫП-МҮЛГУ. Семинар — СЕН ТИМЕСЕН МЕН ТИМЕЙМІН. Сессия — ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУ немесе «МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛУ». Сессиядан кейін — ДАУЫЛДАН КЕЙІН. Диплом қорғау — ҚЫЛ КӨПІР.
Ендеше, ақ жол саған, студент!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретке түсірген автор