Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақ тілінің қоғамның әр саласында қолданылу аясын кеңейту, ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін арттыру, қазақша контенттер қатарын көбейтуге атсалысу, отбасында мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының сақталуын дәріптеу мақсатында ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап облыс аумағында «Тіл – қазына» жобасы қолға алынды. Жоба аясында облыс аумағындағы іс-шаралар 3 бағытта жүргізілуде:

І  бағыт  аясында мемлекеттік тіл саясатын және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптары көпшілікке түсіндіріліп, қолданыста бар қазақ тіліндегі IT жобалар таныстырылады. Ол үшін Қарағанды облысының 11 өңірінде көшпелі семинар-тренинг өткізу жоспарланған.

ІІ бағыт аясында әлеуметтік желіде «Қазақ тілі 24/7» контентін қалыптастыру қолға алынды. Бұл бағыттың басты мақсаты бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде әлеуметтік желілерде қазақтілді сапалы контентті арттыру, өзге ұлт бүлдіршіндері мен жастарының қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?» атты бейнероликтерді кең ауқымда тарату арқылы өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастыру.

ІІІ бағыт аясында қазан айында «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы ұйымдастырылады. Негзгі мақсаты. мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау, әрі жаңғырту арқылы өскелең ұрпақ арасында еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

«Тіл-қазына» жобасы аясындағы көшпелі семинар-тренинг қазанның он екінші жұлдызында Саран қаласында өтті. Шараға тіл жанашырлары, қаланың мемлекеттік қызметкерлері, әр сала өкілдері және кәсіпкерлері қатысты. Шараны «Аманат» партиясы Саран қалалық филиалының атқарушы хатшысы Тәжібаева Нұргүл Сәбитқызы ашты, қалада тіл саясатын іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында ауқымды шараларды ұйымдастырушылар мен спикерлерге алғысын білдірді.

Кездесуде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы қазақ тіліндегі платформалар мен IT жобалар туралы ақпарат беріп, телеграм бот арқылы тіркелу қадамдарын көрсетіп берді. «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ-нің директоры, «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының аудармашысы Береке Жарылғапова «Тіл туралы», «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы», «Жарнама туралы» ҚР Заңдарының талаптарын көпшілікке түсіндірді. Сондай-ақ, Е.А. Бөкетов атындағы ҚУ доценті, «Құрмет» орденінің иегері, ТМД-ның үздік педагогы, ҚР білім беру ісінің үздігі, университеттің еңбек сіңірген қызметкері - Жаңбырбай Қағазбаев «Тіл –ұлттың жаны» тақырыбында баяндама жасады. Полиглот-тілші ақпаратты үш тілде түсіндіріп, шараға жиналған 300-ге жуық қатысушыны баурап алып, бүгінгі таңда тіл үйренуге мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар көптеген сұрақтар қойып, ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

Кеш соңында «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің басшысы Ғалия Тохметова «Тіл-Қазына» жобасының спикерлеріне Саран қаласы әкімінің атынан Алғысхаттар табыс етті.

Айта кетері, облыстың 11 өңіріне жоспарланған «Тіл қазына» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Шет ауданынан бастау алып, Балқаш пен Приозерск қалалары, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында өткізілді.

Г. Ханафина,

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы Саран қалалық филиалының төрағасы