РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА САРАН ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЕЛ КӨЛЕМІНДЕГІ «ТАБИҒАТТА ҚОҚЫС ЖОҚ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АКЦИЯСЫН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН. ТАЗА ӘЛЕМ» АТТЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШАРАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ.
Аталған шараның негізгі мақсаты – жастарды туған жерін аялап, тұрғылықты жерін ластамай, қаланы таза ұстауға шақыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұрындық болған жалпыұлттық экоакция аясындағы игі шара барысында Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» жастар ұйымының белсенді жастары Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жанындағы саябақта бас қосты. Оларды біріктірген асыл мақсат – кенді шаһар Саранның көрікті жерлерін қоқыстан және басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту.
Саран қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина атап өткендей, жас ұл-қыздар осындай акциялар мен іс-шаралардың тұрақты қатысушылары. Олар әр экологиялық белсенді бастаманы қолдап, табиғатты таза етуге деген құлшыныстарын жасырмайды.
«Акцияға Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» жастар ұйымының белсенді жастары қатысып жатыр. Олар қоршаған ортаның ластануы және оның салдары, табиғатқа келтірілген зияны мен бұндай акцияларды өткізудің маңызы туралы жақсы біледі. Соны білгендіктен және жақсы сезінгендіктен де олар келесі сенбіліктерге де қатысуға ниет білдіруде», – деп атап өтті жастар орталығының басшысы Сәнді Далабайқызы.
Шылым тұқылы, бос бөтелкелер, тамақтан қалған қағаздар. Қала тұрғындары жиі таза уаға шығып, шаһар аумағында орналасқан саябақтарда демалып, серуендеп қайтқанды жақсы көреді. Әсіресе, Ленин даңғылы бойында орналасқан саябақ пен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жанындағы саябақта кешкілікте таза ауамен демалып жүретіндер көп. Бірақ, демалушылардың басым бөлігі өздерінің соңынан қалдықтарын жинау керектігін ескермей жатады. Салдарынан әр жерде қоқыс жатады. Қалдықтар тек сенбіліктер мен экоакциялар кезінде ғана жиналады.
Қоршаған ортаға құрметпен қарау – әр адамның парызы. Мұны өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Табиғатта қоқыс жоқ!» акциясы қазанның 8-і күні бүкіл республика көлемінде ұйымдастырылған болатын. Осылайша шарапаты мол іс-шара қалалық Жастар ресрурстық орталығының бастамасымен өткен аптадағы қасиетті жұма күнінде де жалғасын тапты.
«Менің ойымша, мұндай іс-шаралар көп болуы керек, өйткені ол қоршаған ортаға қамқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілікті көрсетеді. Мен бұндай іс-шараларға қатысуға қашанда дайынмын. Біз бәріміз осында тұрамыз, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, басқа жас жігіттер мен қыздарға үлгі болуымыз керек. Экологиялық мәдениетті үнемі арттырып, экологиялық мәселелерді шешуге бәріміз атсалысуға міндеттіміз», – дейді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің 3 курс студенті, «Жігер» студенттік парламентінің Президенті Серікбол Оразханұлы.
Жалпы, өңірдің бей-жай қарамайтын тұрғындары мен белсенділері жалпыұлттық акцияны қолдады. Эко-белсенділер мен еріктілер ластанған жерлерді қоқыстардан тазартуға бағытталған іс-шараларға қатысуға шақырды. Өйткені, еліміздің әрбір тұрғыны қоршаған ортаға және табиғаттың тазалығына қамқорлық жасауға міндетті.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор