Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ҮЙЛЕСІМДІ ДАМУЫ МЕН БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ – БІЗДІҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ МІНДЕТІМІЗ.ОЛАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТАБЫСТЫ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ», ДЕП АТАП ӨТТІ ЕМЕС ПЕ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ.

Осы орайда үстіміздегі жылдың 17 қазанында балалар жылы аясында және республика күні қарсаңында Қарағанды облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен Саран қаласының білім бөлімі шаһардағы №6 жалпы білім беретін мектептің спорт залында № 9 облыстық мамандандырылған мектептің, №7 мектеп-интернаттың, № 6 жалпы білім беретін мектептің білім алушыларына арнап «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясын өткізді.

Қайырымдылық акциясына аталмыш мектептің директоры Мазина Татьяна Ивановнадан бөлек, Қарағанды облысы Қоғамдық Кеңесінің заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Смайыл Динара Кенжеқызы, Қарағанды облысы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Түсіпов Марат Қанатұлы, Балалар үйінің түлегі және Академик Е. Бөкетов атындағы Қару дене шынықтыру және спорт факультетінің 1 курс студенті, Қарағанды облысы бойынша «Jas Project» республикалық жобасының жеңімпазы және «Спортты ұрпақ» жобасын жүзеге асырушы Виталий Макеев, Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Горбатова Евгения Александровна қатысты.

Акцияның мақсаты ата-ана қамқорлығынан айрылған тәрбиеленушілерге, аз қамтылған отбасылардың және даму мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету, сонымен қатар салауатты өмір салты мен спортты насихаттау. Балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу.

«Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.

«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- деп дана халқымыз айтып өткендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныту үлкен сауапты іс. Осы мақсатта ата-ана қамқорлығынан айрылған тәрбиеленушілерге, аз қамтылған отбасылардың және даму мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету мақсатында «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатқан жайымыз бар», - деді бізбен тілдескен Қарағанды облысы Қоғамдық Кеңесінің заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Динара Кенжеқызы.

Іс-шара барысында 1-сынып оқушылары арасында «Көңілді старттар» спорттық эстафетасы ұйымдастырылды. Спорттық эстафета бағдарламасы тартымды да қарқынды форматта өтті десек артық айтпаған болармыз. Сайыстардың қызықты болғаны соншалық, тіпті іс-шараны сырттан бақылаған біздің өзіміз эстафетаға қатысқан әр балаға қалай жанкүйер болып үлгергенімізді аңғара да алмай қалдық.

Командаларға жүгіру, секіру, доптар, кегель мен шеңбер эстафеталары бар қызықты жарыстар ұсынылды, онда олар өздерінің спорттық қабілеттері мен дағдыларын толыққанды көрсете алды. Іс-шара барысындағы түрлі конкурстарға балалар бар ынталарымен қатысып, белсенділік танытып жатты. Сонымен қатар, олар сайыс барысында жылдамдық, ептілік, командада жұмыс істей алусынды қабілеттерін көрсетті. Спорттық ынта мен өз командасы үшін жеңіске жетуге деген ұмтылыс балаларды соншалықты баурап алды, тіпті олар айналада болып жатқан оқиғаларға да  мән бермеді. Барлығы мәреге бірінші болып жету үшін барын салды.

«Көңілді старттардың» барлық кезеңдері өзара тартысты өтті. Жанкүйерлер мен көрермендер оқиғалардың барысын бақылап, өз командалары үшін жанкүйерлік танытты. Ал балалар болса спорттық сайыстардан сергектік пен жақсы көңіл-күй әсеріне бөленді. Оны біз балғындардың бал-бұл жанған жүздерінен-ақ байқадық. Соңыра № 6 жалпы білім беретін мектептің  4 сынып оқушылары арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Акция соңында балаларды қолдау мақсатында және спорттық жетістіктері үшін спорттық киімдер мен естелік медальдар сыйға тартылды.

«Балаларға қамқорлық көрсетуді мақсат еткен акция аясында олардың бойына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастырғымыз келді. Жеткіншектерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулуға үлес қоссақ деген ой болды», - дейді Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Евгения Горбатова.

Иә, адам баласының жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік, мейірімділік. Қайырымдылық - халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей кемтар, жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

 

Республика күнінде тойланады

 

Республика күнінде тойланады,

Егеменді елдің бұл мерекесі.

Егемендік жариялап осы күні,

Осы күні кірді елдің берекесі.

 

Патриоттық сезімдер алға басып,

Қазақ елі азаттығын сезінген күн.

Дербес ел боп қадамды нық қып басып,

Күн сәулесі күлімдеп көрінген күн.

 

Жиырма бесі қазанның шаттық берді,

Елімізге шуақты күнін сыйлап.

Бар бақытын осы күн алып келді,

Қуанышын әлемнің бізге жинап.