Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең-байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деген болатын. Сондықтан да қазақы атауларды қолданғанда оның түп негізіне назар аудару керек.
Жер тарихы - ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елді мекен, жер-су атауларында жатыр. Еліміздің жер-су елді мекен, көше атауларына көңіл бөлу, оларды тарихи тұрғыдан реттеу жұмыстары егемендік алғаннан кейін қолға алынды. Ономастика қазіргі уақытта тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі, өзекті мәселесі. Бүгінгі таңда Саран қаласының аумағы бойынша 240 көше бар. Оның 90% пайызы идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар. Атап айтсақ, Арычная, Безымянная, Веселая, Вахтерская, Виноградная, Вишневая, Крайняя, Томатная, Фруктовая т.б. Бұл ескірген, мән-мағынасы жоқ атаулардан арылып, төл атауларымызды толықтай қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Біріншіден, көшелерді жаңаша атау кезінде қазақ тіліндегі мағынасы мазмұнды, дыбысталуы көңілге де, құлаққа да жағымды атауларға мән берілгені жөн. Екіншіден, халықтық дәстүрді естен шығармауымыз керек.
Саран қаласының атаулардан, көз сүрініп, тілімізді бұрап сөйлеуге тура келеді. Олай болса тіл білімінде, оның ішінде ономастика ғылымында көше атауларының грамматикалық, семантикалық және тағы да басқа тілдік деңгейлеріне назар аудару қажет. Себебі көше атаулары тіл мамандарының танымында жаңа атау болып табылады. Қала көшелеріне жаңа атау беру — кезекте тұрған шұғыл шаруалардың бірі. Қазақ елі отыз жыл ішінде өзінің тәуелсіз мемлекет екенін дүниежүзіне дәлелдеді, сондықтан да идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ атаулардан арылуымыз қажет. Қала тарихы, оның атаулары қазақ халқының тарихы және салт-дәстүрімен байланысты болады.
Осы орайда Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Ұлы тұлғаларды ұлықтауға, моральдық тұрғыдан ескірген көше атауларына олардың есімдерін беру, ұлы тұлғаларымызды халыққа жете таныстыру мақсатында «Ұлыларды ұлықтау - ұрпақтар ісі» айдарын жүргізеді. Қала тұрғындары бұл айдарда қазақ халқының алып азаматттары, ғұлама ғалым, қажымас қайраткерлерді тағы да жан-жақты тани алады.
Бүгінгі жаңа атау - ертеңгі мұра, халықтың бүгінгі тыныс- тіршілігінен хабар берер дүниелер. Ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтауға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата- баба мұрасы жаңғырып, ел мен жердің сәні кіріп, халқымыздың рухы күшейеді.
Д. Жупенова,
«Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі»
ММ тілдер жөніндегі бас маманы