ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КӨЗ ЖЕТПЕС КЕҢІСТІГІНДЕ ЕРКІН ТЫНЫСТАП, ТАБИҒАТПЕН ТІЛДЕСЕ ОТЫРЫП, ОНЫҢ ЗАРЫ МЕН МҰҢЫН, ҚУАНЫШЫ МЕН ҚЫЗЫҒЫН СЫҢҒЫРЛАҒАН СУДАН, ӨПКЕН САМАЛЫНАН, ЛЕБІНЕН СЕЗГЕН ДАРХАН КӨҢІЛ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ӘУ БАСТАН-АҚ ДАЛА ҮНІ СЫР ШЕРТКЕНІ АНЫҚ. КЕЙДЕ АДАМ БАЛАСЫ ӨЗІНІҢ ІШКІ ЖАН ДҮНИЕСІН АҚТАРЫП, СЫРТҚА ШЫҒАРУДА САЗ ӘЛЕМІМЕН ҮН ҚАТАДЫ. МУЗЫКА – МАХАББАТ ОТЫНА ШЫРМАЛЫП, АЛАЙ-ДҮЛЕЙ БҰЛҚЫНҒАН ЖҮРЕКТІҢ ДЕ, МҰҢҒА БАТЫП ҚАЙҒЫРҒАН ЖАБЫРҚАУ КӨҢІЛДІҢ ДЕ ТІЛІН ТАУЫП, АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚҰПИЯ КҮШ, СӘУЛЕСІН ШАШҚАН ЖАРЫҚ НҰР ІСПЕТТЕС. БҰЛ СИҚЫРЛЫ САЗ ӘЛЕМІНІҢ СЫРЫН ӘЛІ ЕШКІМ ТҰҢҒИЫҒЫНА БАТЫП, ТОЛЫҚ АША ҚОЙҒАН ЖОҚ. БІРАҚ, АДАМЗАТ БАЛАСЫ ОСЫ САЗ ӘЛЕМІНІҢ ТҮБІНЕ ҮҢІЛІП, МӘН-МАҒЫНАСЫН ҰҒЫНУҒА ТЫРЫСЫП КЕЛЕДІ.
Қазан айының 17 жұлдызында Саран қаласының балалар өнер мектебінде № 6 жалпы білім беретін мектептің оқушыларына арнап «Музыкалық абонемент» атты шара өтті. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған айшықты шарада «Қазақ аспаптық музыкасы - ұлттық аспаптар» атты дәріс-концерт ұйымдастырылған болатын. Игі шара Қазақстандағы сыбызғышылық дәстүрдің қайта жандануына өлшеусіз үлес қосқан ізденімпаз, музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы әрі сол аспаптарды орындаушы, педагог, өнертану ғылымдарының кандидаты, қазақ өнерінің жоқтаушы, жаңғыртушысы, профессор Сарыбаев Болат Шамғалиұлының 95 жылдық мерейтойына арналды.
Музыкатанушы ғалым Болат Сарыбаевтың қазақ ұлт аспаптарын көне қалалардың орнына қазба жұмыстарын жүргізген кезде күл-топырақтың арасынан іздеді, іш пен сырттағы қазақ ауылдарын шарлай жүріп, ескіден қалған аспаптардың жұқанасын жинақтап жаңғыртты, шетелдік жиһангездердің жазбаларындағы саз аспаптары туралы сипаттамаларға шұқшия үңіліп отырып, оларды қолдан құрастырып та шығарды. Нақтылай айтқанда, ғалымның бұл жұмысы – миллиондаған жыл бұрын жер бетінен жойылып кеткен динозаврлар түрінің қаңқасын қайта жаңғыртқанмен бірдей еді.
Шара аясында балалар өнер мектебінің шығармашылық пәндер бойынша оқытушысы Қияшева Марал Ғалымқызы балаларға қазақ халқының түрлі музыкалық аспаптары, олардың пайда болу тарихы, олардың қандай материалдардан жасалғандығы, өзіне тән ерекшеліктері туралы өте қызықты деректерден мысал келтіре отырып айтып берді.
Балалар шаңқобыз, қылқобыз, сазсырнай, асатаяқ, даңғыра, қоңырауа, шертер, тұяқ секілді сирек кездесетін құралдармен танысты. Әрине, олар ұлттық аспаптарды тек көздерімен көріп қана қоймай, өнер мектебінің қазақ халық аспаптары бөлімінің оқушыларының орындауында ең танымал аспаптар – домбыра мен қобыздың дыбысына да қанығып, ерекше ләззатқа бөленді һәм қазақтың, тіпті ежелгі түркі бабалардың әлеміне саяхаттап қайтқандай әсер алды.
Балалар өнер мектебінің оқытушылары Г. Абжатова мен Қ. Абжатовтардан тәлім алып жүрген 5 сынып оқушылары Нұралы Шәйкен мен Аружан Алиевалар домбырамен күй шертсе, аталған өнер мектебінің оқытушылары С. Төлепова мен концертмейстері Н. Анцупованың қол астында тәлім алып жүрген 2 сынып оқушысы Көркем Қажымұрат қасиетті қобыздың үнін жаңғыртты.
Дәріс-концерт барысында өнер мектебінің қазақ халық аспаптары бөлімінің оқушылары Құрманғазының «Адай» күйін, Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін, «Жастар биі» ұлттық күйлері мен Н. Качурбинаның «Мишка с куклой» атты туындыларын орындап берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның бір ерекшелігі таныстырылған музыкалық аспаптардың барлығының да сурет немесе картинка түрінде емес, керісінше оқушылардың оларды кәнігі нақты көзбен көріп, қолмен ұстай алуларында болды дейді.
Сонымен қатар, шара барысында Марал Ғалымқызы Қазақстандағы сыбызғышылық дәстүрдің қайта жандануына өлшеусіз үлес қосқан ізденімпаз, музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы әрі сол аспаптарды орындаушы, педагог, өнертану ғылымдарының кандидаты, қазақ өнерінің жоқтаушы, жаңғыртушысы, профессор Сарыбаев Болат Шамғалиұлы туралы да аз-кем тілге тиек ете кетті.
Мұндай музыкалық дәрістерді өткізу оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, балалардың бойында әсемдікке, патриоттыққа, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге ықпал ететіні сөзсіз.
Себебі, кездейсоқ һәм достық атмосферада ұйымдастырылған шара № 6 жалпы білім беретін мектеп оқшуыларының әңгімеге белсенді қатысуына ықпал етті. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауаптарын алып, шара соңында өнер мектебінің қазақ халық аспаптары бөлімінде оқитын құрдастарына дәріс-концерт аясында алған өз әсерлерімен бөлісіп, оларға ерекше ықылас пен зор құрмет танытып жатты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ