Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕЛІМІЗ 13 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЛҒАШ РЕТ ҰЛТТЫҚ КҮНІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТТЫ. МҰНДАЙ МЕРЕКЕ ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНДА ДА БАР. ӘРІ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ РЕТІНДЕ ТОЙЛАНЫП ЖҮР.

Иә, биылдан бастап елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде тойлана бастайды. Соңғы 13 жылдан бері бұл күн елеусіз қалғаны белгілі. Ұлт үшін маңызы зор датаға биыл ел Президенті ерекше мәртебе берді. Себебі 25 қазан Тәуелсіздік бастау алған тарихи күн.

Саран шаһарында ұлттық мереке күні ауқымды түрде тойланды. Осыдан тура 32 жыл бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған Республика күнінде Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Іс-шарада қала әкімі Ержан Темирханов пен қалалық мәслихаттың хатышысы Өміржан Баймағанбетов тәуелсіз елдің дамуы жолында қала өміріне ерекше үлес қосқан жандарды алғыс хаттармен марапаттап, жылы лебіздерін білдірді.

Қала әкімі Ержан Оралұлы өзінің құттықтау сөзінде Республика күнінің еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі екендігін атап өтті.

«Президент айтып өткендей Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символына айналуы қажет. Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн. Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие.

Бүгінде Қазақстан Республикасының атауы достықтың, ұлтаралық татулықтың, ядролық қарусызданудың, тұрақтылық пен келісімнің символына айналып отыр. Осы тұрғыда біздің Саран шаһарының да Республиканың дамуына үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады», - деді қала әкімі Ержан Темирханов.

Иә, осылайша елдіктің, егемендіктің тойы – Республика күні биыл 13 жылдан соң қайта тойланды. Бұл мереке барша жұрттың ой-санасын дүр сілкінтіп, жылдар бойы қасаң қағидамен қатқан сеңді жібітті. Ұлттық мереке – ұлттың мәртебесін асырып, мерейін тасытты.

Қала әкімі Ержан Оралұлы атап өткендей, республика күніне Саран жұрты да толайым табыспен жетті. Тындырылған тірлік пен атқарылған шаруа аз емес. Алайда ел межесі, ер межесі осымен тоқтап қалмайды.

Ал қалалық мәслихаттың хатышысы Өміржан Баймағанбетов: «Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойды. Осылайша, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы қайта жаңғырып, 13 жылдан соң Ұлы мерекені қайта атап өтудеміз. Республика күні – Ұлтымыздың еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан ең құнды мереке. Бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған аталарымыздың армандары орындалып, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде – ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басқан, болашағына үлкен сенім артқан мемлекетке айналды. Әр жыл еліміздің одан әрі дамуы үшін тарихи шешімдерге толы болуда. Бүгінде ел Президенті «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын алға тартуда. Ортақ мақсатқа жету жолында облысымыздың тұрғындары да лайықты үлес қосуда. Бүгінде Саран қаласы қарқынды дамуда. Біз өзара бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың арқасында алдағы уақытта да жетістіктерге қол жеткізе аламыз!», - деп атап өтті өз құттықтау сөзінде.

Осыдан кейін қаланың қоғамдық - саяси өміріне белсене араласып, Қазақстан Республикасының дамуы мен қалыптасуына қосқан жеке еңбек үлестері үшін бірнеше жандар марапатталды.

Атап өтетін болсақ, «Саран қалалық қазынашылық басқармасы» РММ басшысы Жиенбаева Раушан Фахридинқызы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Саран қалалық сотының судьясы Ұлан Бақтыбайұлы, «Саранькоммунсервис» КМК автокөлік цехының механигі Будник Александр Николаевич, «Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ сектор меңгерушісі Гусева Евгения Анатольевна, «Қазақ тілі халықаралық қоғамы» ҚБ Саран қалалық филиалының төрағасы Ханафина Гүлзият Келдібекқызы облыс әкімінің алғыс хатымен, ал Ақтас кенті аналар кеңесінің төрайымы Кулкаевой Гүлнұр Хасанқызы, «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ үй-жайларын тазалаушы Коломицева Татьяна Николаевна, «Саран қаласының орталық ауруханасы» КМК аға медбикесі Калиничева Светлана Викторовна, «Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ бас маманы Сивкова Елизавета Эдуардовна, «Көмір Жылу» ЖШС шебері Шалаев Нұржан Ғалымжанұлы Саран қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«Бұл тарихи күн ғой. Былайша айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның қазығы қағылған күн. 25 қазан 1990 жылы декларация қабылданған. Біздің Жаңа Қазақстан, Тәуелсіз Қазақтан дейміз, соның бәрі сол күннен басталды. Сондықтан мерекеміз құтты болсын!», - деп ақжарма тілегімен бөлісті «Қазақ тілі халықаралық қоғамы» ҚБ Саран қалалық филиалының төрағасы Ханафина Гүлзият Келдібекқызы.

«Бүгінгі болып жатқан іс-шараның басты мақсаты - жастар мен қала тұрғындарын Отан сүйгішттікке бағыттау. Сондықтан Республика күнінің мәні мен маңызы ерекше деп айтамын. Ал жерлестеріміді Республика күнімен құттықтаймын, денсаулық, бақыт тілеймін», - деді «Көмір Жылу» ЖШС шебері Шалаев Нұржан Ғалымжанұлы.

Салтанатты шара Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің кәсіби әртістерінің мерекелік концертіне ұласты.

Шараның көркін «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі «Жезкиік» күйімен, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі Гүлмира Тапай «Ақ толғай» халық әнімен, «Мен қазақпын» әнімен Арай триосы, «Сарыарқа» әнімен халықаралық конкурстың лауреаты Медет Осатаев, «Счастье тебе, земля моя» әнімен халықаралық конкурстың лауреаты Арайлым Жукенова, «Ұлы далам» әнімен «Арай» квартеті, «Туған жер» әнімен Төлеген Сармутдинов қыздырды. Ал Арайлым Жукенова, Медет Осатаев, Ершат Конакбаев, Толеген Сармутдиновтердің орындауындағы «Қазақстан» әнімен шараның әдемі нүктесі қойылды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор