Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өткен аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Әбдіғали басқару-бақылау бағыты бойынша Саран шаһарына іс-сапармен келген болатын.

Облысымыздың бас имамы Естай Әбдіғали жергілікті мешітті зиярат етіп, онда қала әкімі Ержан Темірхановпен кездесу өткізді.

Алқалы жиынға Саран мешітінің бас имамы Мұхамедқали қажы Саликов, Саран қаласы әкімінің орынбасарлары Ералы Оспанов пен Алмас Сүлейменов, сонымен қатар Саран қаласының прокуроры Жанқозы Накишев қатысты.

Кездесу барысында Саран қаласының бүгінгі діни ахуалы жан-жақты сараланып, өзекті мәселелер талқыға салынды.

Одан бөлек, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту және сақтау бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланып, шаһардағы діни қызметтің жоспарлары мен перспективалары пысықталды. Сонымен қатар, мұсылман зиратындағы абаттандыру мәселелері тілге тиек етіліп, оған апаратын жолды жөндеу жұмыстары жоспарланды.

Өз кезегінде облысымыздың бас имамы Естай Айтуғанұлы қала әкімі Ержан Оралұлынан құлшылық үйінің кем-кетігі мен заңға байланысты кезек күттіріп тұрған қажетті дүниелерді жүзеге асыруда қол ұшын беруді өтінді.

Шаһар басшысы Ержан Оралұлы да мешітке мүмкіндігінше демеушілік жасап, әкімшілік тарапынан тиісті көмек қолын созатындығын жеткізді.

Кездесу соңында бабалар рухына Құран бағышталып, қала әкімі облыстың бас имамына Саран қаласының өткені мен бүгінін баяндайтын арнайы энциклопедияны хадия етті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ