БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛДАН БАСТАП САРАН ШАҺАРЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАМАҒАТТЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ.
Атап айтсақ, былтырғы жылдары мешітте осыған дейін мүлдем болмаған мәйітхана салынды, мешіттің шатыры толығымен ауыстырылып, ескі күмбезі жаңартылды. Ал биылғы жылдың жаз айларында мешіттің екінші қабатындағы намазханалар мен мешіт шәкірттеріне арналған дәріс бөлмелерінің төбелері толығымен жөндеуден өтіп, ерлерге арналған ең үлкен намазхана бөлмесіндегі тозығы жеткен жайнамаз кілемі ауыстырылып, аталған намазханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Былтырғы жылы діни басқарманың бірқатар жаңа талаптары шыққан болатын. Сол талаптарға сәйкес мешіттерде арнайы мәйітханалардың болуы және олардың барлық талаптарға сәйкес болуы да шарт болып бекітіген-тін. Соған сәйкес былтыр мешітте жаңа мәйітхана салынған болатын. Аталған шараның да басты мақсаты - жерлеу рәсімдерін шариғат нормаларына және ата-баба дәстүріне сай болуын қадағалап, өркениет көшінен де артта қалырмау.
«Былтыр біз қайырымды мешіт жамағаттарының қолдау көрсетуімен мешіттің жанынан жаңа мәйітхананы іске қосқан болатынбыз. Мәйітхананың іші барлық талаптарға сай, қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген. Мысалы, ҚМДБ-ның жаңа талаптарына саәйкес, мәйіт жататын жер мен оны ақтық сапарға шығарып салар алдында жуындыратын бөлме бөлек-бөлек орналасқан болуы тиіс. Содан кейін, мәйітті жуындыратын бөлмеде арнайы су ағатын құбырлар, жылы су, бөлменің ішін таза қалыпта сақтап тұру оңай болуы үшін қабырғалары кафельденген болуы тиіс болатын. Мәне, біз жаңа мәйітхананы саларда осы талаптардың барлығын да ескердік», - дейді бас имам Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы.
Аталмыш іс-шаралар легі аясында атқарылған игі істердің бірі ретінде мешіт күмбезінің жаңартылуы мен ескі шатырларының ауыстырылыуын да атап өткеніміз жөн.
Ғибадат үйінің күмбездері мен шатырларының ескіруіне байланысты, жалпы құрылыс жұмыстарының аясында мешіттің үш күмбезі әсемделіп жаңадан жасақталды, қала әкімінің қолдау көрсетуінің арқасында шатырлары ауыстырылды. Атқарылған жұмыстардың қала кәсіпкерлерінің қаражаты және қайырымды жандардың ерікті көмек көрсетуі нәтижесінде жүзеге асырылды. Игі іс мешіт имамы Саликов Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлының бастамасымен іске асты.
«Иә, мына мәйітханадан кейінгі жасалған күрделі жұмыстардың бірі ол мына мешіттің күмбезі мен шатырларының жаңартылуы болды. Өздеріңіз де білетіндей, бұрындары біз жылда мешіттің күмбезін бояйтынбыз. Ол да оңай жұмыстардың қатарынан емес, мешіттің төбесіне шығып, күмбезін бояу үшін де епті жігіттер керек. Жылдан жылға жалғаса беретін осындай жұмыстар оңайға соқпайтын мешіт үшін.
Енді Аллаға шүкір, біріншіден халықтың көмегімен, сонан кейін мына өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер Шәріп Исенов пен Серік Әбдуғалиев есімді жігіттердің біраз қаржылай көмектерінің арқасында атқарылған дүние ғой осы күмбезіміздің салынауы. Ал осы күмбезге қатысты жұмыстардың ұйымдастырушылық жағын Мұхтар Қалиев есімді жанашыр жігіттің ұран тастауымен жүзеге асқанын да атап өткеніміз абзал.
Содан кейін мешіттің шатырын ауыстырдық. Ол былай болды. Бұл негізі осы жөндеу жұмыстарының ішінде ең бірінші атқарылған жұмыс болатын. Біз мешіттің атынан әкімдік арқылы осы құлшылық үйінің шатырын ауыстыруға көмек көрсету үшін Қарағанды металлургиялық комбинатына хат жазған болатынбыз. Олар ол ұшын созып, бізбен бірден келісе кетті көмек көрсетуге. Содан оны осы жаққа әкімдіктің жігіттері жеткізіп берді. Міне, осылайша, әкімдік пен Карметкомбинаттың қолдау көрсетуінің арқасында мешіттің шатырын да ауыстырған болатынбыз», - деді қолдаушыларға шексіз ризашылығын білдіріген мешіт имамы Мұхамедқали қажы Саликов.
Үшінші атқарылған күрделі жөндеу жұмыстарының бірі ол мешіттің екінші қабатындағы намазханалар мен мешіт шәкірттеріне арналған дәріс бөлмелерінің төбелері толығымен жөндеуден өтіп, ерлерге арналған ең үлкен намазхана бөлмесіндегі тозығы жеткен жайнамаз кілемінің ауыстырылуы. Жалғыз ол емес, намазхана толығымен жөндеуден өтті десек артық айтпаған боламыз. Төбесі ауыстырылды, қабырғалары сыланды, михраб жаңартылды, жаңа жарықшамдар орнатылды, бөлмедегі тозығы жеткен үлкен жайнамаз кілемі ауыстырылды. Бұл жұмыстар да осы қайырымды қалталы азаматтар мен жанашыр жамағаттың қаражатына жасалған жайы бар дейді бас имам Мұхамедқали Қажы Сапарғалиұлы.
«Бұл мешіттің ғимараты ескі. 60 жыл болған салынғанына. Төбесінің бәрі шіріп кеткен, жаңбыр жауса, намазхана бөлмелерінің төбесінен сорғалап су ағып, жамағаттың құлшылығына кедергі келтіретін.
Былтыр біз мешіттің бұкіл төбесін қайтадан ашып, жарты метр қалыңдықтағы күлін шығарып, ескі тақтайларды алып тастап, екінші қабаттағы төрт бөлменің төртеуінің де төбелерін жөндеуден өткіздік. Ана ескі тақтайлардан жасалған балкаларды алып тастағаннан кейін, оларды швеллер темірмен алмастырдық. Бұл жөндеу жұмыстарына демеушілік бергендердің қатарында тағы да жергілікті кәсіпкер, мешіт жанашыры Шәріп Исенов, ол жаңа тақтайлар алып берді, манағы швелллер темірлерді де тауып берген осы азамат. Одан кейін мына өзіміздің әкімшіліктің жігіттері де бар. олар да тақтай алуға көмектесті. Олардың қатарында әкімнің орынбасары Ералы Оспанов, ТҮКШ бөлімінің басшысы Марғұлан Анаев пен сол бөлімнің бас маманы Айдын Мұхтар сынды жігіттер бар. олардың атын атап отырғаным мақтан үшін емес, керісінше, басқаларға үлгі қылып көрсету мақсатында ғана. Алла разы болсын барлығына да.
Ал сол құрылыс жұмыстарын жасаған ол өзіміздің намазхан бауырларымыз, осы мешіттің тұрақты жамғаттарының бірі Бұрхан мен Бақытжан деген бауырларымыз. Алла ол кісілерге разы болсын, істерін берекелі етсін. Тіпті олар сол жасаған жұмыстарына ақша да сұрамады. Былайша айтқанда тегін жасап берді.
Одан кейін жайнамаз кілемін ауыстырдық. Жаңа кілемді де бізге жанашыр жамағаттарымыздың бірі алып берген болатын. Осы жердің тумасы. Бірақ қазір еліміздің бас қаласы Астана шаһарында тұрып жатқан жайы бар. Тек ол бауырымыз есімін атамауын өтінген болатын», - дейді бас имам.
Одан кейін мешіттің су құбыры жүйесі де толығымен ауыстырылғанын айтты бас имам Мұхамедқали қажы. Тек мешіттің су құбыр желісі мешіттің өз қаражатына ауыстырылғанын тілге тиек ете кетті дін өкілі. Ал болашаққа деген жоспарымен бөліскен бас имам алдағы уақыттарда мешіттің жанынан бір асхана салу жоспарда бар екенін де айта кетті. - Оның үстіне өткен апталарда осы мешітте өткен алқалы жиын барысында қала әкімі Ержан Темирхановпенде осы асхана хақында ақылдасқан болатынбыз. Ержан Оралұлы біздің бұл бастаманы қолдап отыр, - деді Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы.
Тағы бір айта кететін жайт бар. Ол жайтпен имам сұхбат барысында бөлісті бізбен. Әңгіме ерлерге арналған намазханада жарықшамдарға қатысты. Аталған бөлмеде барлығы 17 жарықшам орнатылған екен. 8 жарықшам бөлменің жамағат жиналып намаз оқитын тұсындағы төбеде орналастырыпты. Ал 17 жарықшамның жетеуі имам құбылаға бет бұрып, жамағатқа басшылық етіп намаз оқитын михрабтың алдыңғы бөлігіне орналастырылса, екеуі тап имамның оң жақ және сол жақ төбесінен төмен қаратылып орналастырылса керекті. Бұларды осылай етіп орналастыру имамның айтуынша жаңағы құрылыс жұмыстарын жұргізген Бұрхан есімді жігіттің өз идеасы екен. Ал имам Бұрханнан оның жарықшамдарды неге осылай орналстырғандығының мәнісін сұрағанда ол жігіт төмендегідей жауап беріп.
Жамағаттың үстіндегі 8 жарықшам жәннәттің 8 қақпасын, михрабтағы 7 жарықшам жеті қабат аспанды, ал тап имамның оң жақ және сол жақ төбесінен төмен қаратылып орнатылған екі жарықшам икі иықтағы Кираман мен Катибин есімді жақсылық пен жамандықты жазып тұратын періштелерді білдіретіндігін айтқан екен.
«Яғни Бұрхан бауырымыздың ойындағы бар мақсат, имам мен жамағатқа осыларды үнемі еске салып тұру болса керек-ті. Не деген тапқырлық екенін қарасаңызшы. Бұндай дүниені ойлап жасау үшін де, сіздің діни кітаптардан алған азды-көпті біліміңіздің болуы шарт емес пе!? Демек, Бұрхан мен Бақытжан есімді бауырымыздың діни тұрғыдан да аса сауапты болуының көрінісі деп білемін мен бұны. Алла осы екі жігітке разы болсын!», - деп сөзін аяқтады имам.
Бұрынғы келбетінен біршама өзгерген, ішіне ізгіліктің сәулесі шашылып тұрғандай жарқыраған кең бөлмені көріп, көз тойдыра алмаған біз, мешіттен үлкен ғибрат алып қайттық. Жаңағы имам атап өткен жомарт кәсіпкерлерге және жанашыр жамағатқа шексіз разылығымызды білдіріп, істеріне берекет тіледік.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор