ҚАЗІРГІ КҮНІ БІЗ ҚОҚЫС ЖӘШІГІНЕН ТАБЫЛҒАН СӘБИГЕ ТАҢҚАЛМАЙМЫЗ. БҰЛ БАЛАЛАРДЫ, ӘДЕТТЕ, ӨЗДЕРІ СИЯҚТЫ БАСҚА БАЛАЛАР, ЯҒНИ ЖАСӨСПІРІМ-АНАЛАР ЖАСЫРЫН БОСАНҒАННАН КЕЙІН ТАСТАП КЕТЕДІ. ЖЫНЫСТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚТЫҢ КЕСІРІНЕН ТАСТАНДЫ БАЛАЛАР ҒАНА ЗАРДАП ШЕКПЕЙДІ, ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛАДЫ, АБОРТ ЖАСАТАДЫ, ЖЫНЫСТЫҚ ЖОЛМЕН ЖҰҒАТЫН ИНФЕКЦИЯНЫ ТАРАТАДЫ, ЖҮКТІ БОЛЫП ҚАЛҒАНДЫҚТАН ЕРТЕ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРГЕ АЯҚ БАСАДЫ. БҰЛ ТІЗІМ СОЗЫЛА БЕРЕДІ.
Өткен аптада Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспановтың төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезекті бір отрысы өткен болатын. Алқалы жиында осы жоғарыда тілге тиек етілген кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың алдын алу мәселесі мен вейп, бір реттік электрондық темекі сынды психоактивті заттарды, темекі қоспаларын қолданудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы мәселе сөз болды.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 8 маусымдағы Заңымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы Конвенцияның 34 бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер баланы жыныстық қанаудың және жыныстық азғырудың барлық нысандарынан қорғауға міндеттенеді.
Соңғы уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың өсуі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі болып табылады және жаһандық сипатқа ие. Себебі оның құрбандары - жәбірленушілердің ең осал санаты.
Саран қаласы полиция бөлімінің инспекторы Мақсат Майпасовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық бойынша 11 іс тіркелген екен.
Бұл қылмыстарды жасауға ықпал ететін себептерді отбасы институтының әлсіреуі, қоғамның моральдық деңгейінің төмендеуі, алдын-алу жұмыстарының жеткіліксіз деңгейі, интернет кеңістігінің теріс әсері деп атауға болады. Өскелең ұрпақты қорғаудың басым бағыты кәмелетке толмағандарды қылмыстық-құқықтық қорғау болып табылады. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс, бұған жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік шараларының күшейтілуі де дәлел.
Мақсат Ерланұлының айтуынша, Саран қаласының Полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды болдырмау мақсатында басқа да мүдделі органдармен (жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, орталық аурухана және басқалар) бірлесіп қаланың оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған екен.
Қазір интернет пен түрлі әлеуметтік желілердің дәуірлеп тұрған кезі болғандықтан тәртіп сақшылары олардың да мүмкіндіктерін пайдалануды ескерсе керек-ті.
««WhatsApp» мессенджерінде учаскелік полиция инспекторларының 14 чаттары құрылды, онда күн сайын қылмыстың алдын алу бойынша ақпарат таратылады. Сондай-ақ, «WhatsApp» мессенджерінде ювеналды полиция тобының қызметкерлері оқу орындарының өкілдерін қоса отырып 11 чат құрды, онда қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар бойынша тұрақты негізде ақпарат таратылады.
Бұдан бөлек, Саран қ. ПБ білім беру ұйымдарымен бірлесе отыра, есепте тұрған отбасыларда, толық емес отбасыларда, көп балалы отбасыларда, сондай-ақ өгей әкелері немесе өгей шешелерімен бірге тұратындары отбасыларда қолайсыздықтың мониторингі жүйелі түрде жүргізіледі. 30.09.2022 жылғы жағдай бойынша балалар өгей әкелерімен, өгей шешелерімен бірге тұратын барлығы 262 отбасы бар. Отбасылардың осы санатына тұрақты бақылау жүргізіледі, сондай-ақ профилактикалық жұмыс жүргізіледі, яғни оқушылардың сабақтан тыс уақытта жұмыспен қамтылуын, балалардың өмір сүру жағдайларының сәйкестігін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың алдын алу үшін отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты анықтау мақсатында Саран қаласы ББ МББ есебінде тұрған балалардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары тексеріледі», - дейді полиция инспекторы Мақсат Ерланұлы.
Осы тұста өз тарапымыздан ескерте кетуді жөн санап отырмыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122 бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал ата-анасы, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адам жасаған дәл сол іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бас бостандығынан айыру белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін. Бірнеше рет немесе екі және одан да көп адамға қатысты жасалған дәл сол әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстың тағы бір құрамы күш қолданбай жас балаға (жас балаға) қатысты азғындық әрекеттер жасау болып табылады (ҚР ҚК 124-б.). 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал ата-анасы, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адам жасаған дәл сол әрекеттер өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы әрекет бірнеше рет жасалған жағдайда, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін Қылмыстық кодексте жәбірленушімен татуласуға, сондай-ақ шартты түрде соттауға байланысты істі тоқтатуға тыйым салу заңмен бекітілген.
Қылмыстың алдын алу үшін, ең алдымен, ата-аналар баласына қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үйретіп, оны бақылап, қорғауы керек. Балаға көшеде бейтаныс адамдармен сөйлесуге, оларды үйге кіргізуге, біреудің көлігіне отыруға, бейтаныс адамдардан сыйлықтар алуға болмайтынын түсіндіріңіз. Баланы «тәуекел тобымен» — маскүнемдермен, нашақорлармен байланысудан қорғау керек, балаңыздың қайда, кіммен және немен айналысатынын білу, бос уақытын бақылау, ұялы телефонды, қоңырауларды, СМС және жаңа байланыстарды тексеріп отыру қажет дейді комиссия мүшелері.
Комиссия отырысында қозғалған тағы бір өзекті мәселе кәмелетке толмағандардың вейп, бір реттік электрондық темекі сынды психоактивті заттарды, темекі қоспаларын қолдануларының алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға қатысты болды.
Иә, қазір жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті.
«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейміз. Алайда жылдар жылжыған сайын жас ұрпақтың денсаулығына жауығатын қатерлі заттардың қатары көбейіп барады. Абыройдан айыратын алкоголь мен естен тандыратын есірткіден арыла алмай жүргенде ұрпақ санасын улайтын тағы бір тұйыққа тап болдық. Мерейімізді өсіре ме деп жүрген мектеп оқушыларының ендігі ермегі – электронды шылым.
Бұлай деп білім ошақтарының басшылары да, қоғам белсенділері де, дәрігерлер қауымы да дабыл қағып жатыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатыны» рас екен. Жаһан жұрты «жаман тұмаумен» енді ғана жанталасып жеңгенде, жас ұрпақ жағымсыз әдетке әуестеніп, әлеуметті әлекке салды. «Қараусыз қалған мал – қасқырдың олжасы» демекші, ел ертеңін қатерлі дерттен қорғаймыз деп жүргенде бар бәленің бастауы саналатын «Дайрабайдың көк сиырынан» көз жазып қалған екенбіз. «Қой терісін жамылған қасқырдай» кейіп танытып, шылымның вейп дейтін электронды түрі пайда болды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеніңіз осы. Әсілінде, көк сиыр да, көк түтін де емес, құрамында түрлі химиялық қоспасы бар будың уын жұтып жатыр жастарымыз. «Есесіне, құрамында никотин жоқ» деп ақталады у ұрттап жатқандарын ұмытып. Расымен, солай ма?
Мәселен, осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған болатын.
«Кодекстің 110-бабында 248-тармақ бар. Онда «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер», деп айқын жазылған. Вейп дегеніңіз – «кез келген өзге аспап». Ендеше, вейп те қоғамдық орындарда ашықтан-ашық ұсынылмауға, пайдаланылмауға және сатылмауға тиіс.
Ал біздегі ахуал қандай? Мәселен, Саран қаласы полиция бөлімінің инспекторы Мақсат Майпасовтың айтуынша 2022 жылдың басынан бастап Саран қаласы мен Ақтас кентінің аумағында темекі өнімдерін (вейп, бір реттік электрондық темекі) тұтынатын кәмелетке толмағандар анықталған.
Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше 17.10.2022 жылғы жағдай бойынша Саран қаласының аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен психоактивті заттармен, бір реттік электрондық темекілермен улану фактілері тіркелмеген.
Бұдан бөлек, комиссия отырысында айтылған ақпараттарға сүйенетін болсақ, ювеналды полиция инспекторлары тұрақты негізде басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қаланың оқу орындарында әртүрлі тақырыптарда, соның ішінде темекі өнімдерін, вейптер мен электрондық темекілерді пайдаланудың зияны туралы дәрістер мен әңгімелер өткізеді екен.
Естеріңізде болсын, вейп бауыр мен бүйрекке, жүйке жүйесін зиян тигізеді. Оның құрамындағы никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады.
Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес.
Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ