Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАРАША АЙЫНЫҢ 1 ЖҰЛДЫЗЫНДА АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА «ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰЛЫ КӨШІН ЖАЛҒАСТЫРЫП, ОЙЫ ОЗЫҚ, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫН БАЙЛАНЫСТЫРУ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ.

Семинарға Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің ардагер ұстаздары Ибраева Қорлан Әміржанқызы, Жапанбаева Назгүл Ментайқызы, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімдері, Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы № 39 мектептің бастауыш сынып мұғалімдері, колледж ұстаздары мен студенттер қатысты.

Ғасырды еңсерген білім ошағында 100 жылдық мерейтой аясында өткен облыстық семинар ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Тәуелсіз Қазақстанның төл оқулықтарының негізін қалаушы, «Биология», «Зоология», «Дүниетану» оқулықтарының авторы Күлжан Жүнісқызының өмірі мен шығармашылығына арналды. Семинар барысында жастарға өнеге із қалдырған ғалым жайында еске алып, білім беруге қосқан үлесі айтылды, педагогтер мен студенттер тәжірибе алмасты.

Жалпы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждінің тарихы мол әрі айтулы. 1922 жылдың желтоқсан айында Қарқаралы қаласында Семей губерниясының Уездік қазақ педагогикалық институты болып ашылған білім ордасы 1952 жылдың 14-желтоқсанында екі жылдан кейін қала мәртебесін алған Саран шаһарына ауыстырылды.

Киелі қара шаңырақтың 1949 жылғы түлегі, 1959 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Саран пед училищесіне қызметке келіп, 1976-1997 жылдар аралығында осы қара шаңырақта директорлық қызмет атқарған, ұстаздардың ұстазы Әбікенов Қабдрахман Әбікенұлын тілге тиек ете кетпесек бізге айып.

Қабдрахман Әбікенұлы Әбікенов оқу орнының директоры болып жұмыс істей отырып, облыстың жалпы білім беретін  мектептеріне мамандар дайындауға аса назар аударды. Оқу мекемесінің ұжымы облыстық, республикалық және бүкілодақтық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз болды, бірнеше рет облыстық  Құрмет  тақтасына  енгізілді. 

Қабдрахман  Әбікенұлы  Әбікенов 1976 жылы Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын сырттай аяқтады.Мұғалім кадрларын дайындаудағы қол жеткізгін жетістіктері үшін оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» Құрметті атағы берілді, ол Саран қаласының Құрметті азаматы болып табылады, Қазақ КСР және КСРО ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 

Қабдрахман Әбікенұлы  Әбікенов бір ұжымда үздіксіз 46 жыл жұмыс  істеді, құрметке ие және жоғары тұрған ұйымдар тарапынан ешқандай ескерту болған жоқ, 1998 жылдан  аудармашы болып жұмыс  істеді.

«Біздің колледждің 100 жылдығы үшін өте қуаныштымыз. Мерейлі дата аясында тағылы мол жылдық жоспар жүзеге асуда. Осыған дейін бірнеше елдің ғалымдары қаьысқан халықаралық конференция өтті, түрлі семинар, ғылыми жұмыстар жасалды. Күлжан Жүнісқызы жайлы бүгінгі семинар соның жалғасы. Білім сапасын арттыру мақсатында үнемі ізденіс керек. Сол талпыныс арқасында колледж жаңашылдықтарға қадам жасап келеді. Алда үлкен жспарлар бар. солар жүзеге асу үшін осындай семинар өте маңызды», - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Владимир Закамолкин.

Ал осы колледждегі қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділова: «Жан-жақтан, яғни Қарағанды қаласы, Ақтас кенті мен мына өзімізге іргелес орналасқан Абай атындағы жалпы білім беретін мектептегі түлектерімізді шақырып, облыстық семинар ұйымдастырдық. Ондағы көздеген мақсатымыз – «Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» -деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясына негізделіп, ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» Күлжан Жүнісқызының еңбектерін, ғылыми көзқарастарын насихаттау, бастауыш сыныптың жаңашыл мұғалімдерінің әдістемелік тәжірибелерімен алмасу, ұрпақ сабақтастығының жалғастығын көрсете отырып, ұлағатты ұстаздарымызбен болашақ  ұрпақтың алтын көпірін жалғастыру болды. Сол себепті де бүгін ортамызға осы колледж қабырғасында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздарымыз Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасының иегері, қара шаңырақ колледжіміздің қазақ бөлімін 20 жылдан астам уақыт бойы басқарған, 30 жыл бойы ұстаздық еткен ардагер ұстаз Ибраева Қорлан Әміржанқызын, қара шаңырақта 1977 жылдан бастап табан аудармай, 40 жыл математика пәнінен дәріс берген, шәкірттерін білім нәрімен қанаттандырып, биікке самғатып ұшырған ұлағатты ұстаз Жұмабекова Гүлбану Ғаббасқызын, оқу ордамызда 40 жылға жуық еңбек етіп, өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, педагогика пәнінің оқытушысы, дүниетану оқулығының қосарлы авторы Жапанбаева Назгүл Ментайқызын шақырып отырған жайымыз бар. құрметті қонақтарымыз семинар барысында сіздермен өз тәжірибелерімен бөлісетін болады», - деді Гүлжан Жүнісқызының өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір зая бекерге  өтпепті құр…»  атты өнеге сағатының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Бір ғасырдай уақыт еліміздің білім саласында толассыз қызмет етіп келе жатқан, колледжімізде білім саласын өркендеткен қоғам қайраткерлеріне деген құрмет қашан да ерекше болған. Мәселен, осыдан сегіз жыл бұрын колледж қабырғасында ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» Күлжан Жүнісқызына арналған атаулы кабинет ашылған болатын. Сол уақыттан бері аталған оқу орнында жыл сайын әдістемелік семинарлар, конференциялар, өнеге сағаттарын өткізу дәстүрге айналды десек артық айпған боламыз. Неге десеңіз, шаһардағы білім ордасының қара шаңырағына айналған колледжіміз ғасырға жуық уақыт бойы облысымыздың түпкір-түпкірінде еңбек етіп жүрген бастауыш сынып мұғалімдерін даяралап келуде. Ал, біле білсеңіздер Күлжан Жүнісқызы бастауыш сыныптардың әдістемелік қамтамасыздығына көп үлес қосқан ғалым.

Одан бөлек, 2014 жылы жаратылыстану пәндерінің оқытушысы Ғабдуллина Күнтуар Мейрамқызының ұйымдастыруымен ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Күлжан Жүнісқызына арналған «Білімділікке бастайтын жол-біліктілік» атты бастауыш білім беру мамандығының студенттерімен кездесу өтті. Ал сол жылғы қараша айында «Қазіргі бастауыш білім берудің даму жағдайы мен келешегі» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция, Күлжан Жүнісқызының атындағы атаулы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Осы іс-шараға: техника ғылымдарының кандидаты, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының профессоры, Дюссельдорф академиясының әлеуметтік психологиясының құрметті профессоры, Қарағанды облысы білім берудегі дамытудың оқу-әдістемелік ортлағының ғылыми жетекшісі Қонтаев Сәбит Сеитұлы, педагогика ғылымдарының докторы, әдіскер-мұғалім Бекиш Раухан Мұхамедьярқызы, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті Жұмағұлова Қалампыр Әбжаппарқызы, Назарбаев университетінің профессоры Құрманбай Күлтас, Атамұра корпорациясының аға редакторы Күлзада Ысқакова, Күлжан Жүнісқызының жақындары, облысымыздың, Саран шаһарындағы колледждер мен мектептердің ұстаздары қатысқан болатын.

Сонымен қатар, Күлжан Жүнісқызының өмір дерегіне сүйенсек жан-жақты өнер иесі болғанын көре аламыз. Атақты ғалым биология ғылымына беріле отыра, туған елдің ана тілінен, көркем әдебиетінен де құр алақан болмаған. Ұлағатты ұстаздың өз жанына өлең шығаратын ақындық қарымы да ерекше болған екен. Оның өлеңдерінен ғалымға тән қайтпас қайсарлығы мен қазақ аруына тән жанның нәзіктігін аңғаруға болады.

«Осында отырған оқушылар мен студенттер ертең жан-жаққа тарап, еліміздің білім саласында қызмет ететін болашақ мамандар. Сол кезде осы жастарамыз «Кезінде біз осы колледжің 100 жылдық мерейтойы болып жатқан жылдары осы колледж қабырғасында оқып жүрген студент едік» деп зор мақтанышпен айтыды деп есептеймін. Осы жастарға қатысты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп айтты емес пе. Міне бүгінгі біздің шәкірттер осының барлығын өз бойларына сіңіреді деп ойлаймын егер осындай сабақтастық жалғаса беретін болса», - деді семинар барысында өз тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөліскен Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасының иегері, қара шаңырақ колледжіміздің қазақ бөлімін 20 жылдан астам уақыт бойы басқарған, 30 жыл бойы ұстаздық еткен ардагер ұстаз Ибраева Қорлан Әміржанқызы.

Күлжан Жүнісқызы өміршең ғылыми идеяларымен, тың тұрпатты, жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендерімен жұртшылыққа ерте танылған ғалым. Шәкірттер даярлайтын өзіндік ғылыми мектебі бар. Қаламы қарымды, болжамы кең, ұлағатты ғалым-ұстаздың жалпы саны 182 ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Атап айтатын болсақ, Күлжан Жүнісқызы 5 монографияның, 14 бағдарламалық, 31 дидактикалық оқу-әдістемелік құралдың, ғылыми жинақтың және егеменді еліміздің жалпы орта мектептеріне арналған дүниетану, биология сынды 7 оқулықтың авторы. Семинар барысында студент жастарға Күлжан Жүнісқызының өнегелі өмірін насихаттай отырып, оның адамгершілік қасиеттері де дәріптелді.

«Оқулықтарды жазар кезеңде бұл кісі тек қана Қазақстан бойынша емес, мына көршілер жатқан Моңғолия елінде де 112 сағат лекция оқыған екен. Яғни сол жақтағы қазақ мектептерінде өз оқулықтарын эксперименттік түрде сынақтан өткізген. Тіпті бұл кісінің прибалтикаға барғаны да есімде. Күлжан Жүнісқызын біз қатты сағынамыз. Сол себептен де ұлағатты ұстазымыздың барлық еңбектерін, сөздерін еске ала отырып, соны өмірде жас ұрпақтарды тәрбиелеуде қолданамыз әрине», - деді семинар басрысында белгілі ғалым Күлжан Жүнісқызы туралы естеліктерімен бөліскен ардагер ұстаз Жапанбаева Назгүл Ментайқызы.

Ғалымның өнегелі өмірін насихаттай отырып, өскелең ұрпақты білім беруге баулу дейді семинарды ұйымдастырушылар. Ғалымның оқулықтары мектеп қабырғасында да қолданысқа енген. Семинар барысында ұдағатты ұстаздың «Табиғаттану» кітабынан алынған әңгімесі қойылым ретінде ұсынылды.

Күлжан Жүнісқызы ғылыми - педагогикалық жұмыстарға белсене қатысты. Педагогика саласынан кандидаттық диссертация қорғайтын мамандандырылған ғылыми кеңестің, «Биология в школе », «Бастауыш мектеп» журналдарының редакция алқасының мүшесі. Қазақстан мұғалімдерінің V - VI сьездері, білім қызметкерлерінің II құрылтайы делегаты, III құрылтайының құрметті қонағы. Оқу министірілігі жанындағы бастауыш мектеп білімі, биология , оқу - әдістемелік кеңестерді төреағасының 1980-2000 жылдардағы орынбасары.

Ғалым ел ішін аралап, өзінің ғылыми тағылымын қалың жұртшылыққа, соның ішінде жастарға көрсетуді азаматтық борышы деп біліп, мектеп, колледж қабырғаларында бірқатар кездесулерге қатысуға уақыт табатын.

Күлжан Жүнісқызы ғылыми кадрлар даярлау саласындағы еңбегі орасан. Ғалымның жетекшілігімен 6 аспирант, 5 ғылыми ізденуші диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ