ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ.
Қазанның соңғы жексенбісінде Қазақстан Республикасында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл мерекеде барлық құрмет пен қошемет әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан қызметкерлерге арналды.
Бұл, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-медициналық көмек беріп жүрген еңбек иелерінің төл мейрамы. Тағдырдың тауқыметін тартқан қайсар жандарды бейімдеп, емдеуге негізделген орталықтар елімізде аз емес. Солардың бірі - Қарағанды облысы Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Сол қажырлы да, күрделі еңбек атқарып жатқан мекеме ұжымына арнап өткен аптада «Жақсылық жаса» атты мерекелік концерт өткен болатын.
Салтанатты шараға «Қарағанды облысының әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің, сондай-ақ Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының басшылары және Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов қатысты.
Залда отырған жандар қандай болсын құрметке лайық. Олардың мамандығы – әлеуметтік қызмет көрсету. Яғни, күні-түні мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласып, жәрдемдеседі. Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығыда психикалық дамуы тежелген, ақыл-есі кем адамдар емделеді. Ал, ол жандармен тіл табысып, күнделікті күтім жасау қиынның қиыны. Сол себепті, мұндай күрделі істі тек мамандығын жүрекпен таңдаған қызметкерлер ғана еңсереді.
Иә, олардың еңбегін кәсіби мереке қарсаңында қала әкімінің атынан құттықтаған орынбасары Ералы Оспанов ерекше атап өтті.
«Бүгіндері әлеуметтік қорғау жүйесі бір орында тұрмай, дамып келеді. Ол осы салада жұмыс істейтін өздеріңіздей қамқор жандардың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытып, өздеріңіздің жан жылуларыңызбен бөлісезідер. Мұқтаж жандарға көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз. Атқарып жатқан еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын», - деді Ералы Серікұлы өз сөзінде.
Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық. Əсіресе, «əлеуметтік» ұғымымен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, ортаға əсер ету, қамсыздандыру, паналау орны, диагноз, қолдау, педагогика, қызметкер секілді қатарлас қолданылатын тіркестер құлағымызға сіңісті болып кетті. Десекте, бұлардың бəрінің астарында қоғам өмірінде болып жатқан мəселелерге атүсті қарамай, мемлекетіміздің əрбір көмекке зəру жандарына қол ұшын созу жатыр.
Бүгінгі таңда, тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімен көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар да баршылық. Ал, біз тілге тиек еткелі отырған «əлеуметтік саланың» пұшпағын илеп жүрген «қызметкерлер» болса, осындай жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласады.
«Құрметті әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің мұқтаж жандарға көрсеткен қамқорлықтарыңыз ерекше атап өтуге тұрарлық. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Осы салада жеткен жетістіктердің барлығы – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен еселі еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Бекзат Әбдіғалиев.
Одан әрі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы емделушілердің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Концерт барысында көркем өнерпаздар мүшелері дайындаған бағдарламалар мен Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы емделіп жатқан өнерпаздар әуезді әндері мен мерекелік бағдарламаларды кеш қонақтарының көңілінен шықты. Әлеуметтік сала қызметкерлері мен кеш қонақтары ұйымдастырылған концерттік бағдарламадан жақсы әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор