Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тілдің   жұлдызы  жанбай, рухани  тәуелсіздік    пен халықтың    бағы  ашылмайды. Тіл – адамдардың  өзара  түсінісу, қатынас  құралы болумен қатар, қоғам мен табиғаттың, адамның  рухани  айнасы. Әр   ұлт,  ұлыс тарихын, салт – дәстүрін, мәдениетін  қалай құрметтесе, ана тілін де солай құрметтеуі  керек. Тарихқа  үңілсек, хандар  мен батырлар  да  ауызынан от шашқан  шешендердің  сөзіне  тоқтаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген  сөз осыдан  қалса  керек.

Адамдарды  ажалдан,  екі  елді  жауласудан  құтқарған  сөз  құдіреті екені даусыз. Өмірдің  алмастай  қырын, абзал  сырын  ұғуға  басты баспалдақ  та  ана тіліміз. Оны бүге – шегесіне дейін біліп, терең иірімдеріне бойлау – әр саналы  азаматтың  парызы. Ұлы  атамыз Абайдың  «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл өнегесі дертпен тең», «Тіл  жүректің  айтқанына  көнсе, жалған  шықпайды» дегендері  тегін айтылмаса керек.

Ұлы  Абай  сөз  кестесін  өлеңмен де, қара  сөзбен  де төге білген. Сөзді қадірлеп, оның   қолданудың  үлгісін  көрсеткен. «Ақылың  болса – сөз тыңда» деген   бабалар  сөзі  ұрпаққа  үлгі. Өйткені, қазақ  халқы сөз сөйлеуге, нақыл  сөздерді ойната  білуге өте шебер. Бабаларымыз  бір ауыз сөзге тоқтап, бір  ауыз  сөзге күйініп,  не сүйіне  білген. Міне, осыларға қарап, асыл  сөздің   оттай  ыстық, мұздай   суық, қылыштай өткір, мамықтай жұмсақ, өрмекші  торындай   нәзік, шуақтай   жылы  екеніне  көз  жеткіземіз.

Заман   өзгергенмен, адамның   жері,  елі, тілі,  діні,  тәрбиесі,  бесігі өзгермейтін   игілік. Қай  халықтың  болса  да  басынан  өткен дәуірлері, қилы – қилы  кезеңдері  ана тілінде  із  қалдырмай  өте  алмайды. Ана тілі ғасырлар бойы жасалып, тіл  диалектикасы жасаған сайын жасара беруі тиіс.

Тіл – тәрбие  діңгегі  білім – ғылымды игеру көзі, ұлттың  жаны. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттіктің нышаны. Әр мемлекетте өз мемлекеттік тілінің өмір сүруі рухани тұтастыққа қол жеткізеді. Ал, рухани тұтастықтың апарар шегі – шын мәніндегі үлкен алтын әріптермен жазылатын  –тәуелсіздік.

Халқымыздың  тарихы  мен тағдары, мәдениеті  мен әдебиеті, ділі мен діні – тілінде. Қазақ тілі – ең таз әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін  мен болашақты  байланыстыратын  құрал. Тілдің  тұғыры және тағдыры бесіктен басталады. От басында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген құрметі биік болады.  Қазақтың  тілі – қазақтың жаны! 

Ж. Джумашева,

Саран  қаласы  ПБ