ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – ТӘРБИЕЛІ ДЕ БІЛІМДІ ҰРПАҚ. СОЛ ҰРПАҚТЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТЫ, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛА АЛАТЫН ДӘРЕЖЕГЕ ЖЕТКІЗУ, МЫҚТЫ БІЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАТУ – ҰСТАЗ АЛДЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ.
Қазіргі ұстаз өткенге сын көзбен қарап, бүгінгіні саралайтын, болашақты бағдарлайтын бағдаршам іспеттес десек, артық айтпас едік. Кезінде ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз- мектептің жүрегі» деп баға берген еді. Осындай мектеп жүрегіне айналған ұстаздар біздің Саран шаһарында да көптеп саналады.
Оған дәлел қараша айының 8 жұлдызында «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жылдағы дәстүр бойынша Саран қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл мұғалімі» байқауының қорытынды кезеңі.
Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ педагог мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында 21 және 28 қазан аралығында өткен байқаудың І-ІІ кезеңінде ұстаздар ашық сабақ және үздік сыныптан тыс жұмыстарын ұсынған болатын. Аталмыш сынақтан сүрінбей өткен 7 мұғалім ақтық сында бақ сынады. Атап айтатын болсақ, олардың қатарында № 17 мектеп-гиназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахметжанова Эльмира Мейрамқызы, № 13 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Бурковская Ольга Николаевна, № 2 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Өскенбаев Әли Мерекеұлы, № 7 мектеп-интернатының химия пәнінің мұғалімі Разах Айжан, № 16 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Омарова Индира Рахатқызы, № 6 жалпы білім беретін мектептің информатика пәнінің мұғалімі Бакишева Лаура Еркінқызы, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Түркенова Айгерім Өміртайқызы бар.
Байқаудың І-ІІ кезеңінде ұсынылған тәжірибенің өзектілігі, жаңалығы, өзінің кәсіби қызметінде инновациялық идеяларды талдау, жинақтау, анықтау және қолдана білу, шығармашылық және зерттеушілік көзқарас, оқыту мен тәрбиелеудегі тәжірибенің жоғары нәтижелілігі, білім алушыларды дамыту, тілдік және пәндік сауаттылық, педагогикалық тәжірибенің репрезентативтілігі басты назарға алынды.
Бір апта бойы өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, ақтық мәреге сүрінбей өткен ұстаздарды құттықтаған Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев: «Мұндай байқаулар мұғалімдерге өздерін тексеруге, кәсіби тұрғыда өсуін байқауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді»,– деді.
Қорытынды кезең көпшілік алдында сөз сөйлеу түрінде ұйымдастырылды және ол да бірнеше турдан тұрды. Алдымен, қатысушылар «Мұғалімнің визиттік картасы» турында өздерін таныстырып, «Мұғалімнің демалыс күні» турында үй тапсырмасын орындады, ашық микрофон шығармашылық сайысында ұсынылған тақырыптар бойынша ой бөлісті, содан кейін педагогикалық жағдайды талдады.
Ақтық кезеңде оларға Саран қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дәурен Бейсен, Қазақстан салалық білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы Қарағанды облыстық ұйымы Саран қалалық комитеті филиалының төрағасы Ульянов Алексей Александрович, Саран техникалық колледжі» КММ мұғалімі Байтұрсынова Ғалия Мүсірәлиқызы, педагогикалық еңбек ардагері Свиргун Ольга Николаевна, «Саран қаласының білім бөлімі» ММ әдіскерлері Сәулеш Шаймұрат, Горбатова Евгения Александровна, Абдраимова Ольга Николаевна, Калачева Евгения Александровна, Алигулова Сәуле Серікқызы әділ бағасын беріп, төрелік етті.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін, рухани-адамгершілік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық мәдениетті игерген, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияны меңгерген, жан-жақты дамыған балалар мен жасөспірімдер тәлімгері, жоғары интеллектуалды деңгейдегі дарынды ұстаздарды анықтауды мақсат еткен байқаудың нәтижесі бойынша Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ағыл тілі пәнінің мұғалімі Айгерім Түркенова «2022 жылдың үздік мұғалімі» атанып, қалалық байқаудың бас жүлдесін қанжығалады. І орынды № 17 мектеп-гиназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Ахметжанова, ІІ орынды № 6 жалпы білім беретін мектептің информатика пәнінің мұғалімі Лаура Бакишева, ІІІ орынды № 2 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әли Өскенбаев иеленді.
Ал тәжірибесі толысқан, өз ісінің майталмандарына «Ең үздік үй тапсырмасы», «Ең үздік сабақтан тыс іс-шара», «Ең үздік сабақ» номинациялары үлестірілді. Мәселен, № 16 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Индира Омарова «Ең үздік үй тапсырмасы», № 7 мектеп-интернатының химия пәнінің мұғалімі Айжан Разах «Ең үздік сабақтан тыс іс-шара», ал № 13 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ольга Бурковская «Ең үздік сабақ» номинацияларында жеңімпаз атанды.
Иә, мұғалім – мамандық, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз деген атқа қаншалықты лайық болған сайын, оның мәртебесі де соншалықты өсе түсері анық. Қашанда бәселестікке дайын болуды, орасан білім мен жан-жақты қабілеттілікті қажет ететін қазіргі заманда мұғалімге де қояр талап, артар жүк ауыр екенін әсте ұмытуға болмас.
Жас болса да, бүгінгі уақыт үдесінен шыға білген, ұстаздар арасынан үздік танылған, Сораңды шаһарының «Жылдың үздік мұғалімі» атанып отырған Айгерім Өміртайқызы осыған дейін де түрлі деңгейлердегі конкурстар мен жарыстарда топ жарып үлгерген жас маман.
Айгерімнің айтуынша, мұғалім – зор білімді, мол мейірімді, оқушының бәрін тең көре білер әділдікті қажет ететін, жүрек қалауымен ғана келер айрықша мамандық. Ол өз еңбек жолына кездейсоқ келмегенін айтады.
«Негізі біздің отбасымыз мұғалімдерден тұрады. Анам мен ағам да ұстаз болып қызмет етеді. Анашым 100 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ал ағам осы колледждің Дене шынықтыру және спорт бөлімінде дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы. Тек әкем ғана басқа салада қызмет етеді», – дейді жас ұстаз.
Қазіргі білім беру саласындағы басты міндет – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау. Осы міндеттерді өзіне бір қағида етіп алған ұстаз әр сабағын түсінікті және қызықты етіп өткізуге тырысады.
Ұстаздың айтуынша, қазіргі таңда оқытушылар өте шыдамдылық қажет. Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау дейді ол.
Біз өз кезегімізде Айгерімді айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтап, алдағы ұстаздық еңбек жолына шығармашылық толағай табыстар тілейміз. Ал осы байқаудың ақтық кезеңіне дейін өтіп, жүлдегер және номинациялар бойынша жеңімпаз атанған ұстаздарға шәкірттеріңіздің ыстық ықыласына бөленіп, заманауи үрдістегі жаңашыл ұстаз бола беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болып, мәртебелеріңіз өсе берсін демекпіз!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор