Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

СƏУЛЕТТІ МЕШІТ АҚТАС КЕНТІНІҢ АУМАҒЫНДА БОЙ КӨТЕРУДЕ. АЛҒАШЫНДА КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНЫП, 1 ҚАБАТЫ ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ҚҰЛШЫЛЫҚ ҮЙІНІҢ БҮГІНГІ ТАҢДА ЕКІНШІ ҚАБАТЫ САЛЫНЫП БІТКЕН ЖАЙЫ БАР.

Ендігі ішкі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы мешіт құрылысы туралы бізге осы Ақтас кентінде мүлдем болмаған Алла үйінің салынуына бірден-бір себепкер болған, мешіт іргетасының қаланып, құрылыс жұмыстарының басталуына мұрындық және осыған қатысты барлық іс-шаралардың басы-қасында әу бастан бастамашылдық етіп жүрген белсенді азамат, сол Ақтас кентінің жергілікті тұрғыны Жандос Садуақасов айтып берді.

«2019 жылы жанашыр халықтың және жергілікті қайырымды кәсіпкер ағаларымыздың қолдауымен осы Ақтас кентіндегі мешітіміздің құрылысы басталған болатын. Сол жылы мешіттің ігретасы қаланды. Ал 2020 жыл өздеріңіз де білетіндей өте қиын жыл болды ғой. Пандемия, елде жаппай карантин болып жатты. Құрылыс материалдарына қол жеткізу, сонымен қатар қаражат жағынан да біраз қиыншылықтар орын алып жатты. Десекте, Алланың қалауымен 2020 жылы мешіттің толықтай бірінші қабатын салып болған едік. Содан кейін 2021 жылдың бас кезінде бізге бір кәсіпкер ағалар келіп, осы мешіттің құрылысын әрі қарай біз жүргізсек деген ұсыныс тастады. Біз де халықпен ақылдаса келе өз келісімімізді бердік. Осылайша жергілікті халықтың алдынан өтіп, тиісті адамдардың рұқсаттарын алғаннан кейін, әрі қарай мешіт құрылысын сол кәсіпкер ағалар жалғастырып әкетті. Қазір екінші қабатты көтеріп болды. Мешіттің күмбезін орнатты. Ендігі қалғаны ішкі құрылыс жұмыстары. Олар да өз қарқынымен жүріп жатыр.

Осы тұста бір айта кететін жәйт, осы мешіт құрылысында бізге Қарағанды су мен Қарағанды жарық кәсіпорындарының көмегі көп тиді. Оларға өз тарапымыздан шексіз алғысымызды айтамыз. Мәселен, Қарағанды су ұйымы мешіттің барлық су құбыры жүйелерін, ал Қарағанды жарық электр желілеріне арналған бағаналарды тегін орнатып, электр сымдарын тегін тартып берді», - дейді ол.

Оның айтуынша, 150-ден астам адамға арналған мешіттің аумағында құлшылық етуге келген халық демалатын жеке саябақ болады деп жоспарланған екен. Сонымен қатар мешіт екі қабатты болғаннан кейін, бірінші қабатында әйелдер намазханасы, ал екінші қабатта ерлер намазханасы жайғастырылмақ. Ерлер намазханасының сыйымдылығы шамамен 80-90 адамға, ал әйелдердікі – 50 адамға деп есептеліп отыр.

Мұнда сонымен қатар, мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, асхана, екі дәретхана салу жоспарлануда. Екі дәретхана деген себебі, ерлер мен әйелдерге арналған дәретханалар бөлек-бөлек салынбақ. Сонымен қатар, ер адамдар мен әйел адамдар мешітке екі бөлек есіктен кіретін болады. Құрылыстың жалпы көлемі – 510 шаршы метр. Мешіттің бір мұнарасы бар, оның биіктігі шамамен 20-25 метрдей. Ал негізгі күмбездің биіктігі – 3 метр, ені 6 метр.

«Осы тұста 2019 жылдан бастап 2021 жылы манағы жоғарыда айтқан кәсіпкер ағалар мешіттің құрылысын өз қолдарына алғанға дейінгі уақыт аралығында менің қасымда үнемі көмектесіп жүрген екі жігіттің атын ерекше атап өткім келеді. Шыңғыс Примов және Марат Мукаш есімді жігіттер. Негізі мешіттің құрылысын осы үшеуіміз бірге бастаған болатынбыз. Әрине, басқа да жергілікті тұрғындар, Саран қаласының жамағаттары келіп көмектесті. Десекте, осы екі жігіт барлық істе басынан соңына дейін қасымда бірге болды. Құрылысқа өте икемді, шебер һәм шаруақор жігіттер. Қолдарынан келмейтін дүние жоқ. Сол себепті де осы екі жігіттің аттарын ерекше атап өткенді жөн көріп отырмын. Ал жалпы қаржылай тұрғысынан болсын, құрылыс жұмыстарына көмектесу жағынан болсын, осы мешітті салуға көмектескен барлық жерлестеріме, сарандық жаматқа алғысымыз шексіз», - деді сөз соңында Жандос Серғазыұлы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор