АТ ІЗІН СУЫТПАЙ САРАНДА ТАҒЫ ДА АРЗАН БАҒАМЕН ӨНІМ САТЫЛДЫ. ЖӘРМЕҢКЕ ШАҺАРДАҒЫ ЖАМБЫЛ КӨШЕСІ БОЙЫНДА ОРАНАЛАСҚАН СПОРТ МЕКТЕБІ МАҢЫНДАҒЫ АЛАҢДА ӨТТІ. ТАҢСӘРІДЕН ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАП КЕТКЕН КӘСІПКЕРЛЕР БҰЛ ЖОЛЫ ДА ТҰТУНЫШЫНЫ САПАЛЫ ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ.
Онда Қарағанды облысының тауар өндірушілері, атап айтқанда, Саран, Шахнинск, Қарағанды қалалары мен Жаңаарқа, Абай, Қарқаралы аудандарының кәсіпкерлері шаһар жұртшылығына жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінен бөлек ет, жұмыртқа, сүт өнімдері, балдың әртүрлі сорттары, балық, ысталған ет және деликатестер сынды өз тауарларын ұсынды. Әр жерден келген шаруашылық иелері өнімдерін нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен саудалады.
Тұрғындар да «жәрмеңке өтеді» дегенді ести сала буынып-түйініп, күні бұрын дайындалып, машықтанған сыңайлы. Ауа-райының нашарлауына қарамастан күн ұясынан көтерілісімен сарандықтар жәрмеңкеден табылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары көптеген азық-түлік пен киім түрлерін барынша қолайлы бағаға сатып алуға мүмкіндік алды. Халық ет, көкөністер, жұмыртқа, шай сияқты өнімдерді және қысқы, жылы киімдерді тұтынған.
«Қарқаралы, Абай, Бұқар-жырау, Ақтоғай аудандарынан ат басын терлетіп келген шаруашылық иелері өз өнімдерін сатуда. Мәселен, осы жәрмеңкеге бір ғана Қарқаралы ауданының өзінен 6 тоннадан астам ет өнімі әкелінді. Ал Абай ауданы қала жұртына жеміс-жидек, көкеністер ұсынып жатса, басқа қалалар мен аудандар жұмыртқа, сүт өнімдері, бал, балық, ысталған ет және деликатес сынды өз тауарларын әкеп сатып жатқан жайы бар», - деді Саран қаласының ауыл шаруашылық, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Арнешев.
Сауда таңсәріден қызу басталып, ұзын-сонар кезек қалыптасты. Саудаға түскен тауар арзан бағамен сатылды. Ауылдардан артынып, тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынды. Кәсіпкерлердің айтуынша, олардың тауарларының бағасы қарапайым дүкендерге қарағанда орта есеппен 15-20% - ға төмен. Бұл - қажет нәрсенің бәрін ұзақ мерзімге тиімді жолмен сатып алуға жақсы мүмкіндік. Азық - түлік жеткілікті көлемде сатылды. Жәрмеңкеде көкөністер мен жемістердің өзі ғана жеті тоннаға жуық еді. Шұжық, ірімшік, май, бал және т.б. өнімдерді әкелушілердің тауарлары да шамалас мөлшерде болды. Әсіресе, қыс жақындағандықтан да жұрттың ет өнімдеріне деген сұранысы арта түскен.
Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауданың қызғаны соншалық, өнімдер түске дейін сатылып кетті.
«Біз қарқаралы ауданына қарасты Аппаз ауылынан келіп отырмыз. Жеке біздің шаруа қожалығынан 1 тоннадай ет әкелген едік. Саранның халқы етті жақсы алып жатыр. Бұл секілді жәрмеңкелер біз үшін, ауыл үшін үлкен көмек деп есептеймін. Себебі араға алыпсатарларды араластырмай, тікелей қала жұртына өзіміз әкеліп сатқан бізге де, қала жұртшылығына да тиімді», - дейді жәрмеңке қатысушысы Жанкелді Қасым.
Күзгі жәрмеңкенің қызығы саудасында ғана емес, молшылығы мен берекесінде. Әсіресе, күз мезгіліндегі соңғы жәрмеңкелердің бірі болғандықтан және тиісінше қыз мезгілі де тақап қалғандықтан болар, жұртшылық ет өнімдерін көптеп сатып алып жатты. Әсіресе, ауылдық жерлердің етіне деген сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеге ауыл-аймақтардан арнайы алып келген ет өнімдерінің барлығы дерлік түске дейін сатылып кетті.
«Мен өзім Қарақаралы ауданы Егіндібұлақ ауылынан келіп тұрмын осы жәрмеңкеге. Биыл екінші мәрте қатысып отырмын. Біз әкелген өнімдердің барлығы да жақсы өтіп жатыр. Әсіресе ет өнімдеріне деген сұраныс жақсы», - дейді тағы бір жәрмеңкеге қатысушы Нұрым есімді шаруа иесі.
Сонымен қатар біз қала тұрғындарынан да жәрмеңке жайындағы ойларын сұрап білген едік. Жиналған бұқараның сөзінше, бірінші кезекте баға өте тиімді екен.
«Жәрмеңкенің боларын естіген соң, таң атысымен осында келуге қамдандым. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Сондықтан, қалтаға салмақ салмайтын жәрмеңке өнімдерінен көбірек алуға тырысып жатыр халық. Осындай жәрмеңкелер бізде жиі ұйымдастырылып тұрады. Әкімге, осыны ұйымдастырып жатқандарға, мына жәрмеңкеге арнайы келіп, өз өнімдерін қолжетімді бағамен сатып жатқан кәсіпкерлерге де рахметімізді айтамыз», - дейді қала тұрғындарының бірі.
Саудаға делдал араласса, баға да шарықтайды. Алыстағы ауылда жатқан ағайын азабын тартып өсірген малды арзанға алатын алыпсатарлар, қарапайым жұртқа қымбатқа саудалайды. Сөйтіп ортада жүріп пайда табады. Бұған шектеу қоюдың жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жүйелі ұйымдастыру. Сондықтан да осындай дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері қалалық тұтынушылар үшін де, аграршылар, фермерлер, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін де өте тиімді жол.
Жәрмеңке өткен алаңның өзінде көлік аялдайтын орын болмады. Қап арқалағандар да, арба сүйреткендер де – мәз-мейрам. Қалай десек те, ел несібесінің еселенгені байқалды. Жәрмеңкеге келушілер керек-жарағын сатып алғаннан кейін шай мен ыстық тағамдардан ауыз тиді. Аумақта флюорографияның мобильді орталығы жұмыс істеді. Дәл осындай ауылшаруышылығы жәмеңкесі Ақтаста да ұйымдастырылды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор