Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АВТОРЫ  МАҒАН  БЕЙМӘЛІМ БІР ӘНДЕ АЙТЫЛҒАНДАЙ, «БҮЙТУ КЕРЕК ЕД, СҮЙТУ КЕРЕК ЕД» ДЕП СЫРТТАН ТОН ПІШЕТІН АҚЫЛМАНДАРҒА ТІЛ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ СЫН-ПІКІРЛЕРДІ АЙТУ ОҢАЙ ӘРИНЕ. ШЫН МӘНІСІНДЕ ТІЛ ҮЙРЕТУ – ТІЛ ҮЙРЕНУДЕН ДЕ ҚИЫН ЕКЕНІН КӨБІМІЗ БІЛЕ ДЕ БЕРМЕЙМІЗ.

Ал тіл үйретудегі, оқытудағы һәм оны насихаттау барысындағы барлық ауыртпашылық пен жауапкершілік жүгі тек тіл мамандарының, оқыту орталықтары әдіскерлерінің, қарапайым мұғалімдердің және де әлбетте ғалымдарымыздың мойнына артылып жататыны анық. Сондықтан, тілге қызмет етіп жүрген барлық жандардардың да еңбегі – ұшан-теңіз десек, артық айтпаған боламыз.

Осы ана тіліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін арттыру, аудиториясын кеңейту және насихаттау мақсатында біздің Саран шаһарында да көптеген тындырымды істер атқарылуда. Әлбетте олардың басы-қасында Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен қалалық тілдерді дамыту орталығы тұр. Олар ұйымдастырып жүрген іс-шаралардың дені Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан жайы бар.

Сондай тағылымды шаралардың бірі өткен аптада 100 жылдық тарихы бар Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған болатын. Атап айтқанда, қараша айының 11 жұлдызында қара шаңырақта Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Тілдерді оқыту: әдіс, тәжірибе, инновация» атты қалалық семинар өтті.

Жаңа форматтағы жаңашыл семинарға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми–практикалық орталығының Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы, академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, «Құрмет» орденінің иегері, ТМД–ның үздік педагогы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері Қағазбаев Жаңбырбай Ахметұлы, Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова, СЖГТК оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Аға буын һәм жас буын ғалымдардың дара ойы және әдіскерлердің оқытудағы жаңа әдістемелік болжамы мен ақиқатын бір арнаға тоғыстырған семинар шымылдығын колледждің Қазақ бөлімінің меңгерушісі Күнеділова Ақмарал Дәріғұлқызы түрді.

«Өздеріңіз де білетіндей, биылғы жылдың желтоқсан айында біздің киелі қара шаңыраққа бір ғасыр толады. Бүгінгі «Тілдерді оқыту: әдіс, тәжірибе, инновация» атты семинарды біз осы оқу ордасының 100 жылдығы асясында өткізіп жатқан жайымыз бар. Ондағы мақсат – біздің колледж қабырғасында білім алып жатқан студенттерімізбен осындай ұлы тұлғалар өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөліссін деген ой. Неге десеңіздер, осы аудиторияда жиналған студенттердің көбісі «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып жатқан жандар. Ертең олар колледж қабырғасынан түлеп ұшқанда, осы мамандық бойынша еңбек етіп, тілге қызмет ететін болады. Міне, сол кезде олар бүгін сіздерден, өз ұстаздарынан алған тәлім-тәжірибелерін жүзеге асырып, мемлекеттік тіл саясатының мүддесіне қызмет ететін білдей маман болмақ», - деді өз сөзінде қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Дәріғұлқызы.

Одан әрмен тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапованың модераторлығымен өткен семинар барысында мемлекеттік тілдің қоғамның әр саласында қолданылу аясын кеңейту, ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін арттыру, тілдерді оқытуда қолданылатын жаңа технологиялар тақырыптары тілге тиек етілді.

Мәселен, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми–практикалық орталығының Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Қазақ тілін оқытудағы ІТ жобалар» турасында тілге тиек етсе, Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова «Тілдерді оқытуда қолданылатын заманауи технологиялар» тақырыбы бойынша тренинг өткізді. Ал Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері Жаңбырбай Қағазбаевтың дәрісі «Тіл – ұлттың жаны» тақырыбына арналды.

 

«ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӨЗІНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТІП ЖҮРМІЗ...»

               Өз сөзін студенттік өмірінен бастаған Мөлдір Бақытқызы осындай колледж қабырғасында алған білімнің қаншалықты құнды болатындығын да тілге тиек ете кетті.

«Сіздер болашақ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан да, еліміздегі қазіргі қазақ тілінің ахуалымен жақсы таныссыздар деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қазір біз өзгелерге емес, қазақтардың өзіне қазақ тілін үйретіп жүрген жайымыз бар. Ал енді болашақта осындай еліміздің азаматтары мен азаматшаларына қазақ тілін үйрететін мына сіздерсіздер. Сондықтан да, сіздер мықты маман болсаңыздар, біздің қазақ тілінің дамуы, жетілуі, ел көлемінде таралуы оңайырақ болары сөзсіз. Яғни, болашақта әр қазақстандықтың қазақша сөйлей алуы – сіздер мен біздерге тікелей байланысты», - деген Мөлдір Бақытқызы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми–практикалық орталығының «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметі, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайты туралы айтып берді.

Мәселен, бір ғана «Termincom.kz» сайтын алайық.

Спикердің айтуынша, бұл сайт 2016 жылы құрылған екен. Сайттың ең негізгі қызметі қазақ немесе орыс тілдерінде енгізілген терминдерді автоматты түрде аударып береді. Одан бөлек, сайттан сіз өзіңізге қажетті терминнің қай салаға қатысты және қай жылы бекітілгені туралы ақпарат ала аласыз. Сонымен қатар, сізге телеграмм желісінде «Termincom.kz» сайтының ботын жүктеп алуға болады. Бұл әсіресе, смартфон қолданушыларына арналған өте  ыңғайлы бот-канал.

Яғни, сіздің смартфоныңызда телеграмм бар болатын болса, телеграмның іздеу жолағына латын қарпінде Termincom.kz деп тересіз, бот-канал шыққаннан кейін оны ашып, ондағы шыққан «start» cөзін бассаңыз болғаны. Әрі қарай бот-каналдағы «сообщение» жолағына өзіңізге қажетті сөзді енгізесіз, ал бот-канал сіз енгізген сөздің аудармасын автоматты түрде сматрфоныңыздың экранына шығарып береді. Былай қарасаңыз, өте қолайлы әрі пайдалы және баршаға қолжетімді дүние. Бар болғаны өзіңізбен бірге қалта телефоныңыздың болуы және мобильді интернет желісіне қолжетімділіктің бар болуы. Ал аталмыш сайттан толыққанды қызмет алғыңыз келсе, компьютер немесе ноутбук арықылы сайттың толық нұсқасына өтуіңіз қажет.

Айтпақшы, «Sozdikqor.kz» платформасымен де жұмыс жасау реті осыған ұқсас. Бұл платформаның да телеграмм желісіндегі бот-каналы бар. Жүктеу, іске қосу, қызметін пайдалану тура жоғарыда келтірілген  Termincom.kz платформасынікіндей. Тек Sozdikqor.kz порталы - әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. «Сөздікқор» порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады.

              

ОҚЫТУДАҒЫ ТИІМДІ ПЛАТФОРМАЛАР

Ал Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова: «Жаңа технология дегеніміз бұл күнделікті өміріміз десе де болады, тұрмысымызға дейін дендеп еніп кеткені соншалық, онсыз өзімізді елестете де алмаймыз. Сондықтан, тіл үйрету және оқыту саласы бұдан іргесін аулақ сала алмайды. Керісінше, кеңінен пайдалана отырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтата түсуіміз керек», - дейді.

Жедел қарқынмен дамып жатқан ғасырда осы мазмұндағы пікірмен келіспеу қиын. Жаңа технология тілін меңгеру заманның бұлжымас талабына айналғаны даусыз ақиқат.

Семинар барысында Динара Тәрбиеқызы «Wordwаll», «Wizer.me», «Vokaroo» сынды платформаларды пайдалана отырып, қатысушылармен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындатып шықты.

 

АБАЙДЫ БІЛМЕЙ, БАСҚАНЫ ОҚУҒА ХАҚЫҢ ЖОҚ...

Киелі қара шаңырақ ұлы Хәкімнің есімін арқалағаннан болар, келесі спикеріміз Жаңбырбай Ахметұлы сөзін Абайдан бастады. Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, «Құрмет» орденінің иегері, ТМД–ның үздік педагогы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері Жаңбырбай Қағазбаев ағамыз үш тілді жетік меңгерген жан болса керек-ті. Атап айтқанда, қазақ, орыс және ағылшын тілдері.

«Англияның астанасы Лондонда Шекспир туралы лекция тыңдап отырмыз. Біз негізі Шекспирдің сонеттерін оқығаннан кейін оның шығармаларымен жақсы таныс едік. Десекте әлгі дәріс оқып жатқан профессор Шекспир туралы керемек әңгімелер айтып жатты. Содан маған мына профессор біздің Абай туралы біле ме екен өзі, соны сұрап көрсем қалай болар еді деген ой келді. Бірақ Абайды білесіз бе деп тікелей сұрауға батылым бармай тұр, себебі «ЖОҚ» деген жауапты естігім келіп тұрған жоқ. Сосын бұл кісі Абайды білмесе де, Пушкинді білетін шығар. Себебі Александр Сергеевич Пушкинді бүкіл әлем таниды ғой. Өйткені ол орыс әдебиетінің негізін қалаушы, пірі, былайша айтқанда ол орыстың Шекспирі.

Сосын әлгі профессорге «Құрметті профессор, Пушкинге қалай қарайсыз, ол  туралы не білесіз?» деп сұрақ қойдым.

Прфессор маған қарады да, «Сіз қай жақтансыз?» деді. Мен «Қазақстаннанмын» дедім. Сосын ол кісі менің өзіме қайтара қарсы сұрақ қойып, «Ал сіздерде біздегі  сияқты Шекспир барма?» деді. Менің де естігім кеп тұрғаны осы еді ғой. Қуанып кеттім де, «Иә, әрине бар. Абай!» дедім. Сондағы профессордың маған берген жауабын қараңыздар.

«Аааа, онда сіз алдымен Абайды танып, біліп алыңыз. Сонан кейін Пушкинді оқисың ба, Шекспирді оқисың ба, оны өзіңіз білесіз. Бірақ Абайды білмей, басқаны оқуға хақыңыз жоқ» деді профессор. Мұндағы айтпағым не сіздерге. Айтқым келіп тұрғаны - біздің Шекспир секілді әлем таныған өз ұлы тұлғамыз бар. Ол  - Абай. Әрине, Шекспир бөлек, ал Абай мүлдем бөлек тұлға. Сондықтан, сіздер мен біздер бірінші Абайды танып, біліп, өзімізге керек дүниені сол Абайдан үйренуіміз керек.

Ертең сіз осы оқу орнын аяқтағаннан кейін, мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің түлегімін деп ауыз толтырып айтатын боласыздар. Сол себепті де мен сіздерге әуелі Абай туралы айтып берсем деп отырмын», - деді Жаңбырбай Ахметұлы өз сөзін бастап тұрып.

Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті жастарға қазіргі таңда еліміздің болашағы үшін жаңа идеялар мен тың жобалар туралы нақтылап айтып өтті. Сонымен қатар, қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлең шумақтарын келтіре отырып, оның әрбір жыр шумағы жастарға ақыл-кеңес, жол көрсетер бағыт және болашаққа қадам бастауға ең қажетті сөздер екенін насихаттады.

Бұдан бөлек, Жаңбырбай Ахметұлы қыз баланың тәлім-тәрбиесі, ер азаматтарға деген сыйластық, патриотизм, ұлттық құндылықтар, тектілік сынды тақырыптарды қозғап,  жақсы әйел мен жаман әйел, жақсы еркек пен жаман еркектің ара-жігін ажыратты, жастардың рухы мен отансүйгіштік сезімін оятқан сүбелі сұхбат, рухани әңгіме өрбітті.

Ал қайта келмейтін сәттердегі қайталанбас рухани кездесу кешін Жаңбырбай Ахметұлы «Мен лаулап жанбасам, Сен лаулап жанбасаң, Біз лаулап жанбасақ, Бұлтты аспан қалай ашылмақ. Мен енді, ешқашанда, бодандыққа көнбеймін, Жұдырықтай жұмылып, Көк байрақтың астында, Бір кісідей сап түзеп, Күн сөнгенше сөнбеймін!», - деген рухты ұранмен қорытындылады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ