Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Теңге – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Биылғы жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 29 жыл толады. Тәуелсіз мемлекет экономикасының темірқазығы – ол төл валютасы. Ол Әнұран, Ту, Елтаңба секілді басты атрибуттармен қатар жүретін тәуелсіздігіміздің бірден-бір нышаны. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы.

Теңгенің тарихына көз жүгіртсек, ең алғаш қазақ даласында күміс монета XV-ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстанның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті.

1993 жылы алғашқы теңге партиясы Ұлыбританияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және оның ұлдары» фабрикасында басылды. Тиын монеталар да бастапқы кезде Германияда шығарылған. 1995 жылдан бастап теңге - Қазақстанның банкнот фабрикасында шығарыла бастады.

1997 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өз Жарлығында алғаш теңгенің айналымға түскен күнін, демек 15 қарашаны «Ұлттық валюта күні» деп жариялады.

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен, валютамыздың құны түскен жоқ. Уақыт талабына сай, оның дизай¬ны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетіл¬діріліп отырды. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады. Халықаралық ұйымдар теңгені бірнеше рет әлемдегі ең үздік валюта  деп таныды.  Республикада ақша айналысындағы монетамен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да қолданылады. Мерейтойлық және ескерткіш монеталар оларда белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие, бірақ олар негізінен мәдени — ағарту мақсатында шығарылады.

Тең¬геміз айналымға шыққан күн¬нен бастап, қаржы саласында тәуелсіз Қазақстан бүкіл әлемге теңгесімен танылды. Біртіндеп экономикамыз көтеріліп, шекарамыз заңдастырылып, ішкі-сыртқы саясат орнықты жүргізіле бастады. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан соның айғағы.

Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне беру. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді. Төл теңге – асыл қазынамыз, ел мақтанышы, оның шығу тарихыда ерекше, тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді символы ретінде бағалы, құнды, ұлттық теңгені насихаттау баршамыздың борышымыз.

Ф. Несипбаева,

«ҚР ҚМ ҚК Қарағанды облысы бойынша қазынашылық Департаментінің Саран қалалық қазынашылық басқармасы» РММ басшысының орынбасары