Қазақстанда байқау миссиясына ШЫҰ-ға мүше жеті мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, сайлау органдарынан, сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін органдар - Хатшылық пен АТҚҚ-дан 18 өкіл аккредиттелді. Олардың барлығы төрт топқа бөлініп, Астана мен Ақмола облысындағы 21 сайлау учаскесіне барды. Бұл туралы халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифинг барысында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ол еліміздегі басты саяси оқиғадан жақсы әсер алған.
«Дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз учаскелерде комиссия төрағаларымен, комиссия мүшелерімен, бақылаушылармен, сондай-ақ сайлаушылармен әңгімелестік. Олардың барлығы ашық және еркін сөйлесті, үлкен белсенділік танытты. Комиссияның тағы бір адамы жергілікті жерлерде қандай да бір тәртіпсіздіктер болады деп күткенін, бірақ бәрі тыныш және тұрақты өткенін айтты. Сондай-ақ барлық комиссия мүшелері мен қызметкерлер заң бойынша әрекет етті, өз міндеттерін адал атқарды. Кеше тыныштық күні болды, бірақ олардың барлығы сол жерде болды. Бәрі жақсы ұйымдастырылған. Мен бүгін көп сайлау учаскесінде болдым, олардың барлығы кәсібилігін көрсетті», - деді спикер.