ЖУЫРДА АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ «ЖІГЕР» СТУДЕНТТІК ПАРЛАМЕНТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ «КҮЗГІ БАЛЛ» КЕШІ БОЛЫП ӨТТІ.
Колледждің түрлі мамандықтар бойынша оқитын студенттерінен құралған командалар сән үлгісі, бейнебаян, өнер сайысы бойынша бақтарын сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жастардың шығармашылық, креативті әлеуетін ашуды көздейді.
«Бұндағы мақсат – осы колледжде білім алатын студент жастар арасында достық қарым-қатынасты арттыру, жастардың бойында мәдени және шығармашылық қабілетті қалыптастыру болып табылады», – деді «Жігер» студенттік парламентінің жетекшісі Әлішер Манаш.
Ал, әділқазылар алқасы күзгі балдың ерекше мерекелік көңіл-күйде өткенін атап өтті.
Байқау «Таныстыру. Бейне ролик. Love stories», «Өнер. Номер.Ұлттық құндылық», «Білімділер.Сұрақ–жауап. Ғасыр жасаған колледжім,мен сенімен мақтанамын», «Сәнүлгісі. Подиум.Алтын күз», «Үй тапсырмасы. Қойылым. Еркін тақырып» сынды бес кезеңнен тұрды.
Өздерінің біліктілігін, талғамдарының жоғары екендігін дәлелдей білген жастар сайысы көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Нәтижесінде бас жүлдені Ки-9-22 тобының студенттері Абай мене Назерке қанжығаласа, ҚтӘ-9-22 тобының студенттері Жандос пен Арай бірінші орынды, БҚтӘ-9-21 тобының студенттері Дамир мен Салтанат екінші орынды, ал БМ-9-22 студенттері Жомарт пен Айзере үшінші орынды иеленді.
Дода соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ