БҮГІНДЕ АЛДЫМЫЗДА ТҰРҒАН БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ – КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІ, ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПЕН ҚЫЛМЫСТЫҢ, ҚАНДАЙ ДА БІР КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР МЕН СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ, БОЛДЫРМАУ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ БОЛЫП ОТЫР.
Расында кейбір ата-аналар балалары бірдеңе бүлдірсе, «Кәмелетке жасы толған жоқ, не істей қояр» деп, арқасын кеңге салып жайбарақат жүреді. Шын мәнісінде олай емес.
Жалпы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығының қажетті шарты ретінде жасөспірімнің қоғамға қауіптілік, заңға қарсы әрекетін түсіне алу мүмкіндігі қарастырылады. Шынында баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет-дағдысы қалыптасады. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса, елдің болашағы зор болмақ. Себебі қауіпсіз қоғам, тыныш тіршілік бәріміз үшін маңызды.
Осы қағидаттарды қатаң ұстанған қалалық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшлері бұрнағы күні Мәдениет үйінде бас қосқан блатын. Алқалы жиын қала әкімінің орынбасары Ералы Оспановтың төрағалығымен өтті.
Шаһардағы жастардың мәселесін үнемі жіті назарда ұстап жүрген комиссияның кезекті отырысында балаларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыру және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіндегі тәрбие жұмысының жай-күйі туралы айтылды.
Бірінші мәселесе бойынша шаһардағы жалпы ахуалды Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев баяндаса, күн тәртібіндегі екінші өзекті мәселе жайында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Жанбол Жаяубаев баяндады.
Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында комиссия төрағасы Ералы Оспанов кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардын аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ