Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«JAIDARMAN» ӘЗІЛКЕШТЕРІ САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫН САРАПҚА САЛДЫ. АЙМАҚТЫҚ ЖАЙДАРМАН ФЕСТИВАЛІ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТТІ. САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ДОДАҒА ЖАРЫҚ КЕНТІ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫ, ҚАРАҒАНДЫ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛАРЫ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ЖАЙДАРМАНШЫЛАРДАН ҚҰРАЛҒАН 11 КОМАНДА ҚАТЫСЫП, БАҚТАРЫН СЫНАДЫ.

Атап айтқанда, Жарық кентінің «Жәке» жайдармен тобы, Ақтоғай ауданының «Ерке қыздар» жайдарман тобы, Теміртау қаласының «Теміртау техникалық колледжі» жайдарман тобы, Саран қаласының «QazTehna» жайдарман тобы, Теміртау қаласының «Ғарыш» жайдарман тобы, Қарағанды қаласының «Эталон» жайдарман тобы, Қарағанды қаласының «Кeremet» жайдарман тобы («Қарағанды технология және сервис колледжі» КММ), Қарағанды қаласының «Тәттімбет еркін құрама» жайдарман тобы, Саран қаласының «Өзіміз ғой» жайдарман тобы, Саран қаласының «Тек Ержан үшін» жайдарман тобы, Саран қаласының «Колорид» жайдарман тобы.

Қала әкімінің жүлдесі үшін өткізіліп отырған аймақтық фестиваль шымылдығын Саран қаласындағы мемлекеттік тілдегі «КВН» жетекшісі Алданыш Мұсабеков ашып, әрі қарай фестивальді жүргізіп отырды.

Иә, қазақ халқы келелі мәселенің түйткілін ежелден тура айтпай, астармен жеткізген. Расында да күлкінің құдіреті қашанда күшті. Бұлыңғыр бағзы заманнан дейміз бе, есті жоқ ескі заманнан дейміз бе, әйтеуір Алдар атамыз бен Қожанасыр көкеміз өмір сүрген кезеңнен келе жатқан қағытпа қалжың мен әжуа әзіл біздің жанымызға жат емес.

Аталмыш дәстүрді бүгінгі күні жайдарманшылар жалғастыруда. Дода барысында Қарағанды облысының әр жерінен жиналған талантты жастар өз өңірлеріндегі, жалпы қоғамдағы келеңсіздіктер мен атқарылып жатқан игі шараларды әзілдеріне арқау етті. Қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізуге тырысқан командалар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.

Ә дегеннен-ақ өнерпаздар қызықты әзілдерін ұсынып, көрерменнің қошеметіне ие болды. Жас әзілкештердің осы сәтті ойынын дайындықтың нәтижесі деп білдік.

«JAIDARMAN» ойының жарқын сахнасында өнер көрсеткен әр команда да бас жүлдеден үмітті болды. Қалай болғанда олар өздерін мықты қарсыласпыз дейді.

Көрермендерді өзіндік өнерімен Жарық кентінің «Жәке» жайдармен тобы баурай алды. Ал жергілікті жайдарман топтарының жанкүйерлері жақсы қолдау көрсетсе, сонау Ақтоғай ауданынан ат басын терлетіп келген «Ерке қыздар» жайдарман тобының ерке қыздары барша залды әзілдерімен қарық қалды.

Жастар арасында сұранысқа ие әзілкештер мен тапқырлар арасында өрбіген сайысқа Қарағанды облысының қазақша КВН жайдарман ойындарының директоры Әбутаев Ернат Сайранбекұлы, «Amanat» партиясының Саран қалалық филиалының кеңесшісі Аяғанова Айнұр Қайырқызы, Балалар мен Жасөспірімдер ұйымының төрағасы Нұртай Аукенов, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері Еркен Абай Қайратұлы қазылық жасады.

Көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «JAIDARMAN» ойынының қаламызда өтуі тегін емес. Себебі, жастардың жанарын жаулаған жайдарман Саран қаласында қарқынды дамып келе жатыр. Тіпті, Саран қаласы жайдарманшыларының арасында бүгінде көрермендердің сүйікті ойыншыларына айналып үлгергендері де бар. Мәселен, атап айтатын болсақ, олар - «QazTehna», «Тек Ержан үшін», «Өзіміз ғой» және «Колорид» жайдарман топтары.

Иә, «JAIDARMAN» десе өзгені қайдам, жастар жайнап сала береді. Әрине, әзіл-қалжың дегеніңіз жастардың ажарын ашатыны да шындық.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – шығармашыл жастарды қолдап, рухани дамыту және жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру һәм жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

«Жалпы жастардың бос уақытын, тиімді пайдалануға, шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін іс-шаралардың бірі – осы «JAIDARMAN». «JAIDARMAN» жастардың жан-жақты, ұлтжанды, интеллектуал азамат болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Мәселен, облыстан шығып, республикада Қарағанды облысының атағын абыроймен қорғап жүрген топтар бар», - дейді Саран қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді далабайқызы.

«JAIDARMAN»-ға жиналғандардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келген. Әрине, әзілқойлар мен тапқырлардың барлық әзіл-қалжыңы сәтті шықты деп айта алмаймыз. Кейбір командалар құлаққа жағымсыз анайы қалжыңдарға да жол бергенін айтуға тиіспіз. Десек те «көштің жүре түзелетіні» белгілі.

Қайткенмен де, КВН ойындары – бұл жастар үшін тапқырлықты шыңдап, әртістік қабілетті көрсетуге үлкен мүмкіндік. Ойынға қатысқан командалар күнделікті өмірдегі оқиғаларды әзілге қосып, көрерменге күлкі сыйлады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, лайықты деңгейде өнер көрсетті.

Сайыстың қорытындысы бойынша Жарық кентінің «Жәке» жайдарман тобы бас жүлдені қанжығаласа, Ақтоғай ауданының «Ерке қыздар» жайдарман тобы бірінші орынды жеңіп алып. Ал жүлделі екінші орынды Қарағанды қаласының «Эталон» жайдарман тобы, үшінші орынды Қарағанды қаласының «Тәттімбет еркін құрама» жайдарман тобы иеленді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ