Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«БОЛАТ ҚАЙНАУДА ШЫНЫҒАДЫ, ЕР МАЙДАНДА ШЫНЫҒАДЫ» ДЕЙДІ. МАЙДАННАН САҚТАСЫН! БҮГІНГІНІҢ ЖАСТАРЫ, ЖАСӨСПІРІМДЕРІ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАРДА ШЫНЫҒЫП ЖҮР.

25 қарашада Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде аталған білім ордасының 100 жылдығы аясында орта арнаулы оқу орындары арасындығы спартакияда өтті.

Жарысқа колледждің Қазақ бөлімі, Дене шынықтыру, Шет тілдері, Технологиялық бөлімдерінің студенттері қатысып, спорттың волейбол, үстел теннисі, дартс, күш гимнастикасы, секіргішпен секіру, арқан тартысу сынды 6 түрінен жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Спартакиаданың ашылу салтанатына Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры  Закамолкин Владимир Анатольевич, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Тохметова Ғалия Төлегенқызы, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаяубаев Жанбол Қарымсақұлы, колледждің қазақ бөлімінің меңгерушісі Күнеділова Ақмарал Даріғұлқызы, колледждің шетел бөлімінің меңгерушісі Рудневская Наталия Барисовна, колледждің технологиялық бөлімінің меңгерушісі Савельева Елена Михайловна, колледждің дене тәрбиесі бөлімінің меңгерушісі Рымбеков Қуаныш Саттарұлы, кәсіподақ комитетінің төрағасы Хайрулин Иран Мейірбекұлы және колледждің 2022 жылғы түлегі, волейболдан студенттер арасында облыстың үздік ойыншысы Ақшолақов Олжас Серікболұлы қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың потенциалын ашу үшін  жаңа зор мүмкіндіктер құруына байланысты.  XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», - деген болатын. Демек бүгінгі спартакиаданың ұлт байлығы - деннің саулығын ұлғайтуда алатын орны ерекше», – деп атап өтті іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген колледж директоры Владимир Закомолкин.

Білекті де жүректі жастар сыналар байқауға колледждің кіл мықтылары қатысты. Әрбір жас студент жеңіске ұмтылды, күштіліктерін, ептіліктерін көрсеткісі келді. Сайыс болған соң бірі сүрінеді, енді бірі бабына, бағына қарай оны сәтті аяқтап жатады. Оның бәрін қазылар сараптап, саралап отырды.

Колледж студенттері арасында өткен тартысты жарыс  спартакиада көркін қыздыра түсті. Волейбол, үстел теннисі, арқан тартысу, күш гимнастикасы, секіргішпен секіру сынды спорт түрлерінен  колледждің дене шынықтыру бөлімінің студенттері қарсылас шақ келтірмесе, дартс бойынша технологиялық бөлімнің ұл-қыздары қарсыластарынан оқ бойы оза шапты.

Мәселен, үстел теннисінде Дене шынықтыру бөлімінің студенттері теңдессіз атанса, волейболдан да осы бөлім түлектерінің айы оңынан туды. Күш гимнастикасында тағы да дене шынықтыру бөлімінің үкілеп қосқан үміттері күш атасын танымайтынын танытса, арқан тартысу, секіргішпен секіру сынды спорт түрлерінен де дене шынықтыру бөлімі студенттерінің шоқтығы биік болды.

Ал технологиялық бөлімнің студенттері дартс бойынша қарсылас шақ келтірмесе, арқан тартысу, секіргішпен секіру сынды спорт түрлерінен екінші орынды иеленді. Ал күштік гимнастика, үстел теннисі, волейбол сынды спорт түрлерінен технологиялық бөлімнің студенттері жүлделі үшінші орынды місе тұтты.

Қазақ бөлімінің студенттері болса, үстел теннисі, күш гимнастикасы, дартс бойынша екінші орынға жайғасса, секіргішпен секіруден үшінші орынды, ал волейбол, арқан тарысу сынды спорт түрлері бойынша төртінші орынды иеленді.

Ал шетел тілдері бөлімінің студенттері волейболдан екінші орынды, дартс пен арқан тартысудан үшінші орынды, үстел теннисі, күш гимнастикасы, секіргішпен секіру сынды спорт түрлерінен төртінші орынға жайғасты.

Айта кету керек, дене шынықтыру бөлімінің студенттері волейбол, үстел теннисі, дартс, күш гимнастикасы, секіргішпен секіру, арқан тартысу сынды нағыз спорттық сайыстарда қарсыластарын қоғаша жапырып, алдына жан салмады. Ал дартс бойынша технологиялық бөлім студентерінің асығы алшасынан түсіп, жасындай жарқырады. Осылайша дене шынықтыру бөлімінің жастары өздерінің шын мәніндегі спортшы екендіктерін айғақтаса, технология бөлімінің студенттері мергентіктен алыс емес екендіктерін дәлелдеді.

Тартысты өткен спартакиада қорытындысында жалпы командалық есепте Дене шынықтыру бөлімінің студенттері жеке дара көш бастаса, Технологиялық бөлім екінші, ал Қазақ бөлімі үшінші орыннан көрінді. Төртінші орынды Шет тілдері бөлімі иеленді. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Колледж студенттерін салауатты өмір салтын ұстауға үндеу – ұжым алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет тарапынан дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде бұл бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Өскелең ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты», – деп атап өтті колледж директорының тәрибе ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев.

Ісшараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты жастар арасында насихаттау, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, ой өрісін дамытумен қатар, бір бірімен достық қарым қатынасын нығайту.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ