Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗДІҢ НЕГІЗГІ РӘМІЗДЕРІНІҢ БІРІ. КЕЗ КЕЛГЕН ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДІҢ ӨЗІНІҢ РӘМІЗДЕРІ, ШЕКАРАСЫ БОЛАТЫНЫ СЕКІЛДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДЕ БОЛАДЫ. ДЕМЕК, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ДЕ — МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ НЕГІЗГІ АТРИБУТТАРЫНЫҢ БІРІ. БІЗДІҢ АТА ЗАҢЫМЫЗДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ — ҚАЗАҚ ТІЛІ» ДЕП ЖАЗЫЛҒАН. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ ТАЛАПТАРЫН ОРЫНДАУҒА ТИІС. ТІЛ ҰЛТ ПЕН ҰЛТТЫ ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН ЕҢ ҮЛКЕН ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ. АДАМ ТІЛ АРҚЫЛЫ БІР-БІРІМЕН БАЙЛАНЫСА АЛАДЫ.

Жуырда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы және қалалық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен шаһардағы бастауыш сыныпта оқитын өзге ұлт оқушылары арасында «Мемлекеттік тіл - мерейім» атты қалалық конкурсы өтті.

Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапованың айтуынша, аталмыш конкурс ұлты қазақ емес бастауыш сынып оқушылары арасында биыл алғаш рет өткізіліп отырған жайы бар.

«Осыған дейін бұндай конкурсты біз мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында өткізіп келген болатынбыз. Енді міне, сол конкурстың форматын өзгертіп, бастауыш сынып оқушылары арасында өткізіп отырмыз. Атап айтқанымдай, бұл конкурс биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат – бастауыш сыныпта оқитын ұлты қазақ емес бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау болды. Негізі алдын-ала жоспарлауымыз бойынша, қаладағы әр мектептен бір оқушыдан ғана қатысады деп ойлаған болатынбыз. Алайда соңғы кездері мемлекеттік тілге деген қызығушылық артқандықтан болар, осы конкурсқа қатысуға ниет білдірген оқушылардың саны өте көп болды. Әр мектептен кемінде екі-үш баладан қатысып отыр. Бұл әрине, өте қуантарлық жағдай», – дейді қалалық тіл орталығының басшысы Береке Жарылғапқызы.

Иә, осыған дейін бұл конкурс «Мемлекеттік тілмен - болашаққа» деген атаумен балабақша тәрбиеленушілері арасында ғана өткізіліп келген болатын. Аталмыш конкурс та қазақ тілінің мерейін биікке көтерген игі бастамалардың бірі һәм бірегейі-тін. Осы конкурс арқылы шаһардағы өскелең ұрпақтың патриоттық саналарын қалыптастырып үлгердік десек, артық айтпаған боламыз.

Ендігі бұл функцияны өзге ұлт өкілдерінен болған бастауыш сынып оқушыларына арналған «Мемлекеттік тіл - мерейім» конкурсы атқаратын болады. Конкурстың негізгі мақсаттарының бірі -  мемлекеттік тіл мерейінің өсе түсуіне үлес қосумен қатар, жастардың шығармашылық қабілетін ашуға, әлеуметтік белсенділігін арттыруға және жарқын болашаққа деген нық сенімдерін қалыптастырып, тұлғалық болмысын көрсетуге бағытталған һәм Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілуде.

Бастауыш сыныпта оқитын 26 өзге ұлт оқушылары қатысқан конкурс негізінен Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау тақырыбы асяында өтті.

Конкурс 4 кезеңнен тұрды. «Таныстыру» кезеңінде  әр қатысушы 3 минут уақыт беріліп, осы уақыт аралығында олар өздерін қазақ тілінде таныстырады. «Өнерлі өрен» атты екінші кезеңде қатысушылар тағы да регламент бойынша бекітілген 3 минут ішінде өз өнерлерін ортаға салды. «Менің Отаным» атты үшінші кезеңде әр қатысушы қатысушылар экранда көрсетілген ұяшықтар бойынша тақырып таңдап, таңдаған тақырыптары бойынша өз ойларын жеткізді. Берілген тақырыптар - Қазақстан, туған жер, Ахмет Байтұрсынов туралы болды. Ал соңғы «Жалғасын тап!» кезеңінде әр қатысушы Wordwall платформасы арқылы берілген сілтеме бойынша өтіп, мақалдардың жалғасын тауып, ретсіз орналасқан мақал-мәтелдерді сәйкестендірді. Бұл кезеңнің жеңімпазын платформа өзі анықтады.

Әрбір кезең 5 балдық жүйемен бағаланады. Ал бағалау кезінде қатысушылардың Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын насихаттаулары басты назарға алынды.

Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Ирада Масимова қанжығаласа, бірінші орынды – Маргарита Берг пен Данил Лбов, екінші орынды Андрей Бамиллер, Крил Токенов, Иделия Гибаевалар, ал үшінші орынды – Кристина Булдакова, Шамиль Галимов, Александра Беспалова, София Романенколар өзара бөлісті. Сәйкесінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар таыбсталды.

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді  үйренуге деген қызығушылық та артып келеді. Бұл өз кезегінде оларға тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, олардың күнделікті өмірі мен қызметіне көп көмегін тигізері сөзсіз. Өзің өмір сүріп жатқан елге деген құрмет - сол елдің мемлекеттік тілін үйренуден басталатыны айқын.

Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз.

Ендеше алдағы уақытта да ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса, игі. Қазіргі жаһандану заманында әлемді ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып отыр. Сондықтан өз ана тілімізді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейту кейінгі ұрпаққа міндет!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ