Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», - делінген. Сондықтан да әр мемлекеттік қызметші, мемлекеттік тілде іс жүргізуге міндетті.

Қазақ тілінің мемлекеттік тілі ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр саласында қызмет етуі және соған орай іс-қағаздарының қазақша жүргізілуі. Осыған байланысты қаламыздың мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, архив қызметкерлерімен бірігіп, жыл сайын дәстүрлі түрде «Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы және мемлекеттік тілде іс жүргізу» атты семинарын өткізеді. Шараға мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдардың тіл мамандары, қазақ тілі оқытушылары, аудармашылары мен іс жүргізушілері қатысады. Семинар барысында мекемелерге іс номенклатурасын қалыптастыруда, бұйрықтарды ресімдеуде, аударма бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі. Осындай семинарлар мекемелердегі құжаттарды қалпына келтіруде, мекемеаралық қарым–қатынаста, хат – хабар алмасуда, құжаттау мен құжаттаманы басқаруда, құжаттардың құндылығын сараптауда үнемі мемлекеттік тілді дұрыс қолдануға көп көмегін тигізеді.

Әр мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік тілде іс жүргізуге, мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. 2014 жылдан бастап Саран қаласының тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Үш айда қарапайым деңгейді меңгерген қызметші әрі қарай жалғастырушы топта тіл үйрене алады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында 2021 жылы 1 қарашада «Мәміле» тілдесу клубы ашылды. Клуб отырыстары әр сәрсенбі сайын мультимедиялық кабинетте өткізіледі.

Мемлекеттік тілді үйрену үшін, сауатты аударма жасап, іс жүргізу үшін арналған сайттар да жетерлік. Атап айтсақ, «TIL QURAL» - онлайн платформа арқылы мемлекеттік тілді А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде үйренуге болады. Мобильді қосымшасы да бар. «Termincom.kz» сайтында Республикалық терминологиялық комиссия тарапынан мақұлданған терминдер берілген. «Emle» - қазақ тілінде сауатты жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылған.

Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатыны анық.

Қаламызда мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік тілді үйрену үшін алдымен потриоттық сезім, одан кейін ниет керек!

М. Әрнешов,

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы