Біздің елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Әр халықтың өз ана тілі бар. Адам дүниеге келгеннен бастап, өмір бойы тілмен бірге тіршілік етеді. Ана тілі адам баласының бойына ана сүтімен сіңеді.
Халықаралық байланыста әлемдік деңгейде қолданылатын алты тіл бар. Олар: ағылшын, француз, орыс, испан, қытай, араб тілдері. Жарқын болашаққа ұмтылған Қазақстан үшін бүгінгі жағдайда біздің көп тіл білуіміз қажет. Бірнеше тіл білгеннен ешкім ұтылмайды. Бірақ өзге тілді білсек те, өз ана тілімізді ұмытпауымыз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей, өз тілімізді құрметтеп өсейік.
Үш тұғырлы тіл жайында әңгіме шыққаннан бері жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Біреулері жаңалықты жақтайды, енді бір парасы оның ұтымдылығына күмән келтіреді. Қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтіндердің арасына көзге көрінбейтін сызат түсіп қалатын кездері де болады. Ал енді, анығына келсек, үштілді білім беруді іске асыру халықтың барлық топтарын біріктіреді, қазақ тілінде сөйлейтін және орыс тілінде сөйлейтін қауымның ортақ ақпараттық өрісте топтасуына, бірін-бірі неғұрлым жақсырақ түсінуіне, жүрекпен ұғысуына мүмкіндік береді. Үштілді жүйе барлық қазақстандықтар үшін бірдей жағдай жасайды, барлық адамдарды ақпаратқа жету жолында тең мүмкіндікпен теңестіреді. Әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанның ғылым мен индустрияны дамыту орайында басқа елдерден қалып қоймауы өте маңызды.
Ал жастардың ағылшын тілін білуі ІТ-технология, машина жасау, биомедицина, кибернетика және адамзат ақыл-ойының басқа да аса маңызды салаларындағы жаңа мағлұмат-деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Олай болса, соңғы инновациялар мен әзірленімдерден қалып қоймас үшін біз ағылшын тілін еркін білуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, біздің инженерлік сала мен технологиямыз үшін ауадай қажет. Эстония мен Польша ағылшын тілін жоғары дәрежеде білетін елдер қатарына 20 жылда кіріп үлгерді. Әлбетте, біз олардан мысқалдай да кем емеспіз. Біздің халқымыз басқа тілдерді жылдам үйренуге аса бейімді, сондықтан үштілділікті дұрыс енгізген жағдайда ана тілін сақтау орайында проблемалар туындамаса керек.
Үштілділік қазақ тілінің даму көкжиектерін кеңейтеді. Осынау білім беру жүйесінің арқасында мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақстандықтардың саны арта түспек. Баласын оқыту үшін әрбір қазақстандық отбасы репетиторлардың, тілдік курстардың, тіл дамыту мектептерінің қызметін пайдалануға шамасы келе бермейтіні де құпия емес.
Ата-аналар өз балаларының қабілетіне, болашағына сенсе, олардың өмірде табысты болуын қаласа, үштілділік тұғырына түсіністікпен қарауы керек. Сіздің балаңыз Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, барлық әлемде бәсекеге қабілетті боларын білсеңіз, жақсы жұмысқа орналасып, бақытты өмір кешетініне кәміл сенсеңіз, одан артық не керек. Олай болса, көптілділік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің де, ұрпақ келешегінің де кілті екендігі әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде болсын демекпін.
Г. Байтурсынова,
«Саран техникалық колледжі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі